Қазақстан • 21 Қараша, 2017

Алматыда VIII Халықаралық пианистер байқауы өтті

327 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында әлі де дүмпуі басылмаған ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне VIII Халықаралық пианистер байқауы өтті.

Алматыда VIII Халықаралық пианистер байқауы өтті

Сегізінші рет ұйымдастырылған му­­зы­ка майталмандарының жарысында бірінші орынды Сергей Ким (Қазақстан) мен Рустам Мурадов (Ресей) бөлісті. Екінші орын Жібек Қожахметова (Қазақстан) мен Рубен Козинге (Ресей) бұйырды. Қазылар алқасы үшінші дәрежелі жүлдені тапсырмауға шешім қа­былдады. Төртінші жүлде иегері Ас­қар Құлшарипов (Қазақстан) бол­ды.­ Бесінші дәрежелі лауреаттық дипломды – Ернұр Еламан иеленді. Айдос Байбосын (Қазақстан), Максим Максимов (Қазақстан) және Темірлан Бейсенбай (Қазақстан) байқаудың ынталандыру сыйлықтарына лайық деп табылды. Сондай-ақ ақшалай сыйлықтар байқаудың екінші кезеңіне қатысу үшін Анна  Антипина (Қазақстан) мен Анна  Стекольщиковаға  (Ресей) табысталды.

Бірінші орынды жеңіп алған Рустам Мурадов: «Алматыдағы пианистер байқауы – бұл өзіңді танытудың керемет мүмкіндігі. Мұндай байқаулар музыкантты шабыттандырады. Байқауда бәсекелестік рухты, жүлде үшін жан­талас­ты сезінбедім. Ең алдымен, ауди­тория үшін ойнадым. Музыкант үшін тыңдарманымен дәл осылай тілдесу ғажап әсер сыйлайды», деді.

Алматыда өткен VIII халықаралық пиа­нистер байқауы тек тыңдаушылар үшін ғана емес, қазылар алқасы үшін үлкен мереке болды. Қазылар алқасының айтуынша, байқауға музыкант ретінде болып-толысқан орындаушылар қатысты. Олар репертуарды ұйымдастырушылар ұсынған ауқымды бағдарлама аясында өз таңдауларына салды. Нәтижесінде, халықаралық музыкалық байқау байқау-фестивальге айналды.

Ал қазылар алқасының құрамында халық әртісі, Құрманғазы атындағы ҚҰК ректоры, профессор Жәния Әубәкірова (Қазақстан), П.И.Чайковский атындағы ММК мен Бостон университетінің про­фессоры Пол Нерсесьян (Ресей), ха­лық­аралық байқаулардың лауреаты Момо Кодама (Жапония), халықаралық бай­қаулардың лауреаты Александр Кор­сантия (Грузия-АҚШ), Кемьюнг уни­верситетінің профессоры Нан Хи Ким (Корея), Ұлы Витаутас атындағы уни­верситеті Музыка академиясының доценті Юстас Дварионас (Литва) сынды танымал да талантты музыканттар болды. Олар байқаудың барлық кезеңінде өз ­таңданыстарын жасырмай, сезімдеріне де­ ерік берді. Кейде уайымдарын ашық түр­де білдіріп, тыңдармандармен бірге қатысушыларды қолдаумен болды. Қа­зылар алқасы мен көпшіліктің бұл бірлігін қатысушылар сезініп отырды. Және тыңдарманға музыка салтанатын сыйлауға оң септігін тигізді.

Байқауға Қазақстан, Ресей және Поль­шадан барлығы 19 жас орындаушы қа­тысты. Байқау үш кезеңнен тұрды. Үшінші кезеңде – қатысушылардың өнері Дориан Уилсонның басшылығымен (АҚШ) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен сүйемелденді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ