Аймақтар • 21 Қараша, 2017

Оңтүстікте «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» фестивалі өтті

805 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оңтүстікте «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» халықаралық фестивалі аясында екі күндік «Ontustik Tourism. Invest 2017» турис­тік, инвестициялық форумы өтті.

Оңтүстікте «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» фестивалі өтті

Форумға ҚХР Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары ДУ Цзян, Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төр­айымы М.Мурзамадиева, Оңтүс­тік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түй­мебаев, «Kazakh tourism» ұлт­тық компаниясы­ның төрағасы Р.Күзем­баев, «Атамекен» ҰКП өкілдері, халық­­ара­лық және қазақ­стандық туро­пера­торлар, инвес­тициялық компаниялар, туристік қауымдас­тықтар мен шетелдік және қазақ­стандық БАҚ өкілдері қатысты. Ашылу салтанатында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстік туризміне қатысты жайттарды баяндап берді.

– Оңтүстік Қазақстан облысы – Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқан, – деді облыс әкімі. – Соның нәтижесінде шекара­лық сауда-саттық пен экспорт­тық өндіріс өркендеп, облысымыз­дың туристік тартымдылығы артып, тамашалауға келуші туристер саны жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда туристік нысандар саны облыста 31 пайызға өсіп, 195-ке жетті. Оларда көрсе­тіл­ген қызметтер көлемі 43 па­йыз­ға көбейіп, 1,7 млрд теңгеге ұл­ғай­ды. Осының нәтижесінде биыл Оңтүстік Қазақстан облысына 128 мың турист келсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға артқанын көрсетеді.

Облыс басшысы Қытай Халық Республикасымен туризм саласында байланысты нығайтуға мүм­кіндіктері мол екендігін жет­кізді.

– Екі ел арасында туризмді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Біздің өңірде туризмнің барлық саласы дамыған. Қыс мезгілінде тауға барып шаңғы тебуге болады. Келген меймандарды қарсы алатын 50-ден астам қонақ үй қызмет көрсетеді. Сонымен қатар тарихи туризм де оң жолға қойылған. 6 ғасыр бұрын соғылған тарихи нысандары­мыз бар.

Сонымен қатар облыс әкімі Оңтүстікке келуші туристер­ге қолайлы жағдай жасау мақса­тында 1, 2 және 3 күндік туристік мар­шруттар әзірленіп, аталған маршрутқа 84 тарихи-мәдени нысан мен табиғи орындар енгізіл­генін айтты. Мәселен, «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» ата­лы­­мы бойынша 8 ескерткіш, яғни Сауран, Түркістан, Сидақ, Қарас­пан, Жуантөбе, Күлтөбе, Оты­рар, Бөржар ескерткіштері Оңтүс­тік өңірінде орналасқанын жеткізді.

Форум барсында Бейжің халық­аралық туристік қызмет көр­с­ету орталығының бас ме­неджері Ян Ян:

– Біз бұл жерде қытай турис­теріне мәліметтер жинақ­тауға келдік. Бізді бірінші кезекте Жібек жолы бойында орналасқан нысандар қызықтырады. Сонымен қатар Қазақ елінің ежелден келе жатқан тарихы, мәдениеті өте бай. Мені сіздердің елдеріңіздің қонақжайлылығы таңдандырып отыр. Екі ел арасындағы бейбіт қарым-қатынас туризмді дамы­туға зор мүмкіндік береді, – деді.

Қазір әлемде туризмнен кү­реп пайда тауып отырған мемлекеттер көп. Дүние жүзінің ға­жайыптарын көрсем, білсем, саяхат жасасам дейтін адамдар көп. Туристерді қай мемлекет болса да құшақ жайып қарсы алады. Өйткені ол мемлекеттің экономикасын көтеретін, адамдардың әл-ауқатын жақсартатын қып-қызыл ақша. Қазақстанның көп мемлекеттерден өзгешелігі жыл­дың төрт мезгілі де бар. Өмірінде қолына қар уыс­тап көрмегендерге басында сіре қары бір жібімейтін асқақ Алатау, арынды тау өзендері бұрқыраған, табиғаты жұмақтың өзіндей ер түріктің бесігі – Алтай бар.

Форумда сөйлеген сөзінде облыс әкімі Ж.Түймебаев:

– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының туристік саласын 2023 жылға де­йін дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Оңтүстік Қазақстан облысы «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту кластеріне» енгізі­ліп, кластер «Ұлы Жібек жолы­ның жүрегі» ретінде сипатталып отыр. 1200-ден астам тарихи-архео­логиялық, мәдени-архи­тек­туралық ескерткіштері, Ұлы Жібек жолы аумағындағы ең танымал және тарихи құндылығы жоғары, ЮНЕСКО-ның дүние­жүзілік мәдени мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы аталған мәртебені алуы – біз үшін үлкен абырой және жауапкершілік, – деді.

Яғни әлемдік туризмге сұра­нып тұрған тарихи-мәдени ескерт­кіштер көп. Оның үстіне Оңтүстік Қазақстан облысы «Ұлы Жібек жолының» бойында тұр. Бұл дегеніңіз Қазақстанның туризм­нен пайда көрерлік мүмкін­дік­терінің молдығын аңғартады.

Форум аясында Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы туризм саласы өкілдері мен Қытай, Өз­бек­стан және Қазақстанның басқа қалалары арасында 4 мемо­ран­думға қол қойылды.

Онда екіжақты әріптестікті нығайту мақсатында «Ontustik Tourism Center» туристік ақпарат­тық орталығы қытайдың «Salem China» компаниясымен және «Sky Way» туристік компаниясымен меморандум түзілді. Бұдан өзге, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіп­керлік, индустриялық-инно­вациялық даму және туризм бас­қармасы мен Хатай провинция­сы арасында меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ «Ontustik Tourism Center» туристік ақпарат­тық орталығы мен Өзбекстанның туристік өнімін насихаттау орта­лығы арасында екіжақты меморандум түзілді.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы