Айтулы іс-шараға Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Мұңалбаева, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім, «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, Жапониядағы шығармашылық зиялы қауым, Токиодағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Токиолық оқырмандар бұдан былай қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, өнерімен өз кітапханаларындағы орталық арқылы жақын таныса алады. Орталықта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саяси аренадағы орны мен рөліне арналған кітаптар, Президенттің авторлығымен жарық көрген еңбектері, тарих, ғылыми-көпшілік және көркем әдебиет кітаптары қойылмақ. Еліміз тарапынан Токио орталық кітапханасына барлығы 200-ге жуық кітап тапсырылды.
Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің ықпалдасуымен ашылды.
Токио орталық кітапханасы 1973 жылы Токио астаналық кітапханасы ретінде құрылған. Оның қорында 1,98 миллионға жуық кітап, 6000 журнал мен газет, әртүрлі аудиовизуалды және сирек құжаттар (Ukiyo-e мен Эдо мұнарасының архитектуралық эскиздері) бар. Сонымен қатар Орталық кітапхана Токиодағы қоғамдық кітапханалардың арасында шетел әдебиетінің айрықша коллекцияларын сақтаған. Бұл коллекция Орталық кітапханада бар жалпы қордың оннан бір бөлігін құрайды.
«Егемен-ақпарат»