Әлем • 21 Қараша, 2017

Қазақстандық тауарлар Ресей супермаркеттерінде сатылымға түсті

448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент тапсырмасын — «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 қадамның» 56,2 қадамын орындау аясында «Kazakh Invest» ҰК отандық өндірушілердің тауарларын ресейлік ірі өңірлік сауда желілерінде өткізу бойынша жобаны қолға алды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Қазақстандық тауарлар Ресей супермаркеттерінде сатылымға түсті

Ресей дүкендерінің сөрелеріне он қазақстандық өнім өндірушінің тауарлары орналастырылды. Kazakh Invest алғаш рет бұл жобаны 2016 жылы іске қосты. Ол кезде қазақстандық жетекші компаниялар Ресейдің «Мария–Ра» және «Кировский» өңірлік сауда желілеріне 42 тауар түрін ұсынған болатын. «Ресейдегі қазақстандық тауарлар апталығы» науқаны бір уақытта Новосібір, Екатеринбург, Барнаул, Кемер, Томск және Новокузнецкте өтіп, отандық өндірушілердің тауарларын 900-дей сауда орнында таныстыруға жол ашты.

Былтыр Қытай, Иран және Ресей сынды мақсатты ірі нарықтарға бағытталған 3 шатырлы бренд құрылды. Олар: «Qazaq Organic Food», «KazMeat», «Halal Kazakhstan».

Биыл отандық тауарларды Ресей нарығында сату мүмкіндігіне ие болу үшін Kazakh Invest Томскте «ЛАМА» компаниялар тобының сауда желілерін: INTERSPAR, SPAR, «ФудCity», «Абрикос», сондай-ақ, Архангельскте, Северодвинскте және Новодвинскте: «Петровский» және «Петромост» секілді сауда желілерін іске қосты. Осылайша, белгілі қазақстандық брендтер Ресейдің мыңнан астам дүкендеріне ұсынылды.

«Ірі көлемді «Ресейдегі Қазақстан тауарларының апталығы» науқаны екінші жыл қатарынан мемлекеттің қолдауымен өтіп отыр. Біз көбінесе аймақтық және федералдық телеарналарда жарнамалар ұйымдастырып, қалаларда, сауда орталықтарының ішінде билбордтар, промо-паллеттер, плакаттар іліп, аудиороликтер қосамыз, қазақстандық өнімдердің дәмін татуға арналған көптеген акциялар ұйымдастырамыз. Ең бастысы, осы жобаның арқасында ресейлік тұтынушылар қазақстандық тауарлардың сапасын бағалап үлгерді. Акция өткізілгеннен кейін сауда желілерімен жеткізу келісімшарттарының мерзімі ұзартылып, қазақстандық тауар Ресей нарығын сәтті жаулауда», — деді «Kazakh Invest» ҰК басқарушы директоры Жәлел Болатов.

Жоба аясында Ресейдің сауда желілеріне 70-ке жуық тауар түрі ұсынылды. Олардың қатарында, шырындар, шырынды сусындар, лимонадтар, ұн, макарон өнімдері, шай, кәмпиттер мен шоколадтар, майонездер, кетчуптар, сондай-ақ әйел тазалығына арналған заттар бар.

«Қазақстандық тауарларды РФ-тің сауда желілеріне қосу бағдарламасы ресейлік серіктестермен байланыс орнатуға мүмкіндік берді, біз ресейлік сауда желілеріне өз өнімдерімізді жеткізу бойынша келісімшартқа алғаш рет қол қойдық. Бұл көрші елдің нарығына шығып, қазақстандық тауардың экспортталуын ұлғайтудың бірегей мүмкіндігі. Әзірге біз шағын топтамамен жеткізіп жатырмыз, дегенмен, экспорт көлемін қазіргісінен үш есеге ұлғайтамыз деген жоспар бар. Бұндай жобалар өте тиімді әрі бизнесте сұранысқа ие», — деп пікірімен бөлісті «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС бас директоры Қанат Тапаев.

Өз кезегінде Жәлел Болатов жобаны іске асыру қазақстандық тауарлардың шетелде танымалдығын арттырып қана қоймай, аймақтық брендтердің де дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

«Пилоттық жобаны іске асыру отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді, олар Ресейде өз тұтынушыларын тауып та үлгерді. «Ресейдегі Қазақстан тауарларының апталығы» науқанын өткізу «Қазақстанда жасалған» брендімен мақсатты нарықтарда жекелеген брендтердің танымалдығын одан сайын арттырып, отандық өнім өндірушілердің бәсекелес тауарлары мен қызметтерінің көлемін ұлғайтатынына сенімдімін», — деп сөзін түйіндеді Kazakh Invest басқарушы директоры.