«Бір қызығы, дәл сол кезде мені аңшы мылтығы мен адам баласының басына түскен жалғыздықтың арасындағы тылсым байланыс қызықтырып жүрген-ді», деген жапон жазушысының пікірі біртүрлі қызық әрі түсініксіздеу көрінді оған.Тап осы сәтте ұзыннан ұзаққа созылып жатқан Ғарышкерлер аллеясында бір-біріне қарама-қарсы ұшыраса қалған екі жасөспірімнің:
«Мә-ә, бүгін сені көрем деп ойлаған жоқ ем!..»
«Не-е, мені «ұшып кетті ғой» дедің бе?!», деп айғайлаған даусынан селк ете түсті.
Сарт-сұрт қол алысып, үш рет төс түйістіріп, ыржалақтап күлген балалардың қаперіне «Әкеміздей кісі кітап оқып отыр екен-ау, қарсы алдына тұрып алып сампылдағанымыз жөн болмады ғой» деген ой кіріп те шықпады. Кім білсін, бәлкім «Қайда барсақ та алдымызды орайтын «аға ұрпақ» емес пе?!» деген пиғыл да болған шығар.
Кенет қайдан шыға келгені белгісіз кіп-кішкентай қанден ит әлгі екеуіне қарап шабаланып үріп қоя берді. Әрі-беріден соң тіпті екеуінің даусын бір-біріне естіртпей жіберді.
«Ой, басқа бір жаққа кетейікші», деді олардың біреуі.
Сөйтті де ілгері қарай жүгіре жөнелді. Артынша қанден ит те ашуын басып, әудем жерде тұрған иесіне қарай құнжыңдап бара жатты.
Ол енді әлденеге таңғалғандай езу тартып, басын шайқады. «Аңшы мылтығы мен адам баласының басындағы жалғыздықтың арасында расында да бір тылсым байланыс бар шығар деген ой келді. Себебі әлгі қанден ит те менің жалғыздығымды қорғап, анау есерсоқ екі баладан арашалап қалды емес пе».
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»