«Балет. Бекзада өнер бесігі» деректі фильмі Астана қаласында 2016 жылы Елбасының қолдауымен ашылған Қазақ ұлттық хореография академиясының тыныс-тіршілігін суреттейді.
«Qazaqstan» телеарнасының директоры Асқар Әшімовтің айтуынша, Ұлттық арна деректі фильмдердің түсіріліміне, оның ішінде деректі журналистикаға да ерекше мән береді.
«Биыл бірнеше деректі фильм түсірдік. Еліміздің тарихи тұлғалары жайлы түсірілген «Ұлы дала ұлағаты», Қазақстанның табиғи ескерткіштерімен таныстыратын «Киелі Қазақстан» және тағы да бірнеше деректі фильм жарық көрді. Бүгін сіздерге ұсынып отырған «Балет. Бекзада өнер бесігі» Елбасымыздың идеясымен жүзеге асқан мәдени нысандар туралы деректі фильмдер топтамасының алғашқы туындысы. Осындай бірегей туындылар жасауды әрі қарай жалғастырамыз. Мәселен, келесі фильмдерде Назарбаев Университет, Назарбаев зияткерлік мектептері, «Астана» президенттік кәсіби спорт кешені сияқты т.б. нысандарды негізге алатын боламыз», деді ол.
Деректі фильмнің түсірілім жұмыстары Хореография академиясында, Тараз қаласындағы Кәмила Орманованың шаңырағында және кішкентай Әлидің туып-өскен жері Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауылында өткен.
Жобаның авторы және продюсері Динара Сәтжанның айтуынша, фильмнің басты идеясы балет әртісі мамандығының қыр-сырын көрсетумен қатар, балалардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін, сондай-ақ бұл мамандықтың үлкен еңбекқорлықты талап ететінін жеткізу болып табылады.
«Жалпы айтқанда, Хореография академиясында тәрбиеленіп жүрген кішкентай кейіпкерлердің көзімен шынайы жағдайды көрсеткіміз келеді. Ең бастысы Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын кез келген талантты бала әлеуметтік жағдайына қарамастан осы оқу орнына еш кедергісіз түсе алатынын көрсетуге ұмтылдық. Деректі фильм 21-23 қараша аралығында «Kinopark» кинотеатрлар желісіне қарасты Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы кинозалдарда көрсетілетін болады. Барлық келушілерге кіру тегін. Және «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан 2 желтоқсан күні беріледі. Одан бөлек, біз бұл жобаны басқа тілдерге де аударып, халықаралық деректі фильмдердің фестиваліне қатыстырғымыз келеді», деді Д.Сәтжан.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»