Аймақтар • 22 Қараша, 2017

Білім беру ісінің ардагері Ниетжан Беріковтің ғибраты

1231 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді», деген екен бұрынғылар. Дегенмен қазір тоқсанында толғаған, шалқытып сөз қозғаған ұлағат иелері де аз кездеспейді. 

Білім беру ісінің ардагері Ниетжан Беріковтің ғибраты

«Тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді», деген екен бұрынғылар. Дегенмен қазір тоқсанында толғаған, шалқытып сөз қозғаған ұлағат иелері де аз кездеспейді. Солардың бірі, тіпті бірі емес-ау, бірегейі, әлі күнге дейін бойын тік ұстап, сергек қалпынан айнымай келе жатқан сүйегі асыл аға, білім беру ісінің ардагері Ниетжан Беріков дей аламыз. Өмірден көргені мен көңілге түйгені көп аға буын педагогика өкілінің орнықты ойлары мен ұтымды ұсыныстары бүгінгі қоғам тынысын дөп басуымен де ерекшелене алады. 

Әлдебіреулердің алдында еңсесін түсіріп, жақсы жолынан жаңылып көрмеген жан бүкіл саналы ғұмырын адамзат баласының ең ұлы міндеті – білім нәрін себуге арнап келеді. Өзі хат танығаннан бастап халықтық жыр-дастандарды жаттап өседі. Ұлы Абай өлеңдері мен қара сөздерін қасиет тұтады. Тілді тәрбие басы деп ұғынады. Балаң кезінен осындай ұстаныммен өскен ол бүкіл өмірін білім беру ісіне арнады. Ғылым әлеміне терең бойлап, тәрбие жолын таң­дады. Он бес жасында Байға­нин ауданының «Ақжар» ұжым­шарында есепші болып еңбек жолын бастады. Соғыс жүріп жатқан сол тұста Ақши бас­тауыш мектебінде мұғалім болып балаларды оқыт­ты. Содан кейін Жарқамыс орта мектебінде директор болды. Шәкірттерге қазақ әдебиеті, пси­хо­логия, логика пәндерінен дәріс берді. Өзі оқыта жүріп, өз білімін де жетілдіреді.

Кейін «Қазақстан Жазушы­лар одағының Жарқамыс филиалы» деген атау алған осы өңірден қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының қанаттанып ұшуы да осы ұстаздың бір еңбегі. Ол жергілікті биліктің жұ­мы­­сына да ерте араласады. Жас­тайынан ауылдық кеңес­тің хат­шысы, аудандық партия коми­тетінің нұсқаушысы, жауапты хатшысы болып қызмет атқарады. Ал 1946-1948 жылдары Нұрпейіс Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институтын айрықша дипломмен бітіреді. Осы оқу орнын бітіргеннен кейін жаңа сипаттағы еңбек жолы бас­талады.

Ниетжан Берікұлының өмі­рінде Ақтөбе педагогикалық учил­ищесіне басшылық жасаған жылдары ерекше із қалдырды. Бай тәжірибе жинақтаған, білім беру саласының мәселелерін жетік білетін ол алғашқы күннен білікті кадрлар даярлау ісіне айрықша мән береді. Ең алдымен мектепке дейінгі тәрбие, музыка, еңбек тәрбиесі бөлімдерін мемлекеттік тілде жаңадан ашады. Тоғыз жыл ішінде 3774 маман даярланып шығады. Педа­го­гикалық училищенің 1987 жылы республикада бірінші орынды иеленуі сол тынымсыз, жүйелі түрде жүргізілген жұмыс нәтижесі болса керек. Ниетжан Бері­кұлы педагогикалық учили­щені басқарған тұста осы оқу орны қабырғасынан түлеп ұшқан жас мамандар ең алдымен шалғай ауылдарға жолдама алатын. Олар елге жай ұстаз болып қана бармай, жаңалықтың жаршысы, зиялылықтың үлгісі болып баратын-ды. Өйт­кені маман­дарға училище қабыр­ға­сында осындай тәрбие берілді.

Кейін сол ауылдарда алғаш­қы еңбек жолын бастаған ұстаз­дар жоғары қызметтерге көтеріл­ді, халыққа танымал азаматтар­ға айналды. Солардың барлығы да өздерінің ұшқан ұяларын ұмытпай, мақтанышпен айтып жүреді. Соның бәрін есту Ниет­жан ағаға ерекше қуаныш сезімін сыйлайтын. Ниетжан аға 1989 жылдан бастап Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындарында қызмет ету жолын қалады. Медицина институтында қазақ, орыс, латын тілдері және терминология кафедра­сы­ның меңгерушісі болды. Бар­лық мамандық бойынша қазақ бөлімдерін ашуға қатысты. Оқу орнының ғалымдары жазған оқу құралдарының қазақ тіліндегі басылымдарының редакторы болды. Мемлекеттік тілде әдістемелік-оқыту жүйесін қалып­тастыруға күш жұмсады. Орыс аудиториясында оқитын қазақ жастарына этностық ұлттық сананы, ұлттық эстетикалық, лингвистикалық сананы қалып­тастыру құралы ретінде «Қазақ тілі» деп аталатын екі бөлімді оқулық жазды.

Ол Сақтаған Бәйішев атын­дағы Ақтөбе университеті қабыр­ғасында да айшықты ізін қал­дырды. Университеттің тіл­дер кафедрасының негізін қала­ды. «Қолданбалы қазақ тілі», «Педагогика», «Жантану», «Мек­тептану» атты еңбектері бірінен соң бірі жарыққа шығып жатты. Елуінші жылдары-ақ ғылыми жұмыстармен шұғылданған оның қазақ орфографиясы туралы «Толықтыра түсетін ереже­лер» атты ғылыми мақаласы «Ха­лық мұғалімі» журналында ба­сыл­­ған. Содан бері тіл білімі, педа­­го­гика, психология және әді­с­те­ме салалары бойынша 350-дей ғылыми жұмыстары мен публицистикалық мақалалары түрлі басы­лымдарда жарық көріпті.

1991 жылы педагогика ғы­лым­­дарының кандидаты дәре­же­­сін қорғады. «Қолымды мезгі­лінен кеш сермедім» деген жоқ, алпыстан асқанда да белгілі бір нәтижелерге жетуге болатынын нақты іспен дәлелдеді. Қай кезде көрсеңіз де оның жүзінен ізгілік лебі есіп тұрады. Бұл кісінің басты байлығы — шәкірттері, олардың үзбей жолданып жататын жүрекжарды лебіздері.

Оқып көріңіз. Атағы алысқа жайылған академик, бүгінде өзі де сексеннің сеңгір қырына шыққан Назарбай Блиев «Чехов айтқандай, Ниетжан ағаның ішкі жан дүние сұлулығы, сыртқы көркемдігі біздерді үнемі рухтандырушы, табиғи және адами қасиеттері бізге дем беруші еді», деп жазыпты. Бүгінде Алматыда тұратын ғалым аға сонау артта қалған жылдардағы шәкірттік кезеңнің әсерін әлі ұмытпайды. Қазақтың көрнекті ақындары Өтежан Нұрғалиев пен Сәбит Баймолдин кезінде «Біз, байғаниндік бір топ ақын-жазушылар ұстазымыз Ниет­жанның адами-қазақи күпісінен шықтық» деп қолтаңбаларын қалдырыпты. Ал тағы бір талант иесі Есенбай Дүйсенбаев «Біздің рухани да, әдеби де көшбасшымыз Ниетжан аға ғой», деген екен. Қарымды қаламгер Тобық Жармағамбетов тіпті өзгеше толғаныпты. Ол 1966 жылы өзінің ұстазына «Нәзік бұлттар» кітабын ұсына отырып, оның алғашқы бетіне «Ісінен, мінезінен, қылығынан, білімінен үлгі ала, үйрене өскен ардақты ұстазым, көңілге медеу, жанға қуат болған аяулы, асыл ағам Нәкеме алғашқы кітабымды сыйға тартамын», деп жазыпты.

Ниетжан ағаның мемлекет тарапынан алған атақ-дәрежесі де аз емес. Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Олардан басқа 15 медаль кеудесіне тағылды. Мұның сыртында қаншама құрмет грамоталары мен алғыс хаттар бар. 

Ұстаз ағаның атағы алысқа жайылған деп айтуға болады. Бұл кісінің алдынан тәлім алған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі жауапты қыз­метте жүр, биіктік пен бақыт­тың өзі де сол емес пе?! Түйіп айтқанда, еркелікті көтермейтін, өмірдің талай қиындықтарымен бетпе-бет келіп, шар болаттай шыңдалған Ниетжан Берікұлының ғұмыры терең ғибратқа толы. «Тұсауым жоқ аяқта, сүйенбеймін таяққа» деген әр қағиданы ұстанған есімі елге елеулі азамат қашанда халқы мен ел-жұртының ортасында кісілік пен кішілік қалпынан айнымаған ақсақал абыройдың асқақ биігінде .

Нұрмұханбет ДИЯРОВ, журналист
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ