22 Қараша, 2017

Қыстағы төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар пысықталды

505 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Азаматтық қорғау органдарының қысқы кезеңге әзірлігі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин қатысып, саланың жай-күйінен БАҚ өкілдерін хабардар етті. 

Қыстағы төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар пысықталды

Ю.Ильиннің пікірінше, бүгінгі таңда министрлікте қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға байланысты жағдай қиындаған сәтте жалпы саны жеке құрамнан 12 мыңнан астам адам және шамамен 2 мың бірлік техникадан тұратын авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобы құрылған.

Коман­далық-штабтық көліктер мен өтімділігі жоғары дөң­гелекті және шынжыр табанды машиналарды, авариялық-құтқару және мамандандырылған әскери техникалар қысқы жағдайларда пайдалануға әзірлікке келтірілген. Сондай-ақ жеке құрамды төтенше жағдай аймағына жедел жеткізу және зардап шеккен халықты эвакуациялау үшін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшақтары да кезекшілік режімде сақадай сай дайын тұр. 

«Қыс-2017» оқу-жаттығуы аясында төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар іс жүзінде пысықталды. Ағымдағы жылғы 9-10 қарашада оқу-жаттығу барысында қысқы жағдайлардағы іс-қимылдарға құры­лымдар мен қызметтердің әзірлік деңгейі, құлақ­тандыру және байланыс жүйесінің, энергия, газ, жылу, сумен жабдықтау және көлік коммуникациялар жүйелерінің жұмысы тексерілді. Сонымен қатар халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарда 40 медициналық-құтқару пункті жабдықталған. Олар шұғыл медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді тасымалдаумен қатар, жылыту пункттері ретінде де пайдаланылады», деді Ю.Ильин.

Ю.Ильин өз сөзінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қар басатын учаскелердің жалпы ұзындығы 23 мың шақырымды, жергілікті маңызы бар жолдарда 12 мың шақырымды құрайтынын да тілге тиек етті.

«Қазіргі кезге дейін республикалық автожолдарда қар басатын 964 учаске анықталды. Онда 35 мың қардан қорғау қалқаны орнатылып, автомобиль жолдарының көлік магистралдарындағы еңістер мен асуларға 160 мыңнан астам текше көктайғаққа қарсы материалдар төселді. Осылайша жол пайдалану қызметтері 1 088 бірлік инженерлік және қар тазалайтын техникалар дайындалып, 503 жылу пункті іске қосылды», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»