Көрнекі сурет
Бүгінгі күні мектеп оқушыларының апта сайынғы оқу жүктемесін ересектердің жұмыс жүктемесімен салыстыруға болады. Бұл – үйге берілетін тапсырманы есепке алмағандағы шыққан қорытынды. Мысалы, орта мектептің оқушылары аптасына 39 сағат оқыса, ал мұғалімдер одан сәл артық, яғни 40 сағат жұмыс істейді. Соның нәтижесінде ересектерде кездесетін созылмалы шаршау, ұйқы қанбау, қысым, психоэмоционалды ауытқу секілді синдромдарға балалар жиі шалдығатын болды.
Ата-аналар әзірлеген оқу жоспары бойынша орыс мектебіндегі бастауыш сыныптардың апта сайынғы оқу бағдарламасы 4 сағатқа, орта және жоғары сыныптарда 5-6 сағатқа дейін төмендетілді. Мұндай оңтайландыру қалай жүзеге асырылмақ?
Ең әуелі 1-ден 11-сыныпқа дейін 3 сағат өткізілетін денешынықтыру қысқартылмақ. Ата-аналардың айтуынша, бұл тым көп, сондықтан денешынықтыруға екі сағатты арнауды ұсынды. Сондай-ақ қазақ тілі мен қазақ әдебиетін бастауыш сыныпта бір сағатқа, ал орта және жоғары сыныптарда аптасына бес сағаттың орнына үш сағат оқытылу керек деген ой айтылды. Ал 8-бен 11-сыныптарда Қазақстан тарихын аптасына бір сағат қана өткізу керек екен.
Басқа сабақтарға келсек, ата-аналар бастауыш сыныптардағы «Сауаташу», «Әдеби оқу», «Қазақ тілі» және «Жаратылыстану» пәндерін бір сағатқа қысқартпақ.
5-9 сыныптарда математика, жаратылыстану және көркем еңбек, ал жоғары сыныптарда информатика және ағылшын тілі бір сағатқа кем оқытылады.
«Осылайша барлық пән оқу жоспарында қалады. Біз аса маңызды емес тақырыптарды қысқарттық. Бұл – аспаннан ала салған нәрсе емес, ата-аналардың әбден талқылап шығарған қорытындысы. Олар орыс мектептеріндегі оқу жоспарын тәптіштеп қарап, нәтижесінде сіздерге осындай ұсыныс жасап отырмыз», деді ата-аналар қауымдастығының төрайымы Софья Евдокимова.
Бейбітшілік және келісім сарайына игі бастамамен танысу үшін мектеп директорлары мен мұғалімдер, психологтар, тіпті мектеп есепшілері де шақырылды. Жиналғандардың барлығы бір ауыздан денешынықтыру сағатын қысқартуды қолдады. Оған қоса, педагогтар жоғары сыныптардағы алғашқы әскери дайындық сабағын денешынықтырумен біріктіріп оқыту туралы ұсыныс айтты.
«Өзін өзі тану пәні басқа адамдарды түсінуге, өз мүмкіндіктерін танып-білуге үйретеді, яғни пәннің міндеті – рухани тәрбие беру. Қазіргі жаңартылған білім беру мазмұны бойынша да жалпы адамзат құндылықтары оқытылады және ол барлық пәндерде қарастырылған. Тіпті физика мен математика сабақтарында адамгершілік туралы айтамыз, топтық жұмыс істеу кезінде басымдық бірін-бірі түсіністікпен қарауға беріледі. Сондықтан бұл пәнді 10-11 сыныптың оқу бағдарламасынан мүлдем алып тастауға болады деп ойлаймын. Өйткені ол бастауыш сыныптан бастап оқытылады», деді Астана қаласындағы №67 мектеп-гимназиясының директоры Гүлжанат Әбдіраманова.
Тек қазақ тілі мен әдебиетін, орыс әдебиеті мен Қазақстан тарихын қысқарту туралы ұсыныстар мұғалімдер тарапынан қолдау таппады.
«Мен бұл бастаманы, әрине қолдаймын. Бірақ орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін бес сағаттан үш сағатқа азайту керек дегенмен келіспеймін. Ағылшын тілін аптасына үш сағат оқимыз, сонда біз мемлекеттік тілді шет тілінің деңгейіне дейін түсіріп тастайын деп тұрмыз», деді Астана қаласындағы №76 мектеп-лицейі директорының орынбасары Ернұр Омарханов.
«Орыс әдебиетін қысқартуды қолдамаймын. Өйткені қазіргі таңда кітаптан алшақтап кеткен жастар тіпті болмаса мектепте классикалық шығармаларды оқиды. Сонымен қатар Қазақстан тарихын да қысқартуға болмайды. Өйткені балалар өз туған жерлерінің тарихын бүге-шүгесіне дейін білулері керек», деді Астана қаласындағы №69 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Айнаш Әбсадықова.
Орыс мектептерінің үлгісінде көрсетілген жүктемені азайту идеясы қазақ мектептерінде тәлім беретін мұғалімдердің де көңілінен шықты. Олар адам, қоғам, құқық пәнін Қазақстан тарихымен, сондай-ақ орыс тілі мен орыс әдебиетін біріктіру туралы ойларын айтты. Ал кейбірі орыс мектептеріндегі орыс тілі пәнін қысқарту керек деді.
«Мен орыс тілі пәнінің мұғалімі ретінде айтарым, он бірінші сыныпта бұл пәнді екі сағат оқытудың қажеті жоқ. Өйткені негізгі бағдарламаны біз 1-9 сыныптарда оқытып қоямыз. Керек десеңіз орфография, пунктуация, синтаксисті оқыту үшін бір сағат қалдырайық. Бірақ орыс әдебиетін оқытуға екі сағат керек. Өйткені оқушылар мемлекеттік қорытынды аттестаттау кезінде эссе жазуға дайындалулары керек», деді мұғалім Марина Гришина.
Осылайша, педагогтардың қолдауына ие болған ата-аналар қауымдастығы Білім және ғылым министрлігіне оқу бағдарламасының қысқартылған нұсқасы бекітілген ресми хат жолдады.
Гүлжазира САЙЛАУОВА
АСТАНА