Аймақтар • 22 Қараша, 2017

Су тамыршысы Сабыр Арыстанбаев

1170 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Біздер, суармалы егіншілікпен айналысатын Сыр бойының халқы «Су – өмір» дейміз.

Су тамыршысы Сабыр Арыстанбаев

Қай заманда қай қоғамда болсын судың тілін білген адам қадірлі, құрметті, сыйлы болған. Сондықтан да халық: «Судың тілін білген ұтады, судың тілін білмеген құртады» деп бекер айтпаған. Ертеде жер мен судың тілін білетін адамдарды мұрап деп атаған. Мұрап – халықтың асырау­шысы. Мұрап – судың қалай қарай ағатынын, қандай мөлшерде, қандай деңгейде, қандай жылдамдықпен ағатынын өлшеу құралдарынсыз-ақ біледі. Ол осының бәрін оқымай, тоқымай Алланың берген ерекше қасиетінің, табиғи талантының арқасында біледі, болжай алады. Сондықтан суармалы егіншілікті дамыту мәселесінде білікті мамандардың тәжірибесін зерделеу маңызды. Осындай дарынды адамның бірі Сыр мұраптарының атасы Қасымбет ахунның ұлы Нұртаза ақсақал болған. 

 Құдайға шүкір, осы мұрап­тық дәстүр өзінің жарасымды жалғасын тауып, кеңес дәуірінде Қазақстанда Нұртаза атамыздың жаңа замандағы, жаңа деңгейдегі әрі оқыған, әрі тоқыған бір шоғыр мұрагерлері мен шәкірттері өсіп шықты. Олар Сыр бойында суар­малы егін шаруашылығын қалыптастыруда, жерді ин­же­нерлік жүйеге келтіруде ерек­­ше еңбек етті. Солардың та­бан еті, маңдай терінің арқа­сында Қазақстанның суармалы ай­мақтары байлық пен дәулеттің көзіне айналып, халқы өсіп өр­кендеді, көктеп көгерді. 

Олар елімізге белгілі қай­­рат­керлер – Мұстахим Ық­санов, Сұлтан Сәрсенбаев, Әбу­бә­кір Тыныбаев, Эрик Гука­сов, Шаймерден Бәкіров, Вик­тор Гонгаров, Нариман Қып­шақ­баев, Балтабай Сәрсенов, Ро­мальд Ковалевский, Алексей Антипов, Алексей Киселев, Ғафар Мурзалиев, Ержігіт Боз­ғұлов, Сабыр Арыстанбаев, Ел­­тай Құттыбаев, Әлімбет Жап­парханов, Әбдіманап Құтжанов, Мәделхан Нәлібаевт­ар. 

Осы аты аталған ардақты азаматтардың әрқайсысының өзі жөнінде, өмірі жөнінде, өнегесі жөнінде, мамандығы, іскерлігі, ұйымдастырушылығы, азаматтығы, қажырлылығы, қай­раткерлігі жөнінде кеңінен әңгіме қозғауға әбден болар еді. Бірақ оған бір мақала аясының тарлық етері сөзсіз. Сондықтан мен осы аса үлкен құрметпен аты аталған азаматтардың дүниеден озғандарының мәңгілік рухын, тірілерінің абыройы мен атағын, ерен, жасампаздық еңбектерін бетке ұстай отырып, бәрінің атынан Сабыр Арыстанбаев жөнінде бір үзік сыр шертуді жөн көрдім.

Сәкең өзінің терең білімін, білігін, мол тәжірибесін, іскер­лік қадір-қасиетін, ұйымдасты­рушылық қабілет-қауқарын, табиғи талантын, жасампаз ең­бегін, бар саналы өмірін суға, су ­шаруашылығын өркендетуге қалт­қысыз арнаған азамат.

Халық: «Адамның сусыз күні жоқ, судың оны айтатын ті­лі жоқ» дейді. Сәкең өз заманында судың тілін, судың сырын, судың зарын, судың мұңын, судың қасиетін терең түсініп, судың іздеушісі, судың жоқтаушысы, судың сұраушысы, судың қолдаушысы, судың сақшысы, судың шырақшысы, судың шежірешісі, тарихшысы, тағдыршысы бола білді.

Еңбек – әлемнің әміршісі болса, Сәкең еңбектің әміршісі болды, судың тамыршысы болды. Сәкең Арыстанбаев арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, атынан ат үркетін, сұсымен, қас-қабағымен, қажыр-қайратымен кімді де болса ықтыратын, кімді де болса бұқтыратын, кімді де болса сендіретін, кімді де болса көндіретін азулы, аузы да, қолы да батыл, батыр басшы еді. Халыққа оның кейде сыпыртып жіберетіні, жер сілкінтер айқайы жұрттың айналайынынан кем әсер етпейтін. Өйткені оның ар­тында адалдық пен әділдік жататын, зілі, запыраны, залалы жоқ болатын, тек ортақ істің мүддесіне ғана бағытталған ай­қай. 

Әттең, бүгінде Сәкең тірі бол­ғанда судың табиғаты, тағдыры, тарихы, сыры, қыры, құпиясы, өткір, өміршең, тағдырлы мәсе­лелері жөнінде тереңірек, кеңі­рек, ішек-қарнын айналдырып, шырайын шығарып ай­тар еді, жазар еді. Жоғарыда аты аталған азаматтардың жасам­паздық, жанқиярлық еңбегінің арқасында Қазақстанда 1,5 млн гектар суармалы жерлер иге­рілді. 100 мың шақырым каналдар мен қашыртқылар қазылып, 500 мың инженерлік гидротехникалық нысандар са­лынды. Соның нәтижесінде рес­публиканың мақта, күріш, қант қызылшасы түгелдей, көкөністің, жеміс-жидек, бау-бақшаның, картоптың, тех­никалық дақылдардың 80 па­йызы осы суармалы жерлерге орналасқан. Осыншама бай­лықты еліміздің алтын қоры деп атайды.

Алтын қор десе дегендей, күріш көлемі мен өнімінің еселеп өсуі облысымыздың экономикасын қарқынды дамытып, халықтың хал-ахуалын, тұрмысын түбегейлі жақсартты. Ақ күріш халқымызға бақ та, атақ та, абырой да, ырыс-береке де болды. Міне, осы байлықтың, бақыттың авторы да, актері де­ айналайын, Қызылорданың жоқ­тан бар жасайтын еңбекқор, бейнетқор халқы, мыңдаған жер, су мамандары, іскер, талантты, ұйымдастырушы, жоғарыда аты аталған басшылардың бір шо­­ғыр тобы екендігіне еш­кім­нің де дауы жоқ деп ойлаймын. Сол жылдары облыста атқа­рылған осындай игілікті, із­гі­­лікті қыруар жұмыстардың ба­­сы-қасында, бел ортасында 50 жылдай Қызылорданың то­пырағынан табаны таймай қосшы да болып, басшы да болып Сабыр Арыстанбаев жүрді. 

Жолдасыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді ай­тайын дегендей, Сабыр Арыс­­тан­баевтың замандастары,­ тағ­­дыр­­ластары, тамыр­лас­та­ры,­ қа­наттастары, мұ­рат­­тас­та­ры, үзеңгілестері, әріп­­тес­тері, жол­дастары, дос­тары жоға­ры­дағыдай елге, ха­лық­қа белгілі, тұғырлы, тұр­патты тұлғалар болды. Сәкең осы ірілердің ішінде ірі еді, шоқтығы биік, шоқпары зілдей марқасқалардың, қайт­пас қа­ра ­нарлардың бірі еді. Осы­­ жақсылардың ортасында Сә­кең­нің ойып алған өзіне ла­йық­ты, абыройлы орны болды, бәрі де оны құрметтеді, тың­дады, сыйлады, ескерді, есеп­тесті, әрдайым ақылдасып, ар­қа сүйейтін, маңдай да, табан да тірейтін еді.

С.Арыстанбаев ешқашан, еш жағдайда, ешкімнің алдында да дізесі дірілдеп бүгіл­меген, сүрінбеген, жығыл­маған, басы иілмеген, кеудесін ешкімге бастырмаған, төбесіне ешкімді шығармаған, ешкімнің қас-қабағын бақпаған, еш­кімнің табалдырығына табын­баған, ешкімнің алдында жалпақ­тамаған, желпілдемеген, жау­таң­дамаған, басынан бір сөз асырмаған, «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» қағидасы өмірінің бас кредосы болған, ар мен намыстан жаралған азамат.

Иә, Сәкең мінезді азамат болды. Мінезсіз басшы, азусыз арыс­­тан сияқты. Ондай адам үлкен, ауқымды, жауапты істің басында бола алмайды. Әсіресе, тағдыры суға, суармалы жерге таңылған біздің елге, қалаға, аудандарға, тоқсанның үстіндегі шаруашылықтарға, 250-дің үстіндегі елді мекендерге қай заманда да болмасын жетпей жататын суды қылдай бөліп жеткізіп беру қиынның-қиыны, қияметтің-қияметі, ол екінін бірі, егіздің сыңары түгі­лі, мыңның қолынан да келе бер­мейтін аса ауыр жұмыс. Сол заманда қандай да бір өндірістік, тұрмыстық тауарларды, мүлікті, тамақты, киімді, техниканы, қосалқы бөлшектерді табу, бөлу, халыққа жеткізу оңай шаруа емес еді ғой.

Оңай болса, облыстың сауда ұйымдарына келген құндыз құлақшынға дейін облыстық партия комитеті бөлмес еді ғой.Ал су бөлудің жөні тіптен бө­лек, кімнің де болса құлашы жетіп, уысына сыя бермейтін күрмеуі күрделі, қиын мәселе.

Ол жылдары әрбір 5-7 жыл­­­ сайын қуаңшылық болатын. Екі ағайынды адамның бі­рін-бірі көрместей болып суға таласқанын, кеңшар агрономын күрішшінің кетпенмен шауып тастағанын, каналдары ортақ бригадирлердің, шаруашылық, аудан басшыларының су үшін талай рет айтысып-тартысқанын, ұрысып-керіскенін, жаға жыр­тысқанын, «сағадағы су ішеді, аяқ­тағы у ішеді» дегендей, құр­ғақшылық жылы облыста судың аяғына орналасқан Қазалы ауданының күріші түгелдей күйіп кетіп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, еліміздің ардақты азаматы Қазтай Әбуовтің облыстық партия комитеті пленумының мінберінде тұрып жылағанын да көрдік.

Міне, осындай ауыр, тағ­дыр­лы, шешуші, өміршең мәсе­лелердің шешілуі түптің- түбінде бі­лімді де, білікті де, іс­кер де, адал да, әділ де, аузы дуа­лы, сө­зі пәтуалы, «ердің құ­нын екі ауыз сөзбен шешкен» баяғының әділ билеріндей Сабыр Арыс­тан­баевқа барып тірелетін.

Жылда мамыр айының басынан тамыздың ортасына дейін күріштің суы тартылғанша бү­кіл су пайдаланатын елдің, ха­лық­тың, барлық дәрежедегі бас­шылардың назары, сыйы, құр­меті С.Арыстанбаевтың үстінде болатын. «Мамырдан тамызға дейін Сәке, Сәке, Сәке боламын. Содан кейін мені ұмытады, келесі жылы күріш екпейтіндей. Осы жұрт қызық-ей», деп әзілдейтін еді жарықтық. 

Сондай-ақ Сабыр Арыстан­баевтың елдің есінде қалған ерлікке пара-пар тағы бір баға жетпес еңбегі бар. Ол сол за­манда инженерлік жүйеге келтірілген жерлер мен бір­неше мыңдаған гидро­тех­никалық нысандардың сапасына байланысты мәселе. Жа­сыратын несі бар, ол заманда қай салада болсын апта­лық, айлық, тоқ­сандық, жылдық жоспар, социалистік міндеттеме үстіне міндеттеме дегендер болды. Оны өлсең де, тірілсең де, шын болса да, өтірік болса да, қайтсең де орындауың керек. Бұл – сол заманның, сол қоғамның тәртібі.

Студент­ке емтихан алдында бір күн­­нің жетпейтіні сияқты, құ­рылысшыларға да әрдайым бір күн жетпей жататындығы өмір шындығы. Осы тұста жос­парды, міндеттемені орындау мақ­сатында төменнен де, жо­ғарыдан да өтініштер, ұсы­ныс­тар, тапсырмалар да болып жата­тыны бар. Соңғы қолды, соң­ғы нүктесін қоя­тын Сабыр Арыс­танбаев. Егер сол тұста облыстық су ша­­­руа­­­шылығының басында­ Арыстанбаевтай бедел­ді, абыройлы, айбатты, кімге де болса болмайды деп айта алатын бастық болмай, тіске жұм­сақтау, тілалғыш, қол бала бас­тық болғанда облыстың қыруар құрылысында сапа болар ма еді, әлде болмас па еді?

Қазақта аттың жақсысын қа­занат дейді, жігіттің жақсы­сын азамат дейді. Сабыр Арыс­тан­баев нағыз азамат еді. Періш­тең болмаса, пендең осындай-ақ бол­сын. 

Сейілбек ШАУХАМАНОВ, 
Қызылорда облыстық 
ардагерлер кенесінің төрағасы

Соңғы жаңалықтар

Оқуға құштар қала

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:12

Момышұлының қолжазбасы

Жәдігер • Бүгін, 09:10

Келешегі күмәнді сода зауыты

Аймақтар • Бүгін, 09:07

ЖИ-ді білмей, мақтанба!

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00

Алмас жарқылдайтын кезең

Ауыр атлетика • Бүгін, 08:53

Алтын көпір

Руханият • Бүгін, 08:45

Жеңіске бастар жол

Күрес • Бүгін, 08:43