ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
![парламент-үлкен](../img/%D0%BF%D0%B0%D1%80%D0%BB%D0%B0%D0%BC%D0%B5%D0%BD%D1%82-%D2%AF%D0%BB%D0%BA%D0%B5%D0%BD7.jpeg)
Елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалардың ұтымды тұстары да бар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды, бірақ кейде «қылшығын аламын деп былшығын шығаратын» кездер де болып тұратынын жасыруға болмайды. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев та 2010 жылдың 17 тамызында құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелеріне байланысты болған кеңесте былай деп атап өтті: «Осыған дейінгі реформа жасаудағы талпыныстардың бәрі де күткендей нәтиже бермеді. Реформалар науқаншылдық сипат алды. Ведомстволық мүдде, бұрынғы, көбіне-көп кеңестік тәртіпті сақтау, жалпы мемлекеттік мүдделерден басым болып тұр».
Президент Үкіметке, Жоғарғы Сотқа және құқық қорғау органдарына елдегі құқықтық кеңістікті жетілдіру бойынша тапсырмалар беріп, Парламентке осы жүйені жетілдіру жөніндегі заң жобасын ұсынуды талап етті.
Содан бері жылдан аса уақыт өтті. Не жұмыстар жасалып, қандай өзгерістер болды дейсіз ғой. Болашақта жақсылықтардың болатынына сенгің келеді, бірақ қазіргі мысалдар үміт отын ұшқындата алмай отырғанын жасыра алмаймыз. Өкінішке қарай, қазіргі сот-құқықтық реформалардың ауызбен сөйленген декларациялары тым көп те нақты істер мүлде аз екенін айтуға мәжбүрміз. Істеліп жатқан жұмыстар да «бара көрерміз» дегендей, яғни заңды қабылдап алып, артынан өзгерістер мен толықтырулар енгізу қағидатымен жүргізілуде екенін көріп жүрміз. Бұл айтқандарымызға жүздеген мысалдар келтіруге болады.
Алдымен бізде құқық қорғау органдары мен сот жүйесін реформалауға бағытталған заңдардың қалай қабылданып жатқанына қысқаша шолу жасап көрелік. «Сот өндірісін жеңілдету туралы», «Аралық сот туралы», «Медиация туралы», «Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы» және т.б. жиі қабылданған заңдар тиімді жұмыс істей алмады. Бірақ артынан «өзгерістер мен толықтыруларды» қаптатып енгізетін осындай асығыстықпен жасалған заң жобалары азаяр емес. Осы орайда сөзіміз жалаң болмас үшін бірер мысал келтіре кетейін.
Жуырда Сенат «Құқық қорғау істерін және қылмысты істер заңдылықтарын ізгілендіру бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын пысықтау үшін Мәжіліске кері қайтарды. Атына қарағанда, заң жобасы қайырлы қадам жасауды қалап-ақ тұр. Бірақ... заңдарға енгізілетін ізгілікті істер әбден ойланған, ғылыми тұрғыдан екшелген және ведомстволық немесе қандай да болсын басқа бір мүддені көздемеген деп айта алмаймыз. Белгіленген тәртіп бойынша өзгерістер ең алдымен қылмысты сот өндірісі саласына қатысты адамдар мүддесін қамтамасыз етуді көздеуі керек.
Біздегі ең жоғары құндылық Конституция бойынша адам, оның өмірі, оның құқы мен бостандығы болып табылады. Сондықтан заң жобасын әзірлеген адамдар Ата Заңның осы негізгі басымдықтарын нысана қылып, алға қойып отыруды ешқашан ұмытпаулары керек қой. Ал мына заң жобасында Конституцияның негізгі қағидаттарына қайшы келетін жағдаяттар толып жатыр. Олар тіпті қолданыстағы қылмыстық-процессуалдық құқықтың да негізгі қағидаттарына қайшы келіп тұр. Мәселен, қолданыстағы Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 184, 231, 232-баптарына енгізілетін өзгерістер адамға қарсы қылмыстық іс қозғалмай тұрып-ақ құқық қорғау органдарына заттар мен құжаттарды, соның ішінде заңмен қорғалатын құпияларға қатыстыларын да тегіс тәркілеуге рұқсат береді.
Сондай-ақ заң жобасын әзірлеушілер банк құпиясына қатысты мәліметтерді де прокурордың санкциясынсыз-ақ алып, оған тек тәркіленгені туралы ақпаратты артынан беруге болатынын көлденең тартады. Осындай жағдайдың коммерциялық құпияға да тікелей қатысы бар.
Айта кету керек, қылмыстық іс қозғалмай тұрып-ақ тәркілеуге мүмкіндік беретін норма бізде 2009 жылғы Қылмыстық-процессуалдық кодекс (ҚПК) қабылданғанда да өтіп кетті. Осы жолдардың авторы құқық қорғау органдарына ондай айрықша құқық беретін нормаға жұмыс тобы мүшелерінің арасынан жалғыз болып қарсы шыққан еді. Бұл заңның жазалау бағытын ұстанатыны туралы белгілі процессуалды-тәжірибелі ғалымдар Г.Сүлейменова, Д.Қанафин, С.Жүрсімбаев, Р.Юрченко да айтты. Сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден С.Пашин, С.Бухмайер және т.б. пікірлерін білдірді.
Бірақ норма сол күйінде қабылданып, тәркілеуге тергеуші мен анықтаушы ғана емес, қылмыстық істі қудалау саласының лауазымды қызметкерлерінің бәріне (тергеуге дейінгі тексеріс жүргізетін төтенше қызметкер және т.б.) де құқық берілді. Бұл норма қылмыстық-процессуалдық заңнаманың ғана емес, қолданыстағы басқа да заңнамалардың қағидаттарына қайшы келеді. Атап айтқанда, «Банктер және банк істері туралы» 1995 жылдың 31 тамызында қабылданған Заңның 50-бабының 6-тармағы бойынша кәсіпкерлікпен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың банктегі есеп-шоттары туралы анықтамалар алдын ала тергеу орындарына прокурордың санкциясымен қылмыстық іс қозғалғанда ғана беріледі делінген. Сондай-ақ аталмыш норма «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңға және Азаматтық кодекстің талаптарына да қайшы келеді.
ҚПК-ге осындай өзгеріс енгізу заң әзірлеушілердің ведомстволық мүддені күйттеп кеткенінен туғаны даусыз. Бұл қауіпті симптом екенін атап өтуге тиіспіз. Өйткені, соңғы жылдарда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің интеллектуалдық деңгейі төмен түсіп кеткенін ұмытуға болмайды. Кәсіби дайындығы мен құқықтық білігі аз қызметкерлерге банктік және коммерциялық құпияларды алу мүмкіндігінің берілуі – болашақта олардың кейбір арам ойлыларына бұл істі жеке басының немесе қандай да бір топтың мүддесі үшін қолдануына итермелеуі, сөйтіп, оның қауіпті салдарларға алып келуі әбден ықтимал. Тіпті, осының салдарынан банктік және коммерциялық құпия деген түсініктің де жойылып, банктерден клиенттер қашып, кәсіпкерлікті ақсатуы немесе оны жабуға әкелуі мүмкін.
Ізгілендіруді мақсат еткен заң жобасында ҚПК-нің 123-бабының 2-бөліміне енгізілетін өзгеріс ретінде тергеуге дейін алынған сауалдама мен түсініктеменің қылмысты істі дәлелдеуге мүмкіндік беретін материал ретінде қолданылуы айтылған. Заң факультетінің 2-курсында ғана оқитын кез келген студенттің өзі қылмыстық процесс пен тәжірибенің теориясы бойынша қылмыстық істің дәлеліне тек процессуалдық іс-әрекеттің хаттамасына енгізілген фактілер ғана жататынын біледі. Басқа сөзбен айтқанда, тек қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, тергеу ісі кезінде жинақталған материалдар ғана қылмыстық іске айғақ бола алады.
Соңғы кездерде құқық қорғау іс-әрекетін жетілдіру мен қылмыстық заңнамаларды ізгілендіруді сылтауратып, ҚПК-ге қылмыстық қудалау органдарының ісін жеңілдетуге бағытталған өзгерістерді ұсыну көбейіп кетті. Өмірлік тәжірибе жеңілдіктер іздеумен көп айналысуға болмайтынын талай рет көрсеткен. Қылмыстық әділсот саласының үлкен білгірі, белгілі ғалым В.Савицкий бұл туралы: «Кеңес және Ресей тарихының трагедиялық тәжірибесі – кез келген жағдайды сылтауратып процессуалдық кепілдіктерді азайту мен қысқарту жүгенсіздіктер мен заңсыздықтарға жол беріп, ешқашан да қылмысқа қарсы күресті күшейтпейтінін дәлелдеген», деп жазды.
Әрине, тергеу іс-әрекетінің аясын қылмыстық іс қозғау мүмкіндігіне дейін кеңіту құқық қорғау органдарының жұмысын оңайлатады. Бұл – олар үшін өте тиімді. Бірақ ол қылмыстық іспен қудаланбақшы адамның мүддесінің сақталуына ешқандай кепілдік бермейді. Оның үстіне өмірде құқық қорғау органдарының бәсекелесті жою немесе басқалай себеппен адамдарға қарсы тапсырыспен жұмыс істейтін мысалдарын да көріп жүрміз. Сондықтан да қылмыстық қудалау ісіне ҚПК-ге енгізу үшін ұсынылған мұндай өзгерістерге жол берілмегенін дұрыс деп санаймыз.
Сондықтан да әрбір «ізгілендірудің» сыртында адам тағдырына деген немқұрайлылық тұруы мүмкін екенін ұмытпайық.
Ғаният НАСЫРОВ, Парламент Сенаты аппаратының қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты.