Министрліктің ақпаратында атап көрсетілгеніндей, бұл карталар агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру, сондай-ақ 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында әзірленіпті. Біз білетін деректер бойынша, әуелгі баста бұл карталардың саны жетеу болатын. Жеті басым бағыт бойынша әзірленді делінген. Содан кейін олардың саны 11-ге жеткендігін естіген едік. Ал енді жуырда Үкіметтің Баспасөз орталығында Ауыл шаруашылығы вице-министрлерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында карталардың саны 13-ке жеткені айтылды. Қысқасын айтқанда, уақыт өткен сайын карталар да балалап жатыр. Сонда бұл өзі бас-аяғы бар біртұтас құжат па, жоқ әлде «көш жүре түзеледі» дегендей, уақыт өткен сайын қампиып өсе беретін дүние ме?
Дегенмен адал сөзімізді айтар болсақ, бұл дамыту карталарында еліміздің ауыл шаруашылығы саласында қордаланған проблемалар біршама ашық айтылған екен. Карталарда соларды еңсерудің жолдары екшелген. Демек министрлік бұрынғыдай емес қалыптасқан проблемаларға неғұрлым батыл қарап отыр деп есептейміз және соған сай үміт күтеміз.
Сонымен Агроөнеркәсіп кешенін дамыту карталарына ауылшаруашылық кооперациясы; аграрлық қайта өңдеу; АӨК-ті техникалық қайта жарақтандыру; тұқым шаруашылығы; фитосанитарлық іс-шаралардың тиімділігін арттыру; агрохимия; мал азығы өндірісін дамытып, оның теңгерімін қамтамасыз ету; көтерме-тарату орталықтары; жаңа егістіктерді айналымға қосу; шалғайдағы қой шаруашылығы; аграрлық ғылымды түбегейлі жаңғырту; сиыр еті өндірісін дамыту мәселелері енгізіліп, оларды мемлекеттік қолдаудың шараларын жетілдіру көзделген.
Мәселен, аграрлық қайта өңдеу саласын дамыту картасында бұл істің еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі басты бағыттардың бірі екендігі айтылады. Осы бойынша әзірленген жол картасында бұл бағыт бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізілген, соның нәтижесінде алғаш рет «Қайта өңдеу кәсіпорындарының деректер базасы» қалыптастырылған. Бұл база кәсіпорынның ағымдағы жағдайын бағалау, оның қуатын, жүктелуін, өнім номенклатурасын, сондай-ақ дамуды тежейтін проблемаларын анықтап, оларды еңсеру мәселелерін қамтиды.
Осылайша импорт үлесінің жоғарылығын, жүктелмеген қуаттылықты және шикізаттық әлеуетті ескере отырып 435 кәсіпорынға қатысты қайта өңдеудің 9 басым түрі айқындалыпты. Олар – сүтті, етті, теріні және жүнді, майлы және дәнді дақылдарды, жеміс және көкөністі, қант қызылшасын және картопты қайта өңдеу мәселелері. Бұл мәселелер бойынша аграрлық саладағы өнім өңдеу кәсіпорындарын ел аумағы бойынша орналастыру сызбасы әзірленіпті. Енді осы сызбаға сәйкес 79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту міндеті алда тұр. Егер бұл шара жүзеге асқан жағдайда өңделген өнімдердің жалпы өндірісін қазіргі 1,9 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жаңа жұмыс орнын ашуға болады екен.
Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың тағы бір өзекті мәселесі ауылшаруашылық тауар өндірушілерін техникалық жарақтандыру болып отыр. Өйткені бұл істе де қордаланған проблемалар бар. Мәселен, ауылшаруашылық техникалары паркіне жүргізілген талдау олардың қолданылуының орта мерзімі 17 жылдан асып кеткенін көрсетті.
Ал мұның ортақ іске тигізетін залалы көп. Егер солардың кейбіріне тоқталсақ, техникалардың тозуы оларды жөндеу мен жанар-жағармайға жұмсалатын қосымша шығындарды, нақты есеп бойынша алғанда, 20 пайызға ұлғайтады екен. Міне, осының салдарынан елімізде, шамамен алғанда, 200 млрд теңгенің қаржысы артық жұмсалуда, яғни осыншама қаржы желге ұшқанмен бірдей болып отыр.
Сондықтан бұл жөнінде әзірленген карта бойынша агроөнеркәсіптік кешенді техникалық қайта жарақтандыру ісіне едәуір қарқын беру қажет деп есептелінген. Ол үшін отандық ауылшаруашылық техникаларын жасау ісін жолға қою, ал мұндай техникаларды шығару мен сатып алудың тиімділігін арттыра түсу үшін берілетін инвестициялық субсидиялар тетіктеріне өзгерістер енгізу, түпкілікті мөлшерлемесі 5 пайызға дейін болатын жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосу көзделген.
Ауыл шаруашылығындағы тағы бір проблема – соңғы жылдары астық сапасының жыл сайын төмендеп келе жатқаны байқалады. Неге? Оның бірқатар себептері бар. Осы бағыт бойынша әзірленген картада соның бірі ретінде еліміздің егістіктеріне себілген элиталық тұқым үлесі 2014 жылғы 6,3 пайыздан 2016 жылы 3,5 пайызға дейін төмендеп кеткендігі атап көрсетілген. Осыған орай әзірленген тұқым шаруашылығы картасында субсидиялау тетіктерін жетілдіру, тауарлы егістерге 1-репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалануға біртіндеп көшудің жолдары ұсынылған.
«Тұқым шаруашылығын қолдау және диқандарды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл бұл жағдайды біршама ретке келтірудің сәті түсті. Сөйтіп астық түсімінің сапасы биылғы жылы өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе өсіп отыр», делінген ресми ақпаратта.
Біздің пікірімізше, мұндай жетістікте табиғи факторлардың да үлесі барлығын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені келесі жылы да дәл осындай сапалы өнім алынады деп ешкім кепілдік бере алмас. Егер министрлік осыған кепілдік берсе, онда сөз жоқ, бұл еліміздің егін шаруашылығының табиғи климаттық жағдайларға қарамай-ақ сапалы өнім алуды қамтамасыз ету бағытында бір қадам алға басқандығын білдіретін сенімді фактор болып табылады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың тағы бір бағыты – өсімдіктерді қорғау картасын әзірлеу барысында әр облыс бойынша егістердің фитосанитариялық жай-күйі айқындалыпты. Ластанған алаңдар мен нақты өңделген алаңдар анықталған. Мәселен, арамшөптер бойынша 4,7 млн гектар, ал зиянкестер мен аурулар бойынша 1,5 млн гектар жер өңдеумен қамтылмаған. Осының бәрі 1 млн тоннаның жалпы өнім ысырабына әкеліп соқтырған.
Осыған байланысты, 2018 жылдан бастап, ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің препараттар сатып алуға жұмсаған шығындарын олардың құнының 50 пайызы мөлшерінде субсидиялау жөнінде жаңа схема енгізіліпті. Министрлік өкілдерінің есебінше, бұл схема өңделетін алаңды 2 есеге жуық, яғни, 1,9 млн гектардан 3,4 млн гектарға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Министрлік әзірлеген жол карталарының арасында көтерме-тарату орталықтарын дамыту картасының болуын құптай қабыл алдық. Өйткені қазіргі уақытта азық-түлік тауарларының өндірушілерден тұтынушыға дейін жету жолдары жете ұйымдастырылмаған жағдайда, яғни стихиялы түрде жүзеге асырылып жатқандығы белгілі. Соның салдарынан тиімсіз алыпсатарлық пен делдалдық кеңінен етек алып, мұның ақыры бағаның 2 есеге дейін шарықтауына әкеліп отыр. Астықты, картоп пен көкөністі жақсы алдық деген биылғы жылдың өзінде азық-түлік бағаларының шарықтау себебін қарапайым көпшілік түсіне алмай әлек.
«Бұл жағдайды өзгерту үшін әр облыс орталығында көтерме-тарату орталықтары желісін құру қажет. Олар мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде құрылатын болады. Ол үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мен кооперативтердің өз өнімдерін өткізу қызметтерін жетілдіруіне мүмкіндік беретін тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданады» дейді министрлік өкілдері.
Шынын айту керек, қазіргі уақытта қарапайым халыққа керегі өздері күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің қолжетімді болуы ғой. Сондықтан нақ осы шарадан үміт күтетіндігімізді жасырмаймыз. Әйтпесе қаншама жылдар болды ауылдағы арзан азық-түлікті қалаға арзан күйінде жеткізе алмай қиналып отырған жаймыз бар. Министрлік атқарып жатқан көптеген іс-шаралардың халықтан алғыс ала алмай келе жатқаны да осыдан деп түсінеміз. Әйтпесе ресми ақпаратта атап көрсетілгеніндей, ауылшаруашылық кооперациясын дамытудың жол картасы қабылданып, оны іске асырудың алғашқы нәтижелеріне сәйкес ағымдағы жылы мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3,3 пайызға, соның ішінде ет өндірісі 5,7 пайызға, сүт өндірісі 2,8 пайызға ұлғайыпты. 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 56 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарын қамтыған 770 кооператив құрылыпты. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар ендігі кезекте жеке кәсіпкер болып қайта тіркеліп, осының есебінен 6 476 бордақылау алаңын құрылыпты. Сонымен қатар мал өнімдерін өңдеу көрсеткіштері де өсіп, сүтті өңдеу көлемі 60-тан 65 пайызға, ет өңдеу көлемі 55-ден 60 пайызға ұлғая түсіпті.
Ал енді осы жетістіктеріміз, базарларымыз бен дүкен сөрелерінен неге көрініп тұрмайды? Баға неге шарықтай береді?
Енді бұған біраз жауапты агроөнеркәсіп кешенін дамыту карталарынан көргендей болып отырмыз. Карталардың көбейгені жақсы, енді осы арқылы шаруалар өндіретін азық-түлік түрлері де көбейіп, олар қымбатшылықтан қысым көріп отырған қала халқына, делдалдардың араласуынсыз, дұрыс жағдайда жететін болса игі.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»