Қазақстан • 22 Қараша, 2017

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағда­р­ла­ма­сы бойынша өңірлік жобалар қолға алынуда

593 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан – ауылшаруашылық әлеуеті зор ел. Ішкі нарықты қажетті азық-түлік түр­ле­­рімен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етумен қатар, шетелге шығарудың да мүмкін­дік­­тері мол. Жеріміз құнарлы, мал, астық өсіруге қолайлы. Жайылым-шабындық жет­кі­лікті. Бірақ әлі де экспортқа қарағанда импорт үлесінің басымдығы табиғат берген ен байлықты тиімді пайдалана алмай отырғанымызды көрсетеді. 

 

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағда­р­ла­ма­сы бойынша өңірлік жобалар қолға алынуда

Мәселен, ет өнімдерінің – 33, ірімшік пен сүзбенің – 42, шұжықтың – 45, сарымайдың – 36, құс етінің 54 пайызы өзге елдерден та­сы­малданады. Жұртшылық жапа-тармағай са­тып алғанымен, «арзанның жілігі татымайты­ны» белгілі. 

Қайта өңдеу саласы да төмен деңгейде. Өзге мемлекеттерге көбіне шикізат түрінде жөнелтіп, ұтылып жүрміз. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қа­білеттілік» Жолдауында көптеген пози­ция­лар бойынша әлемде ірі аграрлық экс­порттық өнім өндірушілермен теңесе алатынымыз, аграрлық секторды экономиканың жа­ңа драйверіне айналдыру үшін шикізат өн­ді­рі­сі­нен сапалы өңделген өнім шығаруға кө­шу жолдары атап көрсетілді. Бұл мақсат­тар­ға жету үшін субсидия бөлу қағидаларын қайта қа­рас­тыруға, бес жыл ішінде жарты мил­лион­нан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фер­мерлерді кооперативтер­ге біріктіруге та­сы­малдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құ­руға, еңбек өнімділігін арттыруға, ауыл ша­руашылығын әртараптандыруға баса көңіл бөлінді. 

Үкіметтің былтырғы кеңейтілген отырысында Президент ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырмалар бергені мәлім. Өзін-өзі қамтитындардың 60 пайыздайы шалғай елді мекендерде тұратыны ескеріліп, шағын несие беруді жалғастыру, жаңа жұмыс орында­рын ашу, өнімдерді өткізу және қайта өң­деу кооперативтерін құру, тағы басқа келе­лі міндеттер айқындалған еді. Осыған орай Үкімет Қазақстан Республикасының аг­ро­өнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасын қабылдап, бес жылда азық-түлік тау­арлары экспортының көлемін 600 милли­он долларға дейін жеткізу, импортты 400 мил­лион долларға азайту, еңбек өнімділігін 38 пайызға арттыру секілді талаптар қойды. Қар­жылық жағынан да, ұйымдастыру жа­ғынан да жан-жақты дәйектелген жос­пар өте ауқымды. Су, жер ресурстарын тиім­ді пайдалануға, сау­да-логистикалық инфра­құрылымды да­мы­ту­ға, ғылыми-технологиялық, кадрлық қамту жа­ғы­нан да жан-жақты қолдау жасалуда.

– Іс-қимыл жоспары бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие, икемді агроөнеркәсіптік кешен қалыптастыруды діттейді. Оның аясында ауылшаруашылық кооперациясы, тұқым ша­руашылығы, техникалық жарақтандыру, аг­ра­рлық қайта өңдеу, астық өндірісін әрта­рап­тандыру, субсидиялау сияқты келелі мә­селелер бойынша 13 дамыту картасы жасалды. Қазір жер-жерде қанатқақты жоба­лар­ға бай­ланысты ұйымдастыру шаралары жүр­гі­зі­луде, – деді Ауыл шаруашылығы мини­стрі­нің бірінші орынбасары Қайрат Айту­ға­нов ірі агроқұрылым басшылары бас қос­­қан кеңесте. 

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ғылыми орталықтардың, өн­ді­ріс орындарының қатысуымен қабыл­данған іс-шаралар кооперативтік қозғалыстарға қа­зір­дің өзінде үлкен серпін беріп отыр. Бі­рін­ші карта бойынша биыл 326 бірлестік құру жоспарланса, оның саны 745-ке жетіп, құрамына 56 мыңға жуық қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары кірген. Ет, сүт өндірісіне басымдық берілудің арқасында мал шаруашылығы өнімі 3,3 пайызға молайған.

Екінші карта ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласын жаңғыртуға арналған. Бұл бағытта да проблемалар жетерлік. Ши­кі­зат тапшылығынан ет комбинаттары, құ­ра­мажем, сүт зауыттары толық қуатына қо­сыл­мағандықтан, бір триллион теңгенің өні­мін кем алған. Енді жоба аясында 79 жаңа зауыт бой көтеріп, 80-і қайта жаңарады. Мұның өзі ет, сүт, тері, жүн, көкөніс өнімдерін қайта өңдеуді еселеп арттыруға мүмкіндік бермек. 

Үшінші карта трактор-машина паркінің осал тұстарын қамтиды. Бірінші вице-министр айтқандай, еліміздің диқандары 22 миллион тонна астық жинағанымен, 2 миллион 25 мың тоннасын қамбаға құюға үлгірмеген. Оның басты себебі тозығы жеткен техникаларға келіп тіреледі. Талдау нәтижесі комбайндардың – 40, тракторлардың 65 пай­ызының қолданылу мерзімі 17-20 жылдан асқанын көрсетіп берген. Енді отандық техникалар өндірісіне басымдық беріліп, бес пайыздық мөлшерде несие беру, инвестиция тарту, салық көлемін кеміту секілді же­ңіл­дік­тер арқылы ауылшаруашылық тех­ни­ка­ла­рының импорттық үлесін 72 пайыздан 45 пай­ызға дейін азайту белгіленген. 

Бағдарламада астық өндірісін әртарап­тан­дыру маңызды орын алады. Бұл орайда бидайды әлемдік үлкен сұранысқа ие да­қыл­дармен алмас-
тыру аса маңызды. Келелі жи­ында облыста майлы дақылдар көлемі 712 мың гектарға жеткені, келесі жылы бір мил­лион гектарды құрайтыны жақсы тә­жі­рибе ретінде атап өтілді. Оған қа­ты­су­шы­лар астық сапасының төмендеуін эли­та­лық тұқымдарды субсидиялауға шектеу қойылуымен байланыс­тырды. Бұл ойды құптаған Қ.Айтуғанов ал­­дағы уақытта мерзімі он жылдан асқан сұ­рып­тарға демеуқаржы бе­ріл­мейтінін, оның ор­нына элиталық тұқым ша­руашылығы қар­жы­­ландырылатынын атап өтті. Келесі жылдан бастап, сондай-ақ өсім­дік зиянкестері мен ауруларға қарсы қол­данылатын пре­па­рат­­­тарға 50 пайызға дей­ін жеңілдік қарас­ты­­рылады. Алқалы бас­қосуда Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтө­бе, Солтүстік Қазақстан облыстары ғана жем­азық­пен то­лық қамтамасыз етіп отырғаны көл­денең тар­­тылып, алда құрамажем мөлшері 2,5 есе, құр­­ғақ жем өндірісі 68 пайыз, ірі азық 5 есе кө­­бей­тілетіні, жайылым, суланды­ру мә­се­лелері де назардан тыс қалмайтыны ай­тыл­­ды. 

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағда­р­ла­ма­сында импортқа тәуелділіктен арылып, өнім­дерді шетел нарығына тасымалдаудың ти­імді тетіктері жан-жақты ойластырылғаны, Үкі­­­меттің қолдауы мен қаржылық қол­же­тім­­ділікке ерекше екпін түсірілгені агро­құ­ры­лым басшыларының сөздерінен де анық бі­лініп тұрды. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы