Мәселен, ет өнімдерінің – 33, ірімшік пен сүзбенің – 42, шұжықтың – 45, сарымайдың – 36, құс етінің 54 пайызы өзге елдерден тасымалданады. Жұртшылық жапа-тармағай сатып алғанымен, «арзанның жілігі татымайтыны» белгілі.
Қайта өңдеу саласы да төмен деңгейде. Өзге мемлекеттерге көбіне шикізат түрінде жөнелтіп, ұтылып жүрміз. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында көптеген позициялар бойынша әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілермен теңесе алатынымыз, аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру үшін шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу жолдары атап көрсетілді. Бұл мақсаттарға жету үшін субсидия бөлу қағидаларын қайта қарастыруға, бес жыл ішінде жарты миллионнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге біріктіруге тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құруға, еңбек өнімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға баса көңіл бөлінді.
Үкіметтің былтырғы кеңейтілген отырысында Президент ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырмалар бергені мәлім. Өзін-өзі қамтитындардың 60 пайыздайы шалғай елді мекендерде тұратыны ескеріліп, шағын несие беруді жалғастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнімдерді өткізу және қайта өңдеу кооперативтерін құру, тағы басқа келелі міндеттер айқындалған еді. Осыған орай Үкімет Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, бес жылда азық-түлік тауарлары экспортының көлемін 600 миллион долларға дейін жеткізу, импортты 400 миллион долларға азайту, еңбек өнімділігін 38 пайызға арттыру секілді талаптар қойды. Қаржылық жағынан да, ұйымдастыру жағынан да жан-жақты дәйектелген жоспар өте ауқымды. Су, жер ресурстарын тиімді пайдалануға, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, ғылыми-технологиялық, кадрлық қамту жағынан да жан-жақты қолдау жасалуда.
– Іс-қимыл жоспары бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие, икемді агроөнеркәсіптік кешен қалыптастыруды діттейді. Оның аясында ауылшаруашылық кооперациясы, тұқым шаруашылығы, техникалық жарақтандыру, аграрлық қайта өңдеу, астық өндірісін әртараптандыру, субсидиялау сияқты келелі мәселелер бойынша 13 дамыту картасы жасалды. Қазір жер-жерде қанатқақты жобаларға байланысты ұйымдастыру шаралары жүргізілуде, – деді Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов ірі агроқұрылым басшылары бас қосқан кеңесте.
Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ғылыми орталықтардың, өндіріс орындарының қатысуымен қабылданған іс-шаралар кооперативтік қозғалыстарға қазірдің өзінде үлкен серпін беріп отыр. Бірінші карта бойынша биыл 326 бірлестік құру жоспарланса, оның саны 745-ке жетіп, құрамына 56 мыңға жуық қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары кірген. Ет, сүт өндірісіне басымдық берілудің арқасында мал шаруашылығы өнімі 3,3 пайызға молайған.
Екінші карта ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласын жаңғыртуға арналған. Бұл бағытта да проблемалар жетерлік. Шикізат тапшылығынан ет комбинаттары, құрамажем, сүт зауыттары толық қуатына қосылмағандықтан, бір триллион теңгенің өнімін кем алған. Енді жоба аясында 79 жаңа зауыт бой көтеріп, 80-і қайта жаңарады. Мұның өзі ет, сүт, тері, жүн, көкөніс өнімдерін қайта өңдеуді еселеп арттыруға мүмкіндік бермек.
Үшінші карта трактор-машина паркінің осал тұстарын қамтиды. Бірінші вице-министр айтқандай, еліміздің диқандары 22 миллион тонна астық жинағанымен, 2 миллион 25 мың тоннасын қамбаға құюға үлгірмеген. Оның басты себебі тозығы жеткен техникаларға келіп тіреледі. Талдау нәтижесі комбайндардың – 40, тракторлардың 65 пайызының қолданылу мерзімі 17-20 жылдан асқанын көрсетіп берген. Енді отандық техникалар өндірісіне басымдық беріліп, бес пайыздық мөлшерде несие беру, инвестиция тарту, салық көлемін кеміту секілді жеңілдіктер арқылы ауылшаруашылық техникаларының импорттық үлесін 72 пайыздан 45 пайызға дейін азайту белгіленген.
Бағдарламада астық өндірісін әртараптандыру маңызды орын алады. Бұл орайда бидайды әлемдік үлкен сұранысқа ие дақылдармен алмас-
тыру аса маңызды. Келелі жиында облыста майлы дақылдар көлемі 712 мың гектарға жеткені, келесі жылы бір миллион гектарды құрайтыны жақсы тәжірибе ретінде атап өтілді. Оған қатысушылар астық сапасының төмендеуін элиталық тұқымдарды субсидиялауға шектеу қойылуымен байланыстырды. Бұл ойды құптаған Қ.Айтуғанов алдағы уақытта мерзімі он жылдан асқан сұрыптарға демеуқаржы берілмейтінін, оның орнына элиталық тұқым шаруашылығы қаржыландырылатынын атап өтті. Келесі жылдан бастап, сондай-ақ өсімдік зиянкестері мен ауруларға қарсы қолданылатын препараттарға 50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылады. Алқалы басқосуда Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстары ғана жемазықпен толық қамтамасыз етіп отырғаны көлденең тартылып, алда құрамажем мөлшері 2,5 есе, құрғақ жем өндірісі 68 пайыз, ірі азық 5 есе көбейтілетіні, жайылым, суландыру мәселелері де назардан тыс қалмайтыны айтылды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында импортқа тәуелділіктен арылып, өнімдерді шетел нарығына тасымалдаудың тиімді тетіктері жан-жақты ойластырылғаны, Үкіметтің қолдауы мен қаржылық қолжетімділікке ерекше екпін түсірілгені агроқұрылым басшыларының сөздерінен де анық білініп тұрды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы