– Астанаға қалай жеттіңіздер? Ұзақ жол кері әсерін тигізбеді ме?
– Бәрі жақсы. Қазір тынығып, демалып алдық. Ішкі біріншілікте «Атлетикке» (Бильбао) қарсы ойыннан кейін «Астана» туралы көп ойландық. Ертеңгі ойында үш ұпай жинағымыз келеді.
– Ла лигада «Севильяға» қарсы маңызды ойын күтіп тұр. Өткен турда «Атлетикке» қарсы ойнадыңыздар...
– Біз үшін әр матч маңызды екенін білеміз. Қиындықтарға төтеп беруге дайынбыз. «Севилья» мықты команда. «Астананың» да осал еместігін ұмытпағанымыз жөн. Сондай-ақ, Еуропа лигасында маңызды емес матчтар болмайды.
– «Астанадан» қандай ойын күтесіз?
– «Астана» да біз сияқты жеңіске жету үшін барын салары анық. Өздерінің үздік ойындарын көрсететініне сенімдімін. Алаңның барлық тұсына иелік етуге тырысады. Үш ұпай жинау үшін аянып қалмас. Бірақ біз де өз ойынымызды көрсетіп, қажет нәтижеге қол жеткізуіміз керек.
– Үш жыл бұрын «Астанаға» қарсы ойнаған едіңіз. Алаң жасанды болса да сапасы жақсы. Бұл туралы не ойлайсыз?
– Оның ешқандай маңызы жоқ. Біз қай жерде ойнасақ та маңызды емес. Тек өз ойынымызды көрсетуіміз керек. Ертең бәрін алаңда көреміз.
– Ұлттық құрамадағы ойыннан кейін өз күшіңізді қалай сақтадыңыз?
– Маған ертеңгі ойын маңызды. Бапкерім маған сенім артып отыр. Ең бастысы сол.
– «Астана» еурокубоктық ойындарда өз алаңында соңғы рет «Вильярреалдан» ұтылған болатын. Одан бері 17 ойын өтті, ешкімге есе бермей келеді. Бұл туралы қандай ойдасыз?
– «Астана» жыл сайын дамып келеді. Жыл сайын Еуропада өнер көрсетіп, тәжірибе жинады. Талантты ойыншылары да аз емес. «Астанамен» қазір кім болса да санасады.
– Жасанды алаң туралы не ойлайсыз? Бұл сіздерді алаңдата ма?
– Алаңға тезірек бейімделуіміз керек. Өз ойынымызды көрсетіп, жеңуіміз керек.
– Алғашқы ойыннан кейін «Астанадан» қай ойыншыны ерекше атап өтер едіңіз?
– Маған Патрик Твумасидің ойыны ұнады. Оның жылдамдығы, тез ойлап, тез шешім қабылдайтыны таң қалдырды. Ертең де өзін жақсы қырынан көрсетеді деп ойлаймын.
Айта кетейік, «Астана» мен «Вильярреал» арасындағы кездесу ертең, яғни 23 қазан күні «Астана-Арена» стадионында 22:00-де басталады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»