Қазақстан • 23 Қараша, 2017

Ұлт жоспарының іске асырылуы талқыланды

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. 

Ұлт жоспарының іске асырылуы талқыланды

Оған Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов, Премьер-Министр Кеңсесі Қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімінің меңгерушісі Мұрат Баймұқашев, сонымен қатар Үйлестіру кеңесінің мүшелері қатысты. 

Жиында Ұлт жоспарының 28-34-қа­дам­дарының іске асырылу мәселелері талқыланды. Нақтылай айтқанда, полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жақсарту, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу, жергілікті полиция қызметін құру, азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамта­масыз ету, «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын құру, сотталғандарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру, пенитен­циарлық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері сөз болды.

Күн тәртібінің екінші және үшінші сұрақтары мәселелері құқық қорғау органдары жеке құрамының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің жекелеген мәселелері болды.

Басқосуда Жақып Асанов шараға қатысушылардың назарын көтеріліп отырған мәселелердің маңыздылығына аударды, сондай-ақ Ұлт жоспарының же­ке­леген қадамдарын іске асыру бары­сындағы кейбір жағдаяттарға тоқталды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев Ұлт жоспарының 28,30,31,33 және 34-қадамдары бойынша ведомство тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ал 32-қадамның жүзеге асырылуы жөнінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы (ҚСжАЕК) Бағдат Мусин есеп берді. Б.Мусин қатысушыларға «Қылмыстық құқық бұзу картасының» мүмкіндіктеріне тоқталып, аталған картаның азаматтар үшін өте ыңғайлы құралға айналғанын айтты.

Сонымен қатар картаның мүмкіндігін одан әрі кеңейту мақсатында комитет тарапынан «Қылмыстылықты сараптау» атты геоақпаратты карта әзірленді. Бұл бағдарлама енгізілген параметрлер негізінде өңірдегі қылмыстылықтың ошағын анықтап, қылмыстың құрылымы мен мерзімінің кестесін көрсете алады.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Талғат Татубаев өткен жылдың желтоқсанында ұсынылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жол картасының орындалуы, сондай-ақ Ұлт жоспарының 29-қадамының іске асырылуы жайлы баяндады.

Отырыстың нәтижесінде бағдар­ла­малық құжаттың тиісті дәрежеде жүзеге асырылуы, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық пен азаптауға қарсы жұмыстарды әрі қарай ұйымдастыру бойынша ұсынымдар әзірленді.

«Егемен-ақпарат»