– Расында, өзіңіз айтқандай, биылғы жылы құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар арасында үшінші рет өткізіліп отырған ведомствоаралық республикалық байқаудың негізгі мақсаты – отаншылдық рух пен патриоттық сана-сезімді күшейту. «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», деп бізге батырлық пен батылдықтың үлгісі бола білген Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отанды қорғау – әр азаматтың парызы. Ал Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру адамның өмірге келген сәтінен басталып, отбасында осы ұғым бала бойына сіңіріліп, түсіндірілуі тиіс. Сонда ғана кез келген адам елі мен халқының, қала берді өз отбасының қауіпсіздігі мен келешегі өзінің қолында екенін түсінетін болады.
Соған орай сонау 2014 жылдан бастау алған бұл шара бұрын «Тіл – татулық тірегі», «Тіл – тұтастық кепілі» деп аталды. Енді Мемлекет басшысының рухани жаңғыруға шақырған қоғам үшін аса құнды «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сай биылғы жылы оны «Рухани жаңғыру – патриотизм негізі» деген атаумен өткізгелі отырмыз. Негізгі мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау мен патриоттық рухты күшейтуге қадам жасау. Байқауға мемлекетіміздің алты органы қатысады. Олар: Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі. Биылғы сайыс екі турдан құралады. Мемлекеттік мекеменің рухани жаңғыру бойынша атқарған істерінің таныстырылуы мен «Рухани жаңғыру – патриотизм негізі» деген атаумен театрландырылған сахналық қойылым қойылады. Әр мекеменің қызметкері өздеріне қойылған талаптың маңыздылығын терең сезініп, дайындыққа ерекше мән беруде.
Тіл қай елде, қай жерде, қай халықта болсын қашанда өз құндылығын жоғалтқан емес. Қазақ баласының өз халқын құрметтеп, елін сүюі үшін, ол ана тілін құрметтеуі керек. Елін сүю – ол елінің патриоты болу. Отан алдындағы парыз, абырой және халыққа адалдық – қай уақытта да осы мекеме қызметкерлері үшін күмәнсіз бағдар. Жоғары патриоттық сананы дәріптеу мемлекет және құқық қорғау органдары үшін аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азамат елмен біртұтастығын сезінуі, бауырмал халықтың бір бөлігі екендігін түсінуі қажет. Ойымды Бауыржан Момышұлының «Нағыз жауынгердің қасиеттерін тәрбиелеуде дәстүрлер, патриотизм мен тәртіптің зор мағынасы бар», деген сөзімен түйіндегім келеді.
Жазып алған
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»