23 Қараша, 2017

Елін сүю – елдің патриоты болу

1746 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің Бас прокуратурасының бастамасымен және Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен ұйымдастырылған құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар арасындағы байқау биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр. Бұл республикалық байқаудың негізгі мақсаты отаншылдық рух пен патриоттық сана-сезімді күшейту болып табылады. Осыған байланысты біз Бас прокурордың аға көмекшісі Нұргүл Қарағойшинаға жолығып, бұл байқаудың мән-маңызы туралы айтып беруін сұраған едік.

Елін сүю – елдің патриоты болу

– Расында, өзіңіз айтқандай, биылғы жылы құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар арасында үшінші рет өткізіліп отырған ведомствоаралық республикалық байқаудың негізгі мақсаты – отаншылдық рух пен патриоттық сана-сезімді күшейту. «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», деп бізге батырлық пен батылдықтың үлгісі бола білген Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отанды қорғау – әр азаматтың парызы. Ал Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру адамның өмірге келген сәтінен басталып, отбасында осы ұғым бала бойына сіңіріліп, түсіндірілуі тиіс. Сонда ғана кез келген адам елі мен халқының, қала берді өз отбасының қауіпсіздігі мен келешегі өзінің қолында екенін түсінетін болады.

Соған орай сонау 2014 жыл­дан бастау алған бұл шара бұрын «Тіл – татулық тірегі», «Тіл – тұтастық кепілі» деп аталды. Енді Мемлекет басшы­сының рухани жаңғыруға ша­қыр­ған қоғам үшін аса құнды «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласына сай биылғы жылы оны «Рухани жаңғыру – патриотизм негізі» деген атаумен өткізгелі отыр­мыз. Негізгі мақсаты – Елба­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау мен пат­риоттық рухты күшейтуге қадам жасау. Байқауға мемлекетіміздің алты органы қатысады. Олар: Бас прокуратура, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Шека­ра қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі, Мемлекеттік қыз­мет іс­тері және сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі, Іш­кі істер министрлігі, Қорғаныс ми­нистрлігі. Биылғы сайыс екі тур­дан құралады. Мемлекеттік мекеменің рухани жаңғыру бойын­ша атқарған істерінің таныс­ты­рылуы мен «Рухани жаң­ғыру – патриотизм негізі» деген атау­мен театр­ландырылған сах­налық қо­йы­лым қойылады. Әр мекеменің қыз­мет­кері өздеріне қойылған талап­­тың маңыздылығын терең сезі­ніп, дайындыққа ерекше мән беруде.

Тіл қай елде, қай жерде, қай халықта болсын қашанда өз құн­ды­лығын жоғалтқан емес. Қазақ баласының өз халқын құр­мет­теп, елін сүюі үшін, ол ана тілін құр­меттеуі керек. Елін сүю – ол елінің патриоты болу. Отан алдындағы парыз, абырой және халыққа адалдық – қай уақытта да осы мекеме қызметкерлері үшін күмәнсіз бағдар. Жоғары патриоттық сананы дәріптеу мемлекет және құқық қорғау органдары үшін аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азамат елмен біртұтастығын сезінуі, бауырмал халықтың бір бөлігі екендігін түсінуі қа­жет. Ойымды Ба­уыр­жан Момышұлының «Нағыз жа­уын­гердің қасиеттерін тәрбие­леуде дәстүрлер, патриотизм мен тәртіптің зор мағынасы бар», деген сөзімен түйіндегім келеді.

Жазып алған

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»