Қазақстан • 23 Қараша, 2017

Қарулы Күштердегі жаңа жобалар

384 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сап түзегеніне ширек ғасыр толған төл әс­керіміз елмен бірге есейді. Бұғанасы қатып, буыны бекіді. Бұл – 25 жылдың биігінен қарағанда берілген баға. 

Қарулы Күштердегі жаңа жобалар

­ Биылғы жыл да Қазақстан Қарулы Күштері үшін ме­рей­лі болды деп айтуға то­лық негіз бар. Жыл басынан­ бері Қазақстан әскерінің қа­ты­суымен өткен ірілі-ұсақ­ты оқу-жаттығулардың әле­уе­ті­мізді айқындап бер­ге­ні сөзсіз. Бір мезетте бес мемлекеттің аумағында өткі­зілген Халықаралық армия ойын­дарында да жұлдызымыз жанып, жүлделі орынға кө­терілуіміз, алдымен Қарулы Күш­тердің қауқарының қай деңгейде екенін дәлелдесе керек. Бұл сайдың тасындай сайыпқырандарымыздың төк­кен тері мен жанқиярлық ең­бегінің нәтижесі. Бағзы заманның баһадүр жырау­ларынша қайырсақ, «түн қа­тып жүріп, түс қашпай» жауынгерлік кезекшілік атқа­ратын «әр сардар мен сарбаз біз­дің жалғызымыз!».

Қарулы Күштер үшін де жыл­жабар шақта өткен кезеңде атқарылған іс-шараларды сараптап, талдау жасау заңдылық. Әңгімеміздің басында ерекше бөліп айтқан жауынгерлік даярлық, оған қоса әскери тәр­тіп, әскерилердің әлеуметтік қам­тамасыз етілу мәселелері күн тәртібінен ешқашан түс­кен емес. Қалам ұстаған әріп­тес­теріміз де әскердің тыныс-тір­шілігі мен ондағы жылт еткен жа­ңалықтарды жарыса жазып келеді. Біз осы жыл бойы атқарылған іс-шаралардың ішінен елді елең еткізерлік жаңа­лық болған бірер тақы­рып­қа ғана тоқталмақпыз.

Жастар – қоғамның күре­тамыры. Қазіргі таңда жас ұрпақты қазақстандық патрио­тизм рухында тәрбиелеу, олар­дың арасында әскери-қол­данбалы спорт түрлерін дәріп­теу, спортқа баулу һәм саламатты өмір салтын насихаттау Қарулы Күштердің басты ұстанымына айналып отыр.

Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, соң­ғы жылдары еліміздегі әскери-патриоттық клуб­тар­дың саны 13 есеге көбей­се, ­оқушыларды әскери-пат­­риот­­тық шараларға тарту­ 70 пайызға дейін артқан. Осы­дан-ақ, жастардың бос уа­қыттарында білім алып, әскери істі меңгергісі келетінін оңай аң­ғаруға болады.

Сонымен қатар бұл Қор­ға­ныс ведомствосы басшы­лы­ғының болашақ ел қорған­дарына тәрбие беру саясатын түбегейлі өзгерткендігін біл­д­іреді. Қарулы Күштердің мұрындық болуымен өске­лең ұрпаққа әскери-патриот­тық тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар­дың ауқымы жыл өткен сайын ұлғайып, сапасы артып келеді. Оның жарқын мысалы ретінде жыл сайын маусым айында «Астана» өңірлік қолбасшылығының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өте­­­тін мемлекеттік деңгейдегі «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынын айтуға болады.

Биыл тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткізілген жас патриоттар жиыны Қазақстан Қарулы Күштерінің әлем алдындағы мәртебесін тағы бір өсіріп тастағаны сөзсіз. Бастысы, Мәңгілік елге тірек болар Ұлы даланың болашақ сардарлары мен сарбаздарына лайықты тәрбие беріп жатқанымыз қуантады. Ұлы мұрат жолындағы игі шаралар осындай болса керек.

Қазақ халқы үшін қалам мен қару қашанда қа­наттас ұғымдар. Бастауын жауын­герлік жыраулар поэзиясынан алып, алтын арқауы Бауыр­жан Момышұлына дейін ұлас­қан әскери тақырып ХХІ ғасыр­да да жалғасын тауып­ келеді. Биыл Қазақстан Қару­лы Күштері өзінің ширек ғасыр тарихында тұңғыш рет рес­публикалық деңгейдегі бас­пасөз фестивалін жариялап, жур­налистерді дүбірлі додаға шақырды.

«Әскер Медиа – 2017» деп ата­латын бұл байқау шын мә­нін­де Отан қорғаушылардың ашықтығын, олардың жұмы­сының бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерімен өзара үйле­сім тауып жатқанын дә­лел­дей алды деуге толық не­гіз бар. Аталған фестиваль елі­міздің медиа-ортасында ай­тарлықтай беделге ие болды де­сек артық айтқандық емес. Фестиваль аясында бұқаралық ақпарат құралдарында Қарулы Күштердің қызметі, ондағы әскери қызметшілердің азамат­тық келбеті білікті әрі дәйекті түрде жарияланды. Бұл бастама, сонымен бірге қоғамның төл әскері туралы жағымды көзқарасын қалыптастыруға да оң әсер еткені сөзсіз. Негізінен, аталған жоба осындай бас­ты ерекшеліктері арқылы өз үдесінен шыға білгенін бөліп айту керек.

Сонымен, байқауға еліміз­дің түкпір-түкпірінен 9 аталым бойынша 200-ге жуық автор өтінім берсе, келіп түскен мате­риалдардың саны 300-ге жуықтаған. Баспасөз бен телевизия саласының майын ішкен кілең «сен тұр, мен атайын» мықтылардан құралған қазылар алқасы осы өтінім беру­шілердің арасынан 50 автор­дың жұмысын ақтық сынға лайық деп бөліп алып шық­қан болатын. Топжарғаны – 9.

Осы жерде әскери орта мен жалпы қоғамның айтарлықтай қызы­ғушылығын тудырған бұл жобаны болашақта ха­лық­аралық деңгейде ұйым­дастырсақ қалай болар екен деген де ұсыныстардың болға­нын айта кеткен жөн. Несі бар, елдің атын шығарар ер­лер барда кез келген байрақ­ты бәсекеде атымыз озары аян ғой.

Халықаралық қо­ғам­дастықты Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күште­рі­нің жетістіктері туралы нақ­ты әрі шынайы деректермен ақпараттандыруға лайықты үлесімізді қосып жатсақ, ол­ құптарлық іс. Әрі ондай ауқым­ды шараны Қорғаныс министрлігіне қарасты Ақпа­рат және коммуникациялар де­па­ртаментінің креативті бас­шылары жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізері дау­сыз.

Сонымен қатар, биылғы қараша айының алғашқы онкүндігі Қарулы Күштер үшін қарбаласқа толы бол­ды­. Астанада жоғарыда сөз болған «Әскер Медиа» фес­ти­валінің қорытындысы шы­ғарылды. Командирлер мен олардың тәрбие және идео­логиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары Қорғаныс министрлігінің әскери алқа отырысында бас қосты. Оған олармен өткізілген оқу-­әдістемелік жиындарды қо­сыңыз.

Қарулы Күштердің Ұлт­тық әскери па­триот­тық­ орталы­ғында Қа­зақ­стан Республикасы Қа­ру­лы Күштері Бас штабы бас­ты­ғының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Тала­совтың жетекшілік етуімен әс­кери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыстың ұйым­дастырылуы бойынша жиын өткізілді. Бұл бір қарағанда көп жиындардың бірі сияқты көрінгенімен, негізінен бұны Қарулы Күштердегі жаңа бас­­тама десе болады. «Отан отба­сынан басталады» деген қағидаға сүйенсек, бұл инс­титуттың берері көп болмақ.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұй­рығы негізінде 2017 жылы әс­кери қызметшілердің отба­сыларында моральдық-пси­хологиялық климатты ны­ғай­ту, олардың рухани-адам­­­гершілік және мәдени-тұр­мыстық қажеттіліктерін қа­нағаттандыру мақсатында Қарулы Күштердің әскери бө­лімдері мен мекемелерінде әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыстың ұйымдастырылуы бойынша қызметтер құрылған болатын.

Жаңа жобаның әскеріміздің жауынгерлік қабілетін нығай­туға қосар үлесі келер күннің еншісінде. Тек, жаңа жобаға жанашырлық танытсақ бол­ғаны.

Мұхарбек МАХАМБЕТ,
подполковник