Құрбан айт мерекесі – адалдық пен шынайы ықылас-ниетке негізделген шара. Құрбандық шалу арқылы адамның ішкі ниеті, пейілі сыналады, жомарттығы танылады, адам баласының мейірімі оянып, біріне-бірі қайырымдылық жасауға ұмтылады. Бұл – жақындасу мен рухани түлеудің мерекесі.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Материалдық игіліктермен ешқандай байланыспайтын РУХАНИЯТ, АДАМГЕРШІЛІК деген даусыз ұлы құндылықтар бар. Олар адам үшін әрдайым басым және негіз қалаушы болып қала береді» деген сөзі бар. Дін – әр адам үшін рухани негіз, адамгершілік бастауы, ақыл-ой парасаты.
Ұлт бар жерде дін бар. Барлық діннің негізі бір – адамзатты ізгілікке бастау. Әр елдің өз даму, қалыптасу тарихына сәйкес бір діннің кейбір қағидаттарының өзгеше қабылданғаны табиғи жайт. Оны түсіну, өз ұлтыңның тарихы қалыбынан шығып кетпей, еліктеуге бой ұрмай, ділдік қасиетіңді дінің арқылы сақтап, ұлылық көрсету – баршамыздың алдымызда тұрған ұлы міндет. Сонымен қатар, өзгенің сенімін жоққа шығармай, ортақ қоғамда үйлесімділік орнату, көршінің көңілін қабыл көріп, бірлесе бейбіт өмір сүруді негізге алған Ата Заңымызды сыйлау, қағидаттарын көзіміздің қарашығындай сақтау да баршамыздың парызымыз.
Құрбан айт рухы биік, жаны бай Қазақстан халқының өркениетті дүниетанымының өнегелі тағылымы ретінде рухани биік адамгершілікті қалыптастырудың мерекесі.
Жас еліміздің 20 жылдық Тәуелсіздік тарихымен тұспа-тұс келген Ұлы мейрам мүбәрәк болсын, баршаңыздың ниеттеріңіз қабыл болсын!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі.