СІМ басшысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан азат әлемді құру, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін шақыру секілді бастамаларына жан-жақты тоқталып өтті. Сонымен қатар ол Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік, Африкадағы бейбітшілік пен тұрақтылық, халықаралық терроризмге қарсы тұру, Сириядағы дағдарысты, Ауғанстандағы жағдайды реттеу мәселелеріне және БҰҰ реформаларына ерекше назар аударатынын атап өтті.
Қ.Әбдірахманов британдық парламент депутаттарымен, Боб Стюарт төрағалық ететін Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі бүкілпартиялық тобының мүшелерімен кездесті. Министр британдық парламент мүшелерін Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен таныстырды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен жекешелендіру бағдарламасын іске асыру туралы, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру және дамыту жобасы туралы айтты.
Қазақстандық сыртқы саяси ведомство басшысының Лондонға сапарының басты мақсаты алдағы уақытта екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту болды. Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесу барысында ағымдағы және перспективалық бірлескен жобалар талқыланды. ЕҚҚДБ басшысының айтуынша, Қазақстан банктің үлгілі серіктесі болып табылады. Соңғы жылдары мемлекет және жеке сектормен бірлескен жобалардың саны айтарлықтай өсті және Қазақстанның аймақтағы және әлемдегі рөлі артты. ЕҚҚДБ мемлекет-жекеменшік серіктестік жобаларын және «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыруда, сондай-ақ сыртқы нарықтарда ел маркетингін дамытуда Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.
Сыртқы істер министрінің беделді кәсіпкерлер – Британ-Қазақ қоғамы мүшелерімен кездесуінің күн тәртібінде іскерлік ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстанның мұнай жобаларынан басқа салаларына инвестиция салуға қызығушылық танытқан «Independent Power Corporation» және «United Green» компанияларының басшыларымен жеке кездесулер барысында Қазақстан экономикасына инвестициялау және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелері талқыланды. Сапар соңында Қ.Әбдірахманов Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алатын қазақстандық студенттер қауымдастығымен кездесті.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»