Медицина • 23 Қараша, 2017

Қоғамдық көлік қызметі көңілден шыға ма?

686 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбе – болашағы жарқын қалалардың бірі. Агломерациялық аймақ орталығындағы тұрғындар саны жылдан жылға жедел өсіп келеді. Өңірдегі өрелі өзгерістер өз кезегінде қоғамдық көлікке деген сұраныс деңгейін одан әрі көтере түспек. 

Қоғамдық көлік қызметі көңілден шыға ма?

Бұған дейін Ақтөбе қаласында жолаушылар тасымалына электр қуатының күшімен қозғалатын троллейбустар да қолданылып келген еді. Алайда кейінгі кезде троллейбустардың қозғалыс кестесінен алынып тасталуы автобустарға деген қажеттілікті күрт көбейтіп жіберді. 

Қала әкімі Ілияс Испановтың мәлімдеуіне қарағанда, облыс орталығында 52 автобус бағыты белгіленген. Аталған бағыттағы қоғамдық көліктер шағын, орта және үлкен сыйымдылықтағы 465 автобусты біріктіреді. Әйтсе де қоғамдық көліктер қала тұрғындарының талап-тілектерін қанағаттандыра алмай отыр.

Бұл қала тұрғындары мен келушілер санының бұған дейінгі кезбен салыстырғанда әжептәуір көбейе түскенін көрсетеді. Әрине, бұл мәселеде жергілікті атқарушы билік органдары қимыл-қозғалыссыз отыр деуге болмас. Керісінше, түйткілді реттеу жолдары қарастырылған. Соған сәйкес бүгінде «ЛИАЗ» маркалы 40 автобус сатып алынды. Ал алдағы жылы тағы да осындай 80 автобусты қала қозғалысы кестесіне қосу көзделген. Сол кезде қоғамдық көліктердің қозғалысына қатысты ақтөбеліктер тарапынан түсетін арыз-шағымдар мен өкпе-реніштер де саябыр табуы тиіс.

Қаладағы қоғамдық көліктер туралы әңгіме қозғаған кезде ұмыт қалдыруға болмайтын тағы бір мәселе бар. Бұл автобустар мен троллейбустардың жүру кестелері мен аралық уақыттары және осы тәртіпті қоғамдық көлікті жүргізушілердің сақтауы болып табылады. Міне, жоғарыда айтылғандай, қоғамдық көлікті үнемі пайдаланатын қала тұрғындарының орынды өкпе-реніштерін туғызып жүрген көріністер де осы.

Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көлікті күн сайын пайдаланатын тұрғын ретінде бұл мәселенің орынды екеніне, оның шындықпен астасып жатқанына куәміз. Бұған көпшіліктің көзі үйренген. Қалалық автобус қатынастарының кестесі таңғы сағат 6.00-ден кешкі 23.00-ге дейінгі мерзімге есептеліп келген. Ал Ақтөбедегі тасымалдаушы компаниялар бұл тәртіпті белден басып жүр. Әсіресе, күзгі және қысқы кезеңдерде түн ұзарып, қараңғылық ерте түседі. Бір қынжыларлық жайт, сол кезде автобустардың жүрісі де бәсеңдей бастайды.

Сонда қалай? Тасымалдаушы компаниялар өз өкілдеріне бақылау жасамайтын болғаны ма? Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа табылмағаны ма? Ақтөбе қаласында «Жолаушыларды тасымалдау орталығы» ЖШС атты жаңа өндірістік қоғамдық кәсіпорын құрылып, жұмыс істей бастады. Жаңа құрылымның басты міндеті – автобустардың парктен шығу және кіру уақытын, сонымен бірге аялдамаларға тоқтайтын аралық мерзімдерін бақылау.

Екінші бір айта кетерлік мәселе, Ақтөбе қаласындағы шағын, орта және үлкен сыйымдылықтағы бірқатар автобустарда жолақысы төленсе де, жүргіншілердің қолына билет бермейтін көріністер кездеседі. Мұндай жағдайда жолақы пұлы жекеменшік компаниялар иелерінің қолында кетеді. Әрі бұл кереғарлық жолаушылар тасымалдау қызметінен түсетін салық мөлшерінің азая түсуіне де әсер етеді. Сондықтан қоғамдық көлік қозғалысын бақылауды қолға алған «Жолаушылар тасымалдау орталығы» ЖШС нормативтік талаптардың сақталуына да көңіл аударса құба-құп.

Бүгінде Ақтөбе шетелдік қонақтар мен туристердің, осы қалада өткізілетін халықаралық деңгейдегі әртүрлі жиындарға қатысушылардың жиі келетін шаһарына айналып келеді. Осындай сәтте олардың назары ең алдымен аялдамаларға ауатыны табиғи жайт. Сондықтан қала әкімдігі тарапынан аялдамалардың ажарын аша түсуге, оның сәнді де сәулетті көз тартарлықтай болуына көңіл бөліне бастағаны қолдауға тұрарлық іс. Алдағы уақытта ашылатын жаңа аялдамалар жеке кәсіпкерлер қаражаты есебінен атқарылмақ. Бір сөзбен айтқанда, аялдама – мәдениетті, үлгілі әрі ақылды қала атанудың бір көрінісі болуға тиіс деген биік сана-сезім алға шығып келеді. Бұл сөз жоқ, игі нышан.

Ақтөбеде республика қалалары арасындағы ең төменгі жол ақы мөлшерінің бірі тіркелген. Яғни жолақы құны – 55 теңге.

Әйтсе де, биыл өңірдегі жолаушылар тасымалдайтын жекеменшік компаниялар жетекшілері бұл бағаның өте төмендігін, өзін-өзі ақтамайтынын, автопарктерді жаңғыртуға және жанармай шығындарын өтеуге жетпейтінін көлденең тартқаны белгілі. Бұл мәселе Ақтөбе облыстық әкімдігінің алқа мәжілісінде де талқыланды. Осы арада қалалық жолақы құнына қатысты мәселенің соңғы нүктесін өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қойып: «тариф көтерілмейді. Өйткені сіздер орынсыз талап қойып отырсыздар. Мамандар мен сарапшылардың есептеуінше, қалалық жолақы құнын көтеру үшін әзірге ешқандай негіз жоқ. Одан да бұған дейін босаңсытып жіберген өз қызметтеріңізді дұрыс жолға қойып, қала тұрғындарының алдындағы жауапкершіліктеріңізді көтергендеріңіз жөн», деген болатын.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ