Фото: Раушан НҰҒМАНБЕК
Көрмеде тәрбиеленушілердің фотосуреттері, сондай-ақ гуашь техникасында орындалған шығармашылық жұмыстары қойылған. Осындай қызықты және үлкен қажырлықты талап ететін ғажайып өнерді балаларға эстетикалық тәрбие беру секторының меңгерушісі Наталия Белякина жалықпай үйретіп келеді.
– Көрме көрсеткендей, жаңа шығармашылық әдістемелерін пайдалану арқылы аутист баланың талантын ашуға мүмкіндік туып отыр, – дейді ол. – Бүгінде балаларымыз шынайы және көп қырлы суреттерді сала алады. Осылайша, өздерінің ішкі жан дүниесінің бір қырын ашпақ.
Аутистік ауытқулары бар балалар сұлулықты тамаша бейнелейді екен. Өйткені аутист балалардың тұйық болатындығы және айналасындағыларға өз ниетін жеткізе алмайтындығы ешкімге құпия емес. Соңдықтан осындай балалардың қоршаған әлеммен қарым-қатынасын орнатуды сурет саласындағы арнайы арт-әдістердің көмегімен жүзеге асыру керек. Осы әдістерді орталық қызметкерлері жақсы меңгеріпті.
«Жарқын болашақ» орталығы – Семей қаласындағы аутистік ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мамандандырылған жалғыз мекеме. «Ерекше әлем» балалар қорының басшысы Арайлым Әлісжанова. Орталық 2015 жылдан бастап жұмыс жасайды. «Жарқын болашақ» түзету және оңалту орталығының сабақтарына 20 шақты тәрбиеленуші қатысады. Орталықта балаларға білім және қоршаған орта және қоғам туралы түсініктер беріледі. Әр түрлі ойындар ойнау, маңызды ойлау және шығармашылыққа жататын іскерлік пен икемділіктерін арттырады.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ