Технология • 23 Қараша, 2017

Android телефондары геолокациялық мәліметтерді Google компаниясына жолдайды

953 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Android жүйесіндегі смартфондардың көпшілігі геолокация қызметі өшіп тұрса да, тұтынушының мекен-жайы туралы мәліметтерді Google компаниясына жолдайды, деп жазады ВВС Quartz сайтына сілтеме жасап. 

Android телефондары геолокациялық мәліметтерді Google компаниясына жолдайды

Порталдың хабарлауынша, Android базасындағы телефондар жақын жердегі мобильді байланыс стансалар туралы ақпараттарды жинап, оны Google компаниясына берген. Бұл мәліметтер смартфон иесінің нақты мекен-жайын көрсетіп бере алады. Аталған проблема Google Play Services қосымшасын іске қосқан телефондарда байқалған. 

Жеке мәліметтердің құпия сақталуын қолдайтын белсенділер Google "өз тұтынушыларын сатып кетті" деп мәлімдеді. 

Google Quartz сайты жариялаған ақпаратқа жауап беріп, компания серверлерінде тұтынушылардың мекен-жайы туралы ақпарат сақталмағанын, геолокациялық мәліметтерді жолдауды тоқтату үшін Android жүйесіне өзгерістер енгізетінін айтты. 

Google 11 ай бойы стансалардың мекен-жайларын хабарлама жіберу жылдамдықғы мен сапаны арттыру үшін жинаған. Компанияның айтуынша, жиналған ақпарат бірден өшіріліп отырған. 

Интернеттегі тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын Privacy International ұйымы адамдар қолдарындағы смартфондардың не істеп жатқандарын білмейтінін айтты. "Біз смартфон сатып алғанда, мұндай сатқындықты күтпейміз. Google бұл әрекеттерін тоқтатамыз деп айтқанымен, оның бізге айтпай тағы не істеп жатқанынан біз бейхабармыз", дейді ұйымның заңгерлері.