Бұл іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырды.
Америкалық аудиторияға «Қыз Жібек», «Алмас қылыш», «Анаға апарар жол» және «Оскар» сыйлығына ұсынылған, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың балалық шағы туралы баяндалған «Балалық шағымның аспаны» фильмі ұсынылды.
Қазақстан делегациясын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарды. Ашылу салтанатында ведомство басшысы АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының Мәдениет және кино күндерін өткізу американдықтардың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын тудырып, қазақ-америкалық мәдени байланыстардың дамуындағы жаңа кезеңге айналатынын атап өтті.
«Бұл іс-шара екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынас тарихында қалатыны сөзсіз! «Spirit of the Great Steppe» – «Ұлы Дала Рухы» атты шарамыздың көздеген мақсаты – америкалық көрермендерді Қазақстанның бай ұлттық – мәдени мұрасымен таныстыру болып табылады», – деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Аталған шараға Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі – Ержан Қазыханов, белгілі мәдениет және қоғам қайраткерлері, КСРО және Қазақстан Халық әртісі Асанәлі Әшімов, ҚР Халық әртісі Құман Тастанбеков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Өтекешова, ҚР Халық әртісі Айман Мұсаходжаева, режиссер Рүстем Әбдірашов, актриса Алтынай Нөгербек, Мадина Есманова және Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері қатысты.
Асанәлі Әшімов екі елдің мәдени қарым-қатынастарына арналған іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
«Біз ұзақ жол арқылы Лос-Анджелеске ұшып келдік. Біздің «Қыз Жібек» туындымыз өте жылы қабылданып отыр. Фильм көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырғанына қуаныштымын, - деді КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі.
Шетелдік кинорежиссерлер қазақстандық кинематографтың дамуына жоғары баға бере отырып, отандық кинофильмдерге қатысты пікірлерін білдірді. Spirit of the Great Steppe «қызыл кілемінде» Джон Малкович пен «Гладиатор» фильмінің авторы Дэвид Франзони жүріп өтті. Оскар сыйлығының иегері, Қазақстанда өткен Еуразия кинофестивалінде қазылар алқасының мүшесі болғанын атап өтті.
«Мен де қазақстандық киномен таныспын. Ең алдымен ондағы актерлердің талант деңгейіне таңырқадым. Қазақстандық кино әртүрлі – қарапайымнан өте күрделіге дейін. Фильм неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым жақсы. Сіздердің киноларыңыз коммерциялық мәселеден алшақтау, міне бізге де осы жағынан сіздерден үйренеріміз көп», - деді Франзони.
Қазақ кинорежиссерлердің жұмысы америкалықтарды таңқалдырмай қоймады. Залдағы көрермен киноның соңына дейін ерекше әсермен отырды.
«Маған «Анаға апарар жол» фильміндегі актерлердің ойындары ұнады. Өте мықты актерлік құрам. Сюжет өте қызықты, ол қиындықтарға қарамастан, сіз өзіңізді сүйе алатыныңызды көрсетеді. Бұдан басқа, мен Қазақстан туралы фильм арқылы көп нәрсе білдім», - дейді Лос-Анджелес тұрғыны Брайан Мастрофини Ақан Сатаевтың фильмін көргеннен кейін.
Фильмнің көрсетілімінен кейін ҚР Халық әртісі Айман Мұсаходжаеваның, Халықаралық конкурстардың лауреаты Еділ Құсайыновтың, ҚазҰӨУ-нің еуразиялық симфониялық оркестрінің және дүние жүзіне танымал Димаш Құдайбергеннің қатысуымен үлкен концерт өтіп, американдық тыңдармандардың зор ықыласына бөленді.