Қазақстан • 23 Қараша, 2017

Ақселеу – қазақтың қазынасы

2806 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбектің туғанына 75 жыл толуына орай  Астанадағы №3 балалар кітапханасында «Қазына қалдырған қаламгер» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Ақселеу – қазақтың қазынасы

Еске алу кешіне жазушы-ғалымның қызы Перизат Ақселеуқызы, Ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Орынбай Дүйсен, кітапхана қызметкерлері мен оқушылар қатысты. Жас ұрпақты қазаққа тұтқа болған азаматтармен таныстыру, жақындастыру мақсатында өткен игі шарада, мектеп оқушылары Ақселеу Сейдімбек шығармаларынан үзінді оқып, өмірбаянына шолу жасады.

Ақселеу Сейдімбек музейіндегі жазушы-ғалымның тіршілігінде пайдаланған заттары мен бұйымдары көрсетілді. Ақселеу Сейдімбекпен аралас-құралас болған Орынбай Дүйсен жылы естелігімен бөлісіп, өзінің «Аңсау» деген күйін тарту етті. Перизат Ақселеуқызы оқушыларға әкесінің үйде өзін қалай ұстап, бала-шағасын қалай тәрбиелегені туралы, қалай жазу жазғаны туралы қызықты естеліктерін айтты. «Әкем өте еңбекқор адам еді.

Ғылыммен, жазушылықпен айналысқанымен, оның жүрегі музыкаға жақын болатын. Балаларының ішінде мен музыка мектебін бітірдім. Бірақ әкемнің терең талғамы, таланты бізге қонбағандай. Жақсы оқыдық, жақсы маман болдық. Әкемді еске алып, шығармасын оқып жүрген сіздердің араларыңыздан болашақта бір Ақселеу шықса, ол да – олжа»,  деді.

Қазақтың маңдайына жазылған топалаң мен тауқыметті жылдарды бала кезінен көріп өскен, онысы жүрегіне шемен боп қалған, сонысымен де елжанды, ұлтшыл болып өскен тағдырлы ұрпақтың бірі – Ақселеу Сейдімбек. Балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр тұрмыспен тұспа-тұс келген қазақ ұрпағы майдан даласында көрсеткен әке ерлігінен бе екен, әлде тылда жүрсе де мойымай, ердің жұмысын неше жыл қайыспай көтерген ана ірілігінен бе екен ерекше өжет боп өскен.

Нанбасаңыз соғыстың сәл-ақ алдында, соғыс кезінде, одан кейінгі жылдарда туған қазақ қаламгерлерінің шығармаларына назар салыңызшы. Тіпті өздері де ел руханиятының бір шетін тіреп тұрғандай алып бәй­теректерге айналып-ақ кеткен жоқ­ па?! Темір құрсаулы жүйенің айтқа­нына көніп, айдағанына жүрген болып жүріп, қазақтың жоғалтқан асыл қазыналарын жинапты. Алаш қайраткерлерімен бірге кеткен, енді оянбастай көрінген қазақ рухын жасырын суарып жүріп, кейінгі ұрпаққа аман жетуіне мейлінше адал қызмет қылыпты.

«Лениншіл жастың» Қарағандыдағы тілшісі болып ел тарихына, әлеуметтік жағдайына байланысты жасаған репортаждары мен мақалалары сол кездегі оқырмандарының көңілін ерекше толқытыпты. Қарағанды өңірінде орналасқан тарихи жәдігерлердің өт­кені мен кеткенін, қалғаны мен жоғалғанын, бағасы мен бақытын терең тебіреніспен жазған дүниелері «Күмбір-күмбір күмбездер» деген кітабына арқау болыпты.

«Бір атым Насыбай», «Аққыз», «Қыз ұзатқан», «Атамекен» повестері арқылы қазақ болмысына ғана тән ерекшеліктер мен мінездерді ел ішіндегі әртүрлі аңыз-әңгімелердің анық бояуы­мен қанықтырып, өзіндік өрнегімен суреттеп жазыпты. 

Енді келмеске кетіп бара жатқан халық бойындағы кейбір аяулы мінездер мен сирек қы­лықтар оның шығармаларының негізгі лейтмотивіне айналыпты. Екінің бірі көре қоймайтын, кез келген адам аңдай алмайтын қазақ бойындағы ерек­шеліктерді теріп жүріп, енді ұрпақтың өткенінен тамырын үзбеу үшін «Алпамыс батыр» жырын бала тілінде қағазға қайта түсіріпті.

Өзіне жүктелген міндет бұл ғана еместігін іштей сезінгендіктен бе, әлде қазақы ерекшеліктерді шексіз сүйгендіктен бе, ендігі жұмысын «Күй өнеріне» арнапты. Күйдің тарихына, техникасына, күйшінің тағдырына, өмірбаянына ерекше зер салып, бұрын-соңды қазақ сахарасында өткен дәулескер күйшілердің мұрасын бір жинаққа топтастырыпты. Халықтың ауызша тарихын жинап, этнографиялық әңгімелерді де бір кітап етіп шығарды. Ондағысы қазақ өзінің қазақ екенін, ұлттық ерекшелігін ұмытпаса екен деген тілектен туған есіл еңбек екеніне еш күмәнің болмайды.

Халық шығармашылығының бар­лық саласынан хабары бар Ақселеу Сейдімбектің өзі де  ән жазып, күй тартты. «Сарыарқа» әнінің өзі күллі қазақ даласына деген автордың зор перзенттік махаббатын жеткізіп тұрған жоқ па?!

Қолөнер бұйымдарын да өзі зерлеп, ағаштан ойған қабілетін де кездейсоқ деп айта алмаймыз. Іздеген, тапқан, үйренген, жеткізген. Тек қана сатпаған. Ақселеу Сейдімбектің өз қолынан шық­қан домбыралары, таяқтары, шақшалары қазір Астана қаласындағы музейінде сақтаулы тұр.

Жәнібек Кәрменов екеуінің қатар отырып, қазақ әнінің табиғатын ашатын бағдарламаларының өзі жас ұрпаққа сабақ сияқты дүние болатын. Ғылымдағы, өнердегі жолында қанша шәкірт тәрбиелеп, қанша еңбек жазды. Төккен тер ақталып, өшкен үміт жаныпты. Өзі жоқ болса да, осылай болса екен деген халқы аман. Жас ұрпақ аман! Ел аманда – ер есімі де аман.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»