Сол кездесуден кейін Станимир Стойлов шәкірттері өз алаңында 17 ойын қатарынан ешкімге есе жібермей келеді. Тіпті, аузын айға білеген Мадридтің «Атлетикосы» «Астана-Аренада» бір ұпайды қанағат етті. Түріктің «Галатасарайын» тəубесіне келтіре жаздаған еді. Жұрт мақтаған «Бенфика» тіпті тең ойынға мәз болып кетті. Грекияның «Олимпиакос», Кипрдің АПОЭЛ сияқты ортаңқол командаларды айтпағанда, Шотландияның «Селтигін» де сан соқтырғанбыз. Қысқасы, «Астана» өз алаңында ұтылу дегенді үш жыл бұрын ұмытқан команда.
Бірақ, бүгінгі кездесу бұрынғылардан өзгерек. «Вильярреал» Испания футболындағы таңдаулы командалардың бірі. Ұжымдық футболдың керемет үлгісін көрсетіп жүрген командалардың бірегейі. Ішкі біріншілікте оңайлықпен ешкімге ұпай ұстатпайды. Ла лигадағы соңғы үш ойында ұтылмаған. Турнир кестесінде алтыншы орында тұрса да алар асуы алда. Үздік үштіктен көрінуге ұмтылып жүрген, нақты мақсаты бар, мықты ұжым.
Сайдың тасындай сайыпқырандардан жасақталған «сары субмариндер» Седрик Бакамбу мен Карлос Баккаға сенім артады. Кеше матч алдындағы баспасөз маслихатында мұны бас бапкер Хавьер Калеха жасырмай айтты. Екеуі де ойынның тағдырын шеше алатын шебер шабуылшылар. Мануэль Тригористің де орны ерекше. Ол аз десеңіз, орталық алаңда ойқастайтын Пабло Форнальсты қосыңыз. Италия ұлттық құрамасының ойыншысы Никола Сансоне де алғырлардың бірі. Қорғаныста Кабананга мен Твумасиге тұсау салуға тырысатын Марио Гаспар, Хауме Коста, Рубен Семеду сияқты тасқамал қорғаушылар бар.
Ал біз Иван Маевский мен Серікжан Мұжықовтарға сенім артамыз. Абзал Бейсебеков те барын салары анық. Марин Томасов та тартынып қалмас. Роман Мұртазаевтан да үміт зор. Ең бастысы Джуниор Кабананга мен Патрик Твумаси бар білгендерінен жаңылмасын.
Қос команда үшін де кездесудің нəтижесі маңызды. Қай жеңгені плей-офф кезеңіне бір табан жақындайды. Станимир Стойлов шəкірттерінен үмітіміз зор. Себебі, «Астана» бүгінгі қазақ футболының айнасы. Бойтұмары. Бүгінгі «Астана» еліміздегі миллиондаған жанкүйерді көк жəшікке телміртетін жалғыз қазақ командасы. Жеңісті күндер көп болсын!
Еркебұлан ЖОМАРТ,
«Егемен Қазақстан»