Қазақстан • 23 Қараша, 2017

Лос-Анджелестегі «Ұлы Дала рухы»

526 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл күндері АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында Қазақстанның мәдениеті мен киносының күндері өтіп жатыр. АҚШ-тағы Қазақстанның елшілігі және Қазақстан кинематографиялық өнері мен ғылымдары академиясы ұйымдастырған бұл шара Сабан театрында Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмімен ашылған. 

Лос-Анджелестегі «Ұлы Дала рухы»

Фильмнен соң халық әртісі Ай­ман Мұсақожаеваның, халық­ара­лық байқаулардың лауреаты Еділ Құса­йыновтың, әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген талантты әнші Димаш Құдайбергеннің, Қазақ ұлттық өнер университетінің Еура­зия­­­лық симфониялық оркестрі­нің, сон­­дай-ақ «Шабыт, «Айгөлек» ансам­бль­­дері­нің қатысуымен үлкен концерт өткен.

Лос-Анджелесте «Spirit of the Great Steppe» – «Ұлы Дала рухы» деген атпен өтіп жатқан Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы төмендегіше пікір білдірді: «Еліміздің мәдениеті мен кино­сының күндері АҚШ-та тұңғыш рет өтіп жатқан жоқ. Десе де бұл жолы америкалықтарға көбінде қазақтың тарихынан хабар беріп, оның ұлт ретіндегі кескін-кейпін көрсететін фильмдер ұсынылды. Бұл қазақ мәде­ниетіне деген қызығушылықты оятатыны сөзсіз. Сондай-ақ бұл іс-шара екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынас тарихында жақсы бір белес болмақ».

Шынында да америкалық көрер­мен­­дерге отандық кино өнді­рісінің ең танымал және өз көрер­мендерімізден оң баға алған фильмдер ұсынылған. Оның ішінде Сұл­тан Қожықовтың жарты ғасырға жуық уақыттан бері экраннан түспей келе жатқан, қазақ кино өнерінің төл­құжатына айналған «Қыз Жібек», Рүс­тем Әбдіраштың Елбасының өмірінен түсірген «Балалық шағымның аспаны» және қазақ тарихының тағдыршешті кезеңдерін өрнектеген «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» көркем фильмдері бар.

Бұл фильмдердің барлығы Нью-Йорк киноакадемиясының Лос-Анджелестегі филиалында ағылшын субтитр­ларымен қазақ тілінде көрсеті­леді. Ауқымды шараның аясында Нью-Йорк киноакадемиясында оқи­тын қазақстандық студент­термен отандық кинематография өкілдерінің кездесулері ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, Лос-Анджелесте өтіп жатқан айтулы шараға елі­міз та­ра­­пы­­нан АҚШ-тағы елші Ержан Қа­зы­­ханов, Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұха­медиұлы, Қазақ­­стан кинема­тографиялық өнері мен ғыл­ым­­­дары академиясының пре­зи­­денті Айман Мұсақожаева, КСРО және Қазақ­станның халық әртісі Асан­әлі Әшімов, халық әртісі Құман Тас­тан­беков, Қазақстанның еңбек сіңірген әр­тісі Меруерт Өтекешева және басқа да есімі елге елеулі өнер адамдары қатысуда.

 

 

Айгүл СЕЙІЛ,

«Егемен Қазақстан»