Аймақтар • 23 Қараша, 2017

«Әлеуметтік экспресс» мобильді қызметі Маңғыстауда

1170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің, жұмыспен қамту орталығы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық еңбек басқармасы, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ және денсаулық сақтау басқармасының мамандары «Әлеуметтік экспресс» мобильді қызметі» жобасы аясында Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау аудандары мен Жаңаөзен қаласына қарасты елді мекен тұрғындарымен кездесулер өткізді.

«Әлеуметтік экспресс» мобильді қызметі Маңғыстауда

Атап айтқанда, Қарақия ауданының Құрық, Жетібай, Мұнайшы ауылдары, Бейнеу ауданының Ақжігіт, Тұрыш, Сыңғырлау, Ноғайты, Сарға, Бейнеу ауылдары, Түпқараған ауданының Қызылөзен, Баутино, Таушық ауылдары, Маңғыстау ауданының Ақшымырау, Қызан, Тұщықұдық, Шебір, Жармыш ауылдары және Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат, Қызылсай, Теңге ауылдарында әлеуметтік қамсыздандыру саласын жаңғырту, болып жатқан және алдағы уақытта күтілетін өзгерістер, іске асырылып жатқан «Өрлеу» бағдарламасын халық арасында кеңінен насихаттау бойынша түсінік жұмыстары жүргізілді.

«Әлеуметтік экспресс» мобильді қызметі жобасы шеңберінде жалпы 21 елді мекенде 21 кездесу өткізіліп, оған барлығы 1010 адам қатысты. Осы кездесулерде тұрғындар тарапынан 135 сұрақ қойылып, мамандар тарапынан сұрақтарға жауап берілді.

Атап айтқанда, зейнетақымен қамсыздандыру саласы бойынша – 33, «Өрлеу» бағдарламасына қатысты – 23, мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласына байланысты – 16, жұмыспен қамту мәселесі бойынша – 14, әртүрлі бағыттағы сұрақтар саны – 49 .

Осы «Әлеуметтік экспресс» мобильді тобының түсінік жұмыстарын жүргізуі нәтижесінде 13 азаматтың «Өрлеу» бағдарламасының талаптарына сәйкес келетіндігі анықталып, бағдарламаға қатысуға, сонымен қатар, жұмыстан қысқартуға ұшыраған азаматтар жұмыс табысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыға құжат тапсыруға мүмкіндік алды. Зейнетақы және жәрдемақыға қатысты сұрақтары бойынша мемлекеттік мекемеге келіп ақпарат алушылар саны анағұрлым азайды, дейді Еңбек,әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Департаментінің басшысы Арман Елдесов.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы