Футбол • 24 Қараша, 2017

«Вильярреал» мен «Вильярреалға» дейін...

342 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

"Астана" командасы "Астана Аренада" 18-ші ойынында жеңіліссіз өткен сериясын аяқтады. "Вильярреал" мен "Вильярреалдың" ортасындағы ойындарда "Астананың" деңгейінің өскенін анық байқаймыз. 

«Вильярреал» мен «Вильярреалға» дейін...

2014 жылы «Астананы» екі ойынның нәтижесінде 7:0 қылған «Вильярреал» «Астана Аренаға» тағы келді. Бұл жолы испаниялықтар негізгі құрамда өнер көрсететін бірнеше футболшыларын алаңға шығармады. Себебі, «сүңгуір қайықтылар» Еуропа лигасының плэй-офф кезеңіне шығатындарын біліп келді. Тіпті, осы ойында тең нәтиже тіркелсе, испаниялықтарға соның өзі де мақсатты орындағанмен тең еді.

Негізгі шабуылшы Седрик Бакамбю қосалқы құрамда қалды. Франциялық шабуылшы биылғы маусымның өзінде 8 гол соғып қойған. Қорғаушы Жауме Коста, жартылай қорғаушы Сэму Кастильэхо да негізгі құрамнан орын ала алмады. Мұның барлығы бас бапкер Кальеханың жасаған өзгерістері. Үш шептегі үш мықтысын сақтап қалды. Себебі, 26 қараша күні «Вилья» «Севильямен» кездеседі. Осы ойын оларға маңыздырақ болды.

Матч басталысымен Иван Маевский әріптестерінің қателіктерін жуып-шаямын деп жиі ойын тәртібін бұза берді. Матчтың бірінші таймы жалпы айтқанда физикалық тұрғыда ойыншылардың шамалас екендіктерін көрсетті. Байқаусызда келіп қалған допты шиіре тепкен Кабананга есеп ашты. Бұл гол онсызда шабыттанып жүрген шабуылшыны одан әрі арқаландырды. Ол осы матчта қаптал арқылы ойнады. Чемпиондар лигасында ол испаниялық «Атлетико», түркиялық «Галатасарайға» қарсы ойындарда дәл осылай қапталдағы вингердің рөлін орындады. Станимир Стойловтың Джуниорды осындай мықты қарсыластарға қарсы ойында да қапталға тастайтыны бар. Себебі, орталық шабуылшы шығаратындай кеңінен көсіле алмайтынын біледі. Болгар бапкеріне мейлінше бір адамның артықтығын жасау қажет болды. Өйткені, Бакка мен Сансоненің қимылдарына қарсы тұратын бір-бір қорғаушыдан қажет. Қорғанысқа қарай бір адам қажет болғандықтан Кабананга шетке ысырылды. Бірінші тайм аяқталғанша жеңісті есепті жігіттер ұстап тұра алмады. Бұрыштама көтерген Твумасидің добы «Вильярреал» қақпашысының қолынан табылды. Ол бірден Баккаға лақтырды. Колумбиялық сұрмерген әдемі паспен Рабаны Эричпен бетпе бет шығарды. Есеп 1:1. Бұл голдың соғылуына небәрі үш қана аяқтың жанасуы жеткілікті болды.

Екінші таймның 60-минутында алаңға Седрик Бакамбю шықты. Өткен жолғы бір апта бұрынға матчта «Астана» есепті теңестірген кезде де бапкер амалсыз Седрикті шығаруға мәжбүр болған. Бұл жолы да солай. Француз кәнігі тісқаққан шабуылшы екендігін дәлелдеп, 5 минуттан кейін испаниялықтарды алға шығарды. Ал 83-минутта ол дубль жасап, матчтың тағдырын шешкендей болды. Осы кезде «Шаншардағы» әлгі Шолпанның сөзі еске түседі - «ол професионал ғой, ақшасын алады да кетеді».

Қорғаныстағы қателікті жақсы пайдаланған Твумаси биылғы Еуропа лигасындағы 4-голын соғып, бір желпінді. Қорытынды есеп 2:3, «Вильярреалдың» жеңісі.

«Астана» (Астана, Қазақстан) — «Вильярреал» (Вильярреаль, Испания) 2:3 (1:1)

Голдар: Кабананга 22 (1:0), Раба 40 (1:1), Бакамбю 65 (1:2), Бакамбю 83 (1:3), Твумаси 88 (2:3)

Әрине деңгейдің аты деңгей. Дегенмен, біршама уақыт терезесі тең ойнаған «Астанаға» рахмет, сондай мүмкіндікті берген «Вильярреалға» да рахмет. Ал бір өкініштісі елордалық «Астана» өз үйіндегі ойындардағы жеңіліссіз сериясын үзіп алды. «Вильярреалдан» кейін басталып еді, өздері келіп аяқтап берді. Қызықты ойынның әсері осы. Енді елордалық ұжым «Славия» Прага командасының аяқ алысына қарайды.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан».