Қазақстан • 24 Қараша, 2017

Мұнайлы өлкедегі оң өзгерістер

307 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарымен Атырау облысына барды. Сапар барысында ол мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. 

Мұнайлы өлкедегі оң өзгерістер

М.Құл-Мұхаммед Атырау облы­сы­ның әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдар­ламасы арқылы қаржылай қолдау көрсе­тілген және индустриялық-иннова­циялық даму мемлекеттік бағдар­ламасы аясында салынған өндіріс орындарын аралады. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен танысты.

Атырау облысы еліміздегі ең ірі мұнай өндіретін өңірлердің бірі екені белгілі. Қазіргі таңда облыста шикізатқа тәуелділіктен арылып, экономиканың өзге секторларын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Соның нәтижесінде биылғы жылдың тоғыз айында өнеркәсіптік өндірістің көлемі 4 трлн теңгені құраған. Бұл – өткен жылғы мерзімнен 25 пайызға көп.

Индустрияландырудың 2010-2014 жылдарға арналған бірінші бес жылдығында облыста 28 жаңа жоба іске қосылып, нәтижесінде 2,1 мың жұмыс орны ашылды. Ал 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдықта 3,5 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін тағы 26 жоба жүзеге асырылмақ. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша Атырау облысында 514 жобаға мемлекеттік қолдау көр­сетіліп, соңғы үш жылда несие порт­фе­лінің көлемі 33 млрд теңгеден асқан.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары полиэтиленді және металл пластикалық құбырлар мен құбыр желісіне арналған арматура шығаратын «Шеврон МұнайГаз Инк» компаниясында да болды. Кәсіпорын индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған-ды. Онда технологиялық үдерістерді бақылап және басқарып отыруға мүмкіндік беретін арнайы микропроцессорлық техникалармен жабдықталған еуропалық жетекші өндірушілердің қазіргі заманғы қондырғылары орнатылған. Осындай ерекшеліктің арқасында Атырауда сапалы өнім шығаруға мүмкіндік туды. Кәсіпорында жасалған полиэтиленді құбыр сапасы жағынан Батыс Еуропа мен АҚШ-та өндірілетін өнімдерден кем емес деп кесіп айтсақ қателеспейміз.

Зауыттың өндірістік қуаты жоғары. Кәсіпорында жылына 450 тонна полиэтиленді құбыр мен 30 мың сыналы ысырма дайындауға толық мүмкіндігі бар. Осы ретте Атырауда шығарылатын құбыр желісіне арналған арматуралар жарты ғасырға дейін қалтқысыз қызмет ететінін атап өткен жөн. Өйткені оны тот баспайды, судың дәмдік қасиеттерін өзгертпей, сол күйінде сақтайды және олар құдықсыз тәсілмен орнатылады. Мұндай тәсіл су бөлуді бақылап, ресурс­тарды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Зауыт жұмысының технологиялық мүмкіндігімен танысқан М.Құл-Мұхаммед кәсіпорынның ашылуы Елбасының Қазақстанды үшінші жаңғырту бастамасы екенін атап өтті. «Атыраудың еліміздегі ең ірі мұнайлы өңір екенін бәрі біледі. Елбасымыз тек мұнаймен шектеліп қалмай, облыс экономикасын әртараптандыру керек екенін үнемі айтып жүр. Осы зауытта ТМД елдерінде ғана емес, Батыс Еуропада нарыққа шығаруға болатын бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы өнім өндіріледі. Міне, бізге керегі де дәл осы», – деді М. Құл-Мұхаммед.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары оптикалық кабель шығаратын «ПКФ Континет Ко ЛТД» зауытында да болды. Кәсіпорын мемлекеттің қолдауымен 483 млн теңге көлемінде субсидия алып, қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Зауыттың өндірістік қуаты бір ауысыммен жұмыс істегеннің өзінде жылына 5 мың шақырым кабель дайындауға мүмкіндік береді. Ал үш ауысымда бұл көрсеткіш 12 мың шақырымға дейін артады. Соған сәйкес кәсіпорын аталған өнімге деген ел ішіндегі сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Зауытта дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Нәтижесінде жыл сайын жергілікті политехникалық колледждің ондаған студенті осы жерде тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырады.

Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына үнемі бақылау жүргі­зуді барша нұротандықтарға тапсыр­ғаны белгілі. Соған орай Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед өңірдегі ең ірі құрылыс алаңында болып, Мемлекет басшысы тапсыр­масының орындалуына назар аударды.

Атырау қаласында тұрғын үй құ­рылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Келер жылы «Береке» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп пәтерлі 44 жаңа үй пайдалануға берілмек. Ғимараттардың 15-і қазірдің өзінде қолданысқа әзір. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 4 мың атыраулыққа бас­пана кілті табысталады. Сондай-ақ болашақта осы ауданда 1200 орынды мектеп пен екі балабақша салу мәселесі талқыланып жатыр.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

Атырау облысы