Қазіргі таңда травматизм тек қана Қазақстан үшін емес, сондай-ақ әлемдегі басқа елдер үшін де ең маңызды медициналық-әлеуметтік мәселелерінің бірі болып отыр десек, түрлі жарақат алудың кесірінен ауру-сырқаулық, уақытша еңбекке жарамсыздық және өлім-жітім көптігі Қазақстан бойынша екінші орынды иеленсе, мүгедектікке алғашқы шығу бойынша үшінші орынға шығып отыр. Травматология және ортопедия ҒЗИ деректеріне сүйенсек, ересек тұрғындар арасында травматизм көрсеткіші 100 мың ересек тұрғынға шаққанда 2009 жылы 4104,2 адамға жеткен. Бұл дегеніңіз, травматология және ортопедия заманауи медицинаның басым бағыттарының бірі болып отыр деген сөз.
Соған орай травматология және ортопедияның емдеу әдістері соңғы жылдары инновациялық технологиялар енгізудің арқасында маңызды өзгерістер жасауға қол жеткізуде және бұл салаға заманауи инновацияларды енгізуде Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты көшбасшы боп отырғанын да айта кеткен жөн.
Таяуда ғана Астана қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты (ТОҒЗИ) ұйымының 10 жылдығына ұштастырылған «Травматология және ортопедияның жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда осы саланы өркендетуге қатысты көптеген келелі мәселелер талқыға салынды.
Конференция жұмысында қазақстандық мамандармен қатар Германия, Австрия, Қытай, Түркия, Польша, Швейцария, Ресей, Украина және т.б. елдерден келген ғалым-дәрігерлер қатысты.
Онда Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова сала жұмысындағы жетістіктерді айта келіп, травматология және ортопедия саласында инновациялық технологияларды денсаулық сақтау практикасында кеңінен енгізуде және бұдан әрі дамытуда бұл конференцияның берері мол болатынына сенімін білдірсе, ТОҒЗИ директоры, профессор Нұрлан Батпенов өз кезегінде институттың 10 жылғы жетістіктеріне тоқталып, болашақтағы игілікті істер туралы да, яғни 2001 жылдан бастап институт ұжымы қалыптасқанын, жас ғалымдардың қатары көбейгені, травматология және ортопедияның отандық мектебі құрылғанын, республиканың барлық аймақтарында кеңінен қолданылатын жаңа жоғары технологиялық әдістер енгізілуінің арқасында жарақаттар мен тірек-қозғалу аппаратының ауруларын емдеудің жеке әдістері әзірленгенін айтты. 2010 жылы республика бойынша жамбасқа, сан және тізе буындарына 1255, ал ағымдағы жылдың 9 айында 1762-ден астам эндопротез операциясы жасалды. Күн сайын ТОҒЗИ-де 100-ге тарта операция өткізіледі, сондай-ақ оперативтік көмек жыл бойы Қазақстанның барлық аймақтарынан келген травматологиялық науқастардың 5 мыңнан астамына көрсетіледі.
Жоғары технологиялық қызметтерді кеңейту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, мамандандырылған медициналық көмектің жоғары технологияларын трансферттеу, соның ішінде жамбас, сан және тізе буындарының эндопротезі бойынша да жұмыстар жүргізілгенін айта кетсек дейміз.
Қазақстандық травмотолог ғалымдар ұдайы өз білім-біліктерін шыңдау үстінде. Бұл орайда биылғы жылғы қыркүйекте Қазақстанның бір топ дәрігерлері Прага қаласында жыл сайын өтетін травматолог-ортопедтердің конгресіне қатысып қайтқанын айтуға болады.
Ал енді елордамызда өткен конференция жұмысына қайта оралсақ, онда омыртқа жарақаты мен ауруларды емдеу, ірі буындарды эндопротездеу, остеосинтез, балалар травматологиясы және ортопедиясының өзекті мәселелеріне арналған 150-ге жуық ғылыми баяндамалар ұсынылды. Сонымен қатар жиында Қазақстан үшін ең өзекті мәселенің бірі – елді мекендер мен арнайы мамандандырылған көмек көрсету орталықтарының арасындағы үлкен арақашықтық, травматизмнің алдын алу, ортопедиялық-травматологиялық көмекті ұйымдастыру мәселелері кеңінен әңгіме өзегіне айналды.
Конференция тек ғылыми, яғни теориялық тұрғыдан шектелген жоқ. Ресейлік профессорлар С.Макиров және С.Виссарионовтың жетекшілігімен қазақстандық травматологтар омыртқа жарақатын хирургиялық тұрғыдан емдеудің азинвазивтік технологияларын оқып үйренді, мастер-сыныптар өтті. Сондай-ақ біздің дәрігерлер профессор Э.Герингтің (Германия) жетекшілігімен Spiron эндопротезімен жамбас, сан буынының эндопротездеу технологиясына қанығып, Мәскеуден келген профессор Н.Еськиннің жетекшілігімен ірі буындарға ультрадыбыстық зерттеу жүргізудің жаңа әдістерімен танысты.
«Егемен-ақпарат».