Қазақстан • 24 Қараша, 2017

Қарағанды облысы он айды қорытындылады

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жүзеге асыру аясындағы басты жетістіктері мен өңірдің ағымдағы жылғы он айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтты. 

Қарағанды облысы он айды қорытындылады

Аймақ басшысының айтуынша, облыс өнеркәсібіндегі өсім 4,1 пайызды құраған.

«Бұл ретте маңызды рөл атқарған бірден-бір жайт облыстағы кәсіпорындарда технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізу болды. Тек ірі компаниялардың өздері ғана технологиялары мен жаб­дықтарын жаңартуға шамамен 140 млрд теңге бөлген. Соның нәтижесінде барлық жүйе құрушы кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайта алды. Атап айтсақ, жыл со­ңына дейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 4,2 млн тонна болат, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС 320 мың тонна мыс, «Шұбаркөл Көмір» АҚ 11 млн тонна көмір өндіреді деп жоспарланып отыр», деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 183 жобаға қолдау көрсетілгенін және осы секілді мемлекеттік қолдаудың арқасында 24 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция­лар жұмылдырылып, 800 жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі туғанын тілге тиек етті.

«Облыстың ауыл шаруашылығы саласында да жетістіктер аз емес. Облыс то­лы­ғымен өзін негізгі азық-түлік түр­лерімен қамтамасыз етіп отыр. Және де Астана қаласына жыл басынан бері 16 мың тонна ауылшаруашылық өнімдерін жіберіп, шетелге шығарып, өндіріс көлемін 24 пайызға ұлғайтқан», деді ол.

Облыста смарт-медицина белсенді түрде енгізілуде. Ол үшін аймақтың барлық ауруханалары мен емханалары бірегей ақпараттық желі құрған. Ерлан Қошанов емханаларға келушілердің үштен бір бөлігі дәрігерге қаралуға жазылу үшін ақпараттық қызмет түрін пайдаланатынын атап айтты. Сондай-ақ білім беру саласында да бірқатар жұмыстар атқарылып, жаңа мектептердің құрылысы жүріп жатқанын жеткізді.

Өңір басшысының сөзінше халық­аралық ЭКСПО-2017 көрмесіне Қарағанды об­лысынан 3 мыңнан аса адам келіп қатысқан. Сонымен бірге өндірістерін жетіл­діру үшін облыстың кәсіпорындары халық­аралық көрмеде ұсынылған жаңа зерт­те­мелердің арасынан 31 жобаны іріктеп, оларды әрі қарай жүзеге асыру амал­дарын қарастыруда. Көрмеде қараған­дылық ғалымдар ұсынған жобалардың ішінен үшеуі қолданысқа енгізілген. Олар – биозгаз құрылғысы, шағын ГЭС және гид­родинамикалық жылытқыштар. Тағы 4 жоба тестілеу және жүзеге асырылу ке­зеңінде.

«Қазіргі таңда өзекті де трендті бағыт – жаңғырмалы энергия көздеріне қатысты да Қарағанды өңірі алға жылжып келеді. Облыста жалпы қуаттылығы 261 МВт құ­райтын 6 жаңа жасыл энергетика нысан­дарының құрылысы жоспарланған. Ол – 3 күн электр стансалары, 2 жел паркі және 1 биогаз құрылғысы», деді әкім.

Облыс басшысы «Туған жер» бағдар­ла­масы шеңберінде аймақта жалпы сомасы 13 млрд теңгені құрайтын 400 жоба жүзеге асырылып жатқанын, оның ішінде 5 млрд теңге демеушілердің бөлген қаражаты екенін алға тартты.

«Рухани жаңғырудың» жарқын мысалы ретінде Ұлытаудағы туристік инфрақұрылымның дамуын келтіруге болады. Киелі мекенде қонақ-орталығы мен этноауылдың құрылысы жоспарланып отыр. Ал келесі жылы Ұлытауда этнофестиваль өтеді, сондай-ақ әлемнің түрлі елдерінен жиналатын археологтар, геологтар және тарихшылардың қатысуымен халықаралық симпозиум ұйымдастырылады деген жоспар бар», деді Ерлан Қошанов.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»