Өз әңгімесінде ол әр дүниені саралай отырып, оның оңтайлы жағын қолдануға баса мән беретінін жеткізді. Бұрын шағын өндірісі болған Асхат Базарханұлы дағдарыс кезінде сол жұмыс орны тоқтағанын, соның салдарынан сот шешімі бойынша саудаға шығарылған өндірістен де, өзінің және серіктесінің үйінен де айырылғанын айта келіп, оның үстіне 4 баласы бар кенже інісінің де басында баспанасы болмағанын, барлығының үйсіз-күйсіз далада қалуы қатты қапаландырғанын, сол себепті тығырықтан шығудың жолын жанталаса іздегенін айтты.
Еліміздің заңнамаларын оқуға кіріскен ол күрделі жағдайдан шығудың бірден-бір жолы жеке тұрғын үй құрылысының ортақ иелері бар кооперациясын құру құқығын пайдаланбаққа шешім қабылдайды. Заңдарды мұқият оқып шығып, тәжірибелі заңгерлермен кеңеседі. Заңгерлердің түсіндіруінше, Қазақстан Республикасы азаматының құрылысты бірге жүргізудің азаматтық-құқықтық келісімі мен үйді пайдалануға берген соң үлестік ортақ иелікті бекітуге құқығы бар болып шығады.
Осыдан кейін білек сыбана іске кіріскен ол Астананың шетіндегі Ильинка кентінің Сексек ата көшесінен 8,3 миллион теңге тұратын жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған №11 жер телімін 7 айға бөліп төлеуге келісімшарт жасасады. Алғашқы жарна ретінде қолында бар қаржысы – 1,2 миллион теңгені береді. Әрі қарай хабарландыру бойынша ортақ үлестік үй салуға қатысушыларды жинауға кіріседі. Яғни, негізгі мақсат – болашақ ортақ қожайындармен бірлесіп тұрғын үй құрылысын қаржыландыру. Біріккен құрылысқа қаржы құйғысы келгендерге қолданыстағы заңнаманы түсіндіріп, құрылыс туралы келісімшартты бекітуді бастап кетеді. Фин технологиясы бойынша жергілікті климатқа бейімдеп салынған құрылыстың бағасы нарықтан 2-3 есе арзанға түсіп, шаршы метріне 100-130 мың теңге көлемінде шығады.
– Сондай-ақ қатысушы жастардың басым бөлігінің қолындағы қаржысы мардымсыз болғандықтан, әр үшінші қатысушы 3 айдан 36 айға дейін бөліп төлеу жеңілдігіне ие болады. Есесіне екі қабатты үйді аяқтауға қаржы жетпей қалады. Сол себепті тығырықтан жол табу мақсатында ақшасын толық төлеу мүмкіндігі барларға арнап тағы бір қабат пен мансард салынады. Яғни 45 тең иесінің үлесіне сәйкес, 20-30 шаршы метрден 45 бөлме салынады. Оның 90 пайызы айлықтан басқа табысы жоқ, еңбекақысының жартысынан астамын пәтер жалдауға жұмсап келген балалы жас отбасыларға тиеді. Қазір олар осы арзан үйге қол жеткізудің арқасында табыстарының белгілі бөлігін балаларын дамытуға жұмсауға мүмкіндік алды, - дейді А.Тұғысов.
Соңында аталған үйден баспана ала алмай қалған адамдарға екінші үйге бірігу ісі ұйымдастырылды. Бұл Ильинка кентінің ішіндегі Батыр Баян көшесі, 95-ші үйінің жер телімі де жеті айға қарызға алынды. Екінші үй бас сәулетшінің бекіткен жобасына сәйкес салынды. Екі қабатты және мансард қабатын қосқанда пайдалы ауданы 906 шаршы метрді құрайтын 37 бөлмеде 37 отбасы тұрады. Асхат Базарханұлы осы құрылысты жүргізу барысында кездескен кейбір келеңсіздіктер мен қиыншылықтарға қарамастан алға қойған мақсатына қол жеткізгенін, яғни, екі тұрғын үй салынып, 82 отбасы бөлмелердің кілтін алғанын, ұйымдастырушының сөзі іспен бекігенін жеткізді.
Айтуынша, құрылысты жүргізуге байланысты құжаттардың ішінде 2016 жылдың 3 ақпанындағы Астана қаласы әкімдігінің №120-189 жобалау рұқсаты туралы қаулысы, 2016 жылдың 25 ақпанындағы №7739 сәулет-жоспарлау тапсырмасы, 2016 жылдың 29 наурызында тіркелген Астана қаласы бас сәулетшісімен келісілген екі қабаттың жобалық эскизі және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Астана қаласы филиалының Жер кадастрі және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің техникалық паспорты бар.
Ал үшінші қабатқа сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуға сәулет мекемесі келіспеген екен. Сондықтан жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімінде құрылыс нормасы мен ережесі бойынша 3 қабат пен мансард салуға болса да, үшінші қабатқа рұқсат пен келісім ала алмай қалғанын жеткізді. А.Тұғысовтың айтуынша, қазіргі кезде құрылыс нормасы мен ережесіне сәйкес, мансардты шатыры бар үш қабатты тұрғын үй салынған. Сәулет пен қала құрылысы туралы заңға сәйкес, шатыр астындағы қабат толыққанды қабатқа саналмайды.
Ғимараттың орналасуы мен құрылыс алаңы бекітілген жоба эскизіне сай келеді. Үй толығымен құрылыс нормасы мен ережесіне сәйкес келеді және 1 санат бойынша пайдалануға жарамды екені техзерттеу мен эксперттердің қорытындысымен расталды. Көршілердің аумақтық және басқа да шағымдары жоқ. Оны көршілердің нотариуспен берген қолхаты мен өтінімдері де растайды. Тағы бір гәп, Астана қаласының бас құрылыс инспекторының рұқсатынсыз құрылыс жүргізгені үшін Асхат Базарханұлын айыппұл төлеу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы хаттама толтырылған екен. Аталған әкімшілік төлету бойынша ұйғарым орындалып, айыппұлдың бәрі төленген.
Әйтсе де, Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы Есіл аудандық прокуратурасы мен аудан әкімі орынбасарының өтініші бойынша аталған үйді бұзу туралы талап қойған. Үйді бірге иелену құқығына қарамастан, сот үйді бұзу туралы шешім шығарған. А.Тұғысов аталған шешіммен тұрғын үйдің ортақ иелері келіспей отырғанын жеткізді.
– Бұл заңдар мен қарым-қатынастар «Тұрғын үй туралы» және Жер қатынастары кодексінде көрсетілген. Аталған заңдар бойынша Қазақстан азаматтары ортақ иелікке жер алып, оған ортақ иелікте болатын үй салып, белгілі бір бөлігіне немесе бөлмелерге ие бола алады. Әркім бір бөліктің иесі болғандықтан, өз бөлігін еркінше пайдаланып, оны сата алады. Және жеке тұлғалардың кооперациясы кооперативті тіркемей-ақ атқара алатын құқық береді, - дейді аталған істің бастамашысы Асхат Базарханұлы.
Осы орайда шағым айта келген азаматтың қолындағы құжаттарға назар аударған едік. 2017 жылдың 26 қыркүйегіндегі Астана қаласы сотының азаматтық істер бойынша сот коллегиясының қаулысында Асхат Тұғысов пен Дина Базарханованың талап арызын қарағанын, онда жоғарыда аталған екі мекенжай бойынша Есіл аудандық сотының 2017 жылдың 19 шілдесіндегі шешімін анықтау жүргізілгені айтылған. Осы орайда олардың сот шешімін бірінші сатыда бұзу, осылайша жаңа шешім қабылдау туралы апелляциялық арызы Азаматтық процессуалдық кодекстің 427-бабының 1-тармағы негізінде қанағаттандырылмаған. Яғни сот шешімінде жер иелері өз телімдерінде рұқсат беретін құжаттарсыз тұрғын үй салғаны айтылған.
Оның ішінде сәулеттік-жобалау тапсырмасы, жобалау-сметалық құжаты, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің құрылыс-монтаж жұмысының басталуы туралы хабарламасы жоқ делінген. Сондықтан сот бірінші сатыда аталған нысанды өз бетінше салынған құрылыс деп тауып, оған жекеменшік құқығын беруден бас тартқан. Сондай-ақ үйдің техникалық паспорты 2016 жылдың 19 қыркүйегінде берілсе, құрылыс мерзімі ретінде 2014 жыл көрсетілгенін алға тартқан. Үй негізінен каркасты конструкциямен салынған екен. Соған қарамастан 3 қабат пен мансардтан тұратын үйдің іргетасы мен қабырғасына зертханалық сынақ жүргізілмеген.
Яғни, нысанның пайдалану жағдайы техникалық тапсырма бойынша жеке тұрғын үй ретінде пайдалануға жарамсыз дей тұра, онда 64 тұрғынжай бөлмесінің жалға беру жолымен пайдалануға берілуі ақылға қонымсыз, дейді сот шешімі. Қала мен аудан әкімдігіне түскен көршілердің шағымы бойынша Есіл аудандық прокуратурасының тексеру материалдарын сұрату туралы өтініштері де қанағаттандырылмағаны жазылыпты. Бұл ретте шағымданушылар мен тұрғын үй құрылысына қатысушы жеке тұлғалардың өзара қарым-қатынасының бұл дауға қатысы жоқтығы айтылған.
Сондай-ақ шағымданушы қолындағы құжаттардың сотқа бірінші сатыда ұсынылмауына байланысты апелляциялық сатыда қабылдауға және зерттеуге жатпайтынын алға тартады. Осылайша, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі сот коллегиясы Есіл аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдыру жөнінде қаулы шығарды. Сот қаулысын енді Азаматтық процессуалдық кодекстің 434-436-баптары бойынша Жоғарғы сотта кассациялық тәртіппен ғана қайта қарауға болады.
«Соңғы үмітіміз – Жоғарғы сот. 82 шаңырақтың жанайқайын естиді деген сенімдеміз. Жалпы, мұндай ортақ қаржыға салынған ортақ иеліктегі үйлер Астанада да, Алматыда да көп кездеседі. Оған иелік құқығын берудің, жер телімінің арнаулы мақсатын ауыстырудың заңды тетіктері бар. Коммуникациялық инфрақұрылым мүмкіндіктерінің жеткіліктілігі мен тұрғындардың денсаулығына зияны тимейтінін комиссия құрып қарап, заңды шешімін шығаруын өтінеміз», дейді ол.
Осы мәселеге орай біз Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне елордадағы кооперациялық үйлер салудың заңдылығы мен тәжірибесі туралы, аталған санаттағы үйлер қанша тұрғынды қамтитыны туралы деректерді сұраған едік. Осыған орай Астана қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қ.Қожамжаров елордада техникалық қызмет көрсетуі ресімделген 42 көп пәтерлі тұрғын үй бар екенін хабарлады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»