Қазақстан • 24 Қараша, 2017

Атырауда медиа-мектеп ашылды

596 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда бірнеше ай­мақ­тық басылымды бірік­тіріп отырған «Атырау-Ақ­парат» серіктестігінде жур­налистерді даярлау мен біліктілігін арттыру­ мақсатында медиа-мек­теп ашылды.  Жоба атал­ған медиа-холдинг пен Х.Дос­мұхамедов атындағы Аты­рау мемлекеттік уни­верситетінің өзара уағ­даластығы нәтижесінде іс­ке асып отыр.

Атырауда медиа-мектеп ашылды

Медиа-мектеп келешекте сту­денттердің теория мен практиканы ұштастыра отырып, университет қабырғасында жүріп-ақ редакциялар мен баспахананың қайнаған тіршілігімен емін-еркін араласуын, кәсіби журналистерден тәлім алып, тәжірибе жинақтауын мақсат тұтады. Онда Атырау мемлекеттік уни­верситетінің профессорлық-оқы­тушылық құрамынан бөлек, елі­мізге және өңірімізге танымал журналис­тер, медиа мамандары мен кәсіби тренерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, дәріс оқиды. Сондай-ақ медиа-мектеп қабырғасында тек университет студенттері ғана емес, ақпарат сала­сындағы жас мамандар, оқушылар, жас тілшілер және т.б. ынта білдірген талапкерлер білім алуға мүмкіндік алады. Медиа-мектеп заманауи дә­ріс ауди­торияларына лайықталып, мультимедиялық құрылғылармен жаб­дықталғанын айта кеткен жөн.

Тағы бір жағымды жаңалық, «Аты­рау-Ақпарат» медиа-мек­тебінде об­лыстық ішкі саясат бас­қармасының қолдауымен жур­налистерге арналған ақысыз ағылшын тілі курстары жұмыс істей бастады. 

 «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешев мұндай жобаның өңірдегі ақпарат саласы үшін маңызы зор екенін айтады. «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік универ­ситеті өзіндік орны бар, талай мамандарды даярлаған іргелі білім ордасы. Соңғы 20 жылда филология факультетінің жанынан журналис­тика кафедрасы ашылған болатын. Университет пен «Атырау-Ақпарат» серіктес­тігінің бірлес­кен жобасы осынау медиа-мектеп арқылы бо­ла­­шақ журналистердің тео­рия­лық білімін тәжірибелік білік­тілікпен ұштастыруды көздейді. Жур­налистика саласындағы білікті мамандарды даярлауда бұл бір маңызды қадам деуге болады», – дейді серіктестік директоры.

Ал Х.Досмұхамедов атын­дағы Аты­рау мемлекеттік уни­вер­ситетінің ректоры Абзал Тал­­тенов, бірлескен жобаның мә­ні мен ерекшелігіне тоқталды. «Бү­гінде университетте журналистика мамандығында 150 студент оқып жатыр. Алдағы уақытта ме­диа-мектепке тәжірибелі журналистер келіп, дәріс оқыса, сту­денттер өз білімін жетілдіре түсері сөзсіз», – деп түйіндеді Абзал Талтенов.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»