Қазақстан • 24 Қараша, 2017

Ұлы сарын

942 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мен күйшілер отанында дүниеге келдім. Мені тудырған то­пырақ ол – Тәттім­бет,  Дайрабай, Ықылас, Сайдалы сары Тоқа, Қыздарбек, Бәубек, Сембек, Итаяқ, Абдолла, Әбікен...біздің ауылдың шалдары ең на­­ша­ры деп менсінбей оты­ратыны – Мағауия. Сол Мағауияңыз ұлы күйші болатын...

Ұлы сарын

Ақаң, қазақтың Ақаңы – Ақселеу үлкен тыңдаушы еді ғой. Сонысын өзіне дәргей көретін. Менің де тыңдаушы болғым бар. Оның ішінде үлкені.

Мен күй тыңдап отырмын. Жүзінші рет тыңдағам. Мыңыншы рет тыңдап отыр­мын. Жүрегіммен. Не дейді мынау шалыс?!.

Өлі тыныштық тұрған. Тың етіп дыбыс шықсын. Астыңғы шектен. Тағы бір тың етіп дыбыс шықсын. Үстіңгі шектен. Тағы да бір тың етіп дыбыс шықсын. Бұл жолы екеуінен... Алғашқы бөлек шектер бірігіп кеткен, кірігіп кеткен. Жел көтерген толқындай бірін бірі жетелеп аунап берсін.

Алғаш түк болмаған. Сонан жоқтан бар пайда болды. Содан ол үлкейіп, үлкейіп жарылардай болып тұрсын. Не болар екен деп демімді іштен алайын. Жоқ, жарылмады. Керісінше кішірейе, кішірейе жоқ болуға айналды...

Бұл не құдырет болды екен?

Жан сарайым ашылып қоя берген.

Үлкейсе де, кішірейсе де кеңістігі айнымады. Ұшы-қиыры көрінбейтін кеңістік. Қанатты пырақтай ұшып жүріп те ұшпағына шыға алса кәне.

Ауасында бір иіс бар. Жұпар иісі. Қомағайлана жұтасың-ай келіп.

Манағы тыңыл адыра қалған. Мұнда бір кең тынысты екпін бар. Бұл не деген жомарттық, ә?! Шашып жатыр, беріп жатыр, не деген таусылмайтын дүние бұл.

Жоқ, бар нәрсе қашанда таусылған. Манағы бар кішірейіп жатыр. Кенет әлгі кішіреймейді де, үлкеймейді де.

Жоқ, мұнысын ешкіммен бөлісе алмайды. Бәрін берсе де мұнысын бере алмайды.

Бұл сарын еді. Ұлы сарын еді. Тәтекең­нен қалған. Мәңгіге. Мына сарын да сол сарын­мен сарындас. Бірақ өзі емес. Өзінен былай да емес. Бұл жесіс еді. Ұлы жесіс еді.

Алдыңғысы «Сарыжайлау» болатын...

Кейінгісі де «Сарыжайлау» еді...

Ұлы Тәтекеңнің алдынан шығып жын ұрып па?

Бұған жай жайлауы да жетеді.

Бұл «Жайлау» еді.

Бұл Мағауия Хамзиннің «Жайлауы» еді...

Қазақ баласын сары даласынан айыра көрме дейді сарын.

Қазақ баласын жайлауынан айыра көрме дейді сарын.

Қазақ баласын сары жайлауынан айыра көрме дейді сарын.

Тыңдаушы болу үшін үлкен құлақтың болғаны жеткілікті.

Үлкен тыңдаушы болу үшін үлкен жүрек керек.

«Сарыжайлауды» да, «Жайлауды» да тартып отырған адам бір-ақ адам болатын.

Ол Тәттімбет емес еді.

Ол Мағауия емес еді.

Ол – Шопыр болатын.

Ол Тәттімбетпен де, Мағауиямен де жесісіп отырған...

Шопыр Мағауияның шәкірті болатын.

Жаным сол Шопырды іздейді.

Жүрегім сол Шопырды іздейді.

Ол да Тәттімбет бабасының, Ма­ға­уия ағасының сорабына түскен.

Көзі кетсе де ізі күйтабақта қалыпты.

Мағауияның қай шығармасы болсын ұлы шығарма.

Мағауиядай қазақ баласында орындаушы болмаған. «Бестөрені» әлі күнге дейін Мағауиядай орындай алатын жан туған жоқ.

Мағауиядай дәулескер де болмаған. Сенбесеңіз оның «Жайлауын» қайтып тыңдаңыз.

Мағауиядай күйші бар дегенге тағы сене алмаймын. Оның «Қосбасарын» тек жүрекпен ғана тыңдау керек.

Сөйткен Мағауияның есімін мәңгі­лікке қалдырамыз деп тыраштанып жат­қан жайымыз бар. Атаусыз қалған жоқ, әрине.

Алайда ол кісі ең алдымен күйші ғой.

Тұтастай бір мектептің ірі өкілі ғой.

Олай болса құрметіміз де соған ла­йық болуы керек.

Бір күйтабаққа тартқан күйін жинап, шолтаң етіп шығара қоямыз.

Мағауияны тану үшін ең алдымен айналасын тануымыз керек қой. «Жайлауды» тануымыз үшін алдымен «Сарыжайлауды» тыңдауымыз керек деп білем. Мағауияны тану үшін кешегі Шопырдан бастап бүгінгі Қалкен Қа­сымовқа дейінгі күйшілерімізді тың­дауымыз керек, тануымыз керек.

Ұлы Абайдың жүз елу жылдық тойында Мақаң Қарауылда бір ай жатты думандатып. Сол думанның жуан ішінде осы Қалкен ағаларымыз жүрді.

Мағауия Хамзин атындағы мектеп ашатын уақыт жетті деп білеміз. Консер­ваторияларда Мағауия Хамзин класын ашсақ құба-құп болар еді. Мағауия Хамзин атындағы конкурс ұйымдастырмасақ та шертпе күй шеберлерінің конкурсында атаулы сыйлық тағайындауға болар еді.

Мағауия Хамзиннің текті тұқым екені белгілі. Бұл сойдан нешетүрлі сойқан күйшілер мен дәулескерлер шыққан. Солардың бірі Дәнелия Хам­зин ағамыз. Осы Қарағандыда аман-сау жүріп жатыр. Мақаң жөнінде дерек­ті кітап жазып бітірген адам. Әкесі Хамза да сойқан күйші болған адам. Ар­ғы бабасы Әшімтайдың есімі қазақ күй­өнері тарихында мәңгіге қалды. Оның «Қоңырқазысы» классикалық бірегей шығарма болып табылады.

Сол Қарауылда біз де болғанбыз. Асыл ағаның қалақ домбырасын ұс­тау­ға жарағанымызға бақытты болып жүретінбіз. Балқаш тау-кен техни­ку­мының директоры Төлеуқадыр Тоқ­та­мы­сов ағамыз да Абай тойының жуан ортасында жүрді. Мақаңның серігі бо­лып. Төкең де күй өнерінің білгірі болатын.

Сол кісі айтушы еді:

– Мақаң дүниеден озған күні «Жай­лауын» «Сарыжайлау» деп қайтып өзгертіңдер! – деп.

– Сонда ғана күйдің табиғаты ашыла түседі, – деп.

Күн артынан күндер, ай артынан айлар өтіп жатты. Сол асыл ағаның аманаты әлі мойынымызда жүр. Қарыз болып. Сол қарызымнан құтылып жатқан жа­йым бар.

Кенет Қазақ радиосы күй пара­ғын­ ашсын. Мағауия Хамзиннің шығар­маларын орындасын. Бірінен бірі өтеді. Келер сәт диктор:

– Мағауия Хамзиннің күйі «Сары­жайлау», – деп қойып қалсын.

– Шатысты, – десін қасымдағы сері­гім.

Шынында да бұл Мағауия Хамзин­нің «Сарыжайлауы» еді.

 

Төрехан МАЙБАС,

жазушы-этнограф

ҚАРАҒАНДЫ