Қазақстан • 24 Қараша, 2017

Тарихи ескерткіш қайта жаңғырды

797 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Туған жер» бағдарламасы аясында тарихи орындарды қорғау, халқының қамқоршысы болған азаматтарға құрмет көрсету бойынша атқарылған шаруаның бірі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Жетісу жерінде өмір сүрген Есім төре ескерткішінің жаңалануы. Жаңалануы дейтініміз, бұрынырақта, қыштан құйылған, керегесі сөгілмесе де, іргетасы отырып, еңсесі түсіңкіреп тұрған кесене толықтай қайта жаңғырған. Бұл істі қолға алып, бабаның сүйегі жатқан жерге еңселі ескерткіш орнатқан – осы ауданның тумасы, белгілі меценат Бауыржан Оспанов.  

Тарихи ескерткіш қайта жаңғырды

Есім төренің аты берісі қазақ, арысы Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріне кеңінен таныс болған дейді. Айналасына Атымтай жомарттығымен аты шыққан төре әлгі бір қиын күндерде ашыққан еліне, жүдеген жұр­ты­на өрістегі малын аямай, пы­шаққа жығып отырыпты. Тіпті бір күнде 700 бас жылқысын елге үлестіріп берген деген сөз бар. Бір күнде осынша малды ойланбай тарату үшін жомарт­тық­тан бөлек, байлығың да аз болмауға тиіс қой. Қазақ жыл­қының көптігін айтқанда «суатқа құлағанда өзен тартылып қалады» деген өлшем айтады. Есім төренің жылқысы су ішкенде де Шынжылы өзені тар­тылып қалады екен дейді. Бұл, жалпы, асырып айтқыш қа­зақтың бір сөзі ғой, бай атау­лы­ға тели береді ғой деп аса ­мән бермегенбіз. Бауыржан Оспанов осы туралы қызық нәр­се айтты. Осыдан біраз бұрын Аус­тралиядан 6000 бас ірі қара әкеліпті. Судың шынымен тартылып қалатынына сонда көз жеткізген көрінеді. Міне, сондай мыңды айдаған қолы ашық, пейілі кең төре жайлы ел ішінде аңыз көп.

Ал аштыққа ұрынған елді, үркін, қорқын жылдарын­да босқан жұртты панасына алып, қорадағы қойын, өрістегі жыл­қысын кеміткені жайлы нақты деректер жоқ емес. Бұл туралы Мұхамеджан Тынышбаевтың еңбектерінде айтылыпты. Қуғын-сүргінге ұшырап, бас сауға іздеп келген қазақтың қай баласын да төре ауылы жасырып, арашалап қалып отырыпты. Тіпті сонау жылдары Жетісу өңірі ғана емес, Жезқазған жақтан ауа көшкен бір ауылды қатарға қосыпты дейді.

Есім төреге қатысты айтылатын тағы бір дерек – егін шаруа­шы­лығымен айналысқаны. Тек төрт түлік малдың ендігіде аздық ететінін, өзге жұрт меңгер­ген жер шаруашылығын игермей болмайтынын ұққан соң, өзінің билігі жүретін жердегі қазақтарды егін егуге үйретіпті. Көмек қолын сұ­рап келген кім-кімге де малдан бөлек қап-қап бидай артып жі­бе­реді екен. Соған қарағанда, егін­шілікті де әшейін ауыл үйге же­тер­дей азғантай жерге емес, бі­раз елді қамтамасыз ете алатындай дәрежеде молынан еккенге ұқсайды.

Төренің аты Алаш қозғалы­сы­на қатысты да айтылып қалады. Тіп­ті Алаш арыс­тарының ма­қа­ла­ларында демеу­ші­лік көр­сет­кен­дер тізімінде жиі сөз болады. «Қазақ» газетінің шы­ғуына қар­жы бөлгендердің қа­та­рында, одан бөлек, 1914 жы­лы Әлихан Бө­кей­хановтың Қазан қа­ласында ба­сылған кітабының шы­ғуына мұ­рындық болыпты. Алаш­орда өкіметінің мүшелері түр­меге қамалған кездерде кепіл ақша төлеп, шығарып алып отыр­ғандардың бірі де осы Есім төре екен.

Зиратты жаңартуға бастан-аяқ себепкер болған Бауыржан Оспанов:

– Есім төре 1852 жылы туып, 1916 жылы қайтыс болған. Бала кез­­ден бастап бұл кісі жайлы тә­лім­ді, тағылымды әңгімелерді көп естіп өстік. Осыдан 20 жыл бұ­­рын осы өңірдің тарихы туралы кітап жазуды қолға алғанбыз. Сол кезде архивтен Есім төренің Пе­терборда түскен суретін тауып алдық. Суретте «Есім төре әйел­дерімен» деген жазу бар. Ұр­пақтарының айтуы бойынша, суретке Романовтардың 300 жыл­дық тойына барған сапарында тү­сіпті. Міне, осыдан-ақ Есім тө­ренің жай адам болмағанын бай­қауға болады. Бұл кісі жайлы де­ректер өте көп. Әлі де қыруар іс­тер атқарылуы керек. Оның ғиб­рат­ты ғұмыры кеңінен насихатталып, деректі фильмдер түсірілсе, кітаптар шығарылса деген ойымыз бар. Өкінішке қарай Есім төреден ұрпақ қалмаған. Бірақ  інісінің ұрпақтары бар. Жалпы, төре тұқымдары көзі ашық, көкірегі ояу, ел басқарған азаматтар болған. Коммунистердің қы­сымын көріп, ата-тектерін өзгер­туге мәжбүр болған. Осын­дай тұлғаның басына кесене орнатуды абыройлы парызымыз деп санадық, – дейді.

Зираттың жанында Есім төре­нің тұмасы бар. Жұрт «Төре тұма» атап кеткен. Бұл жерге бұ­ғ­ан дейін де келушілер аз бол­мап­ты. Ақ байлап, тауап етіп, су­ын ішіп, ыдысқа құйып, үйіне алып кетеді. Кеңес Одағы кезінде де жасырын келіп, тауап етіп, бұлаққа тиын тастап кететін салт болыпты. Ел ішінде ол тиынды қазақтарға алуға болмайды деген түсінік болған. Көбіне орыстар, басқалар алатын көрінеді.

Романовтар әулетінің тойы­на барып, алтын алқа тағып келген төренің осал болмағаны анық. Былайғы жұрт ішінде көп атала бермейтін тұлғаның атын насихаттап, басына ға­сыр­­ларға шыдайтын күйген кір­­піштен кесене тұрғызу – ұр­пақтар атынан атқарылған бір парыз. Алакөл ауданына қа­рас­ты Жыланды ауылының шы­ғы­сында 10 шақырым жерде, тау­лардың құшағында жатқан Есім төрені жергілікті жұрт абыз деп әспеттейді. Анығында, жал­пы қазақ аттан түсіп, бас иіп, топырағын иіскеп қайтар қасиетті бір жер болса, ол осы Есім төренің мәңгілік мекені бол­са керек.

 

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»