Қазақстан • 24 Қараша, 2017

Әр ескерткіштің сырында жазылмаған дастан бар

320 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Әр ескерткіштің сырында жазылмаған дастан бар

– Кешегі көне замандардағы нағыз шеберлердің қолынан шық­­қан тарихи мұраларды сол қал­пында сақтай алсақ, бұл ел­­дігіміздің белгісі ғой. Елба­сы­ның­­ «Болашаққа бағдар: рухани­ жаңғыру» мақаласында ай­тылғандай, бабаларымыздан мирас болып қалған сол ескерт­кіштерді сақтап қалу парызымыз еке­ні дәлел қажет етпесе керек.

– Адамзат тарихының күрета­мыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекеті. Ол материалдық құндылықтарды дүниеге әкелді. Бұл – бәрімізге белгілі ақиқат. Аума­­ғы­ жағынан әлемдегі алғашқы он­дыққа кіретін қазақ жері ежелден-ақ сан түрлі мәдениеттің тоғысқан орны. Мұнда көшпенділік пен отырық­шылық мәдениет араласып жатты. Оның үстіне қазақ даласында XII-XIII ғасырларда басталған рухани-мәдени төңкеріс ұлы өзгеріс әкелді емес пе?  Ескерткіштерді қайта  қал­пына келтіру жұмыстарына тың серпін берген республикалық «Мә­дени мұра» бағдарламасы аясында қираған, мүжілген көптеген тарихи жәдігеріміз жаңарды.  Он екінші ғасырдан бастап соңғы жиырма бі­рінші ғасырдың ескерткіштері де сол бағдарламаның тізіміне кірді.

– Құралбай Өмірзақұлы, реста­в­­­­­раторға қойылар талап қатаң. Оның тарихи-мәдени ескерткіш ав­­торының бастапқы шешіміне бірдеңе қосуына, болмаса бір­де­ңені алып тастауына құқығы жоқ. Ол сол ескерткішті жасаған ше­бердің кезіндегі жұмысын қай­талауы керек. Сондықтан да ел­ге өлмес мұра қалдырған сол ше­бердің өзіндік ой-талғамы, тас өң­деу тәсілі мен құрастыру әдісін сақ­тай отырып, қайта қалпына келтіру нағыз білікті маманның ғана қолынан келеді емес пе?

– Оныңыз рас. Қайта қалпына келтіру жұмыстарын ғылыми тілде «реставрация» дейміз ғой. Бұл ғылымның басты талабы алдымен ескерткіштердің орналасқан жерін анықтау. Оның  архитектуралық, археологиялық құндылығына көз жеткізу. Содан кейін барып  тарихына зерттеу жүргізу жұмыстарына мұрындық болу. Есепке алып, пас­порттап, қорғау аймағын белгілеу одан кейінгі шаруа. Иә, бұл жа­уапты да күрделі іс. Өйткені тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру  жаңадан салынатын құрылыс бол­мағандықтан, ғылыми ізденісті, ыж­дағаттылық пен ұқыптылықты талап етеді. Ескерткіштердің көне материалдарын жоймау, оның бастапқы дизайнынан ауытқымау, түсі мен өңіне, көлеміне өзгеріс енгізбеу, архитектуралық маңызы бар түпнұсқаны сақтау мәселесіне ерекше мән беріледі. Қираған тастардың орнын анықтап, өз орнына қою, ою-өрнектердің қисынын келтіру аса төзімділікті қажет етеді.

Реставрация деген  болмысы бөлек, өзіндік қолтаңбасы бар өнер ғой. Қазақстанда осы ескерткіштерді қорғау бағытында қалыптасқан тамаша мектеп бар еді. Онда бұрындары реставратор шеберлер,  ғылыми жобалау, зерттеу бағытында теңдесі жоқ ғалымдар болушы еді. Соңғы кездері сол мектептен береке қа­шайын деді. Соның салдарынан  ғылыми зерттеу жұмыстары ақсап, ескерткіштерімізді қайта қалпына келтіру жұмыстары іркіліп қала ма деген қорқыныш та жоқ емес. Әрине еліміздегі бұл сала мамандарының немен айналысатыны көпке таң­сық. Көне заман шеберлері жа­са­ған еңбектің өңін бұзбау үлкен ыжда­һаттылықты қажет етеді. Алайда ашығын айтсақ, реставрациямен айналысатын кейбір мекемелер ескерткіштердің құндылығына емес, бөлінетін қаржыға көбірек мән бе­ріп кетті. Ал мұны ертеңгі ұрпақ ке­шір­мейді.

Реставраторларға қойылатын бас­ты талап біреу болу керек. Ол – негізгі бағыттан айнымау. Көне ескерткіштердің қасиетін жоймау. Бұрын бір ескерткішті қайта қалпына келтіру үшін екі-үш  жыл,  тіпті кейбір жәдігерлерге ондаған жылдар жұмсайтын едік. Қазір екі-үш айда жаңарта салады.

– Иә, қазіргі консервация, рес­­­та­врация жұмысы ғылыми зерттеу­лерге негізделуі тиіс қой?

– Кейбір ғалымдар Маңғыс­таудағы ескерткіштердің Әзербай­жан­дағы, Ирандағы, Өзбекстандағы тарихи-мәдени ескерткіштерге ұқ­сайтындығын айтып жүр. Әсіре­се кесене ішіндегі нақышты ою-өрнек­тері аумайды. Отандық ғалымдардың зерттеуінде өркениет көші қайдан тарады, ұқсастық қайдан пайда болды? Оны анықтау үшін, әрине жүйелі зерттеулер қажет. Тұран даласында, дәлірек айтсақ киелі Түркістан мен Маңғыс­тау өлкесінде көшпелілердің империя­лық рухы, дала өркениетінің нағыз үлгілері ерекше көп сақталған. Демек сол заманнан мұра ескерткіш өрнегінің өркениеттік сыры бары жадымыздан шықпаса екен. «Осындай ескерткіш болған екен» деп қана қарау – мәдени мұраға қиянат, оның философиялық, дүниетанымдық құпиясы қоса ашылып отыруы тиіс. Сонда ғана  тарихымызды то­лық тануға, халқымыздың рухани өр­леуіне жол ашады.

– Көкейде жүрген бір сауал бар еді. Бізде реставрация саласына қа­тыст­ы кадр мәселесі қалай ше­шіліп жатыр?

– Бүгіндегі өзекті мәселенің бі­рі – қайта қалпына келтіру сала­сындағы маман тапшылығы. Бүкіл дүние жүзі бойынша Мәскеуде ғана Реставрация академиясы бар. Бірақ онда тек суретшілер, яғни иконопи­сецтер мен картиналарды қайта қалпына келтірушілер дайындалады. Сондықтан маманды өз күшімізбен дайындауға мәжбүрміз. Бүгінде Маң­ғыстауда Мақсұт Нұрқабаевтан асқан тәжірибелі маман жоқ. Ол мамандарды оқытып-үйретуде осы күнге дейін көп еңбек сіңіріп келеді. «Маңғыстауреставрация» мекемесі реставрация саласында өзіндік ғылыми, шеберлік мектебіне айналды.  Дегенмен де отандық және шетелдік тәжірибелі реставратор мамандармен тұрақты байланыс орнату, тәжірибе алмасу жүйелі жолға қойылмай тұр.

Осы орайда арнайы ғылыми орталықтан реставраторлар үшін ең болмағанда жылына бір рет біліктілікті арттыру курсы ашылып, жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине мәдени мұра саласымен айналысып отырған құзырлы орындар мұндай мәселені ескерсе екен. Әр ескерткіштің сырына үңілсең, жазылмаған дастандар жатыр емес пе?! Тек оны аша білсек, түйсіне білсек екен. Елімізде ешкімнің мәдениетіне ұқсамайтын, өз заманының жауһарлары болған тарихи мұралар, жәдігерлер жетерлік. Мемлекетіміздің қамқорлығының арқасында қазақ халқының ғасырлар қойнауында ұмыт қалған мұралары қайта жаңартылды. Әлі де көптеген елдік маңызы бар істер атқарылады.  Топырақ астында қаншама көміліп жатқан немесе күтусіз, қорғаусыз жойылып бара жатқан, өзінің іздеу­шісін күтіп тұрған дүние бар?!

Ең бастысы елдегі әр азаматтың та­рихи танымы орнықты, рухани-мә­дени мұраларға жанашырлығы, ойы сергек, рухы биік болса, халқымыз кез келген тығырықтан шығары сөз­сіз. Қазақ жеріндегі сан ғасырдың са­раптамасынан өткен кие мен қасиет ұрпаққа тағылым беріп, ізгілік сый­лап келе жатқан жоқ па?! Тек өс­келең ұрпақ тарихи жүрісінен жа­ңылмағай!

 

Әңгімелескен

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

 «Егемен Қазақстан»