24 Қараша, 2017

«Хат қоржын»

817 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

...пікір білдіреді

Мені іскер еткен басылым

 Мерзімді басылымдарды үзбей оқып жүретін жандардың бірімін. Оқығанның пайдасы көп. Көп білесің, ой-өрісің кеңейеді. Әрбір басылымның өзіндік ерекшелігі бар десек те, еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанның» орны бөлек. Бұл басылымды оқып жүргеніме жарты ғасырдан асыпты.

 Мұғалім үшін білімін ұдайы жетілдіріп, толықтырып отыру маңызды. Әсіресе елімізге кеңінен танымал Құмаш Нұрғалиев, Рафиха Нұртазина, Қанипа Бітібаева, Аягүл Миразова сынды нағыз ұстаздар мен ғылым саласының Сұлтан Сартаев, Манаш Қозыбаев, Асқарбек Құсайынов сынды саңлақтарына қатысты газет беттерінен жинақтаған материалдарым қаншама десеңізші. Оларға әлсін-әлсін көз жүгіртіп, кәсіби қызметіме қатысты ой түю былай тұрсын, 2008 жылы сол материалдарды негізге ала отырып, педагогикалық колледждер үшін «Кәсіптік қазақ тілі» атты оқу құралын жазып, республикалық конкурста жүлделі орынға, Астанада марапатқа, қомақты қаражатқа ие болдым. Қазақ тілінен оқушылардың функциялық сауаттылығын дамытуға арналған «Омоним бірліктер» атты оқу-әдістемелік құралыма да негізінен «Егеменде» жарияланған материалдардан танымдық, тәрбиелік мәні зор сөйлемдерді іріктеп енгіздім. Нәтижесінде, осы екі кітабым да өткен жылы Білім және ғылым министрлігі тарапынан мақұлданды. Қаражат көзі табылса, баспадан шығып қалар деген үміт бар.

 Мұны мақтаныш үшін айтып отырған жоқпын. Туған елмен бірге тыныстап, заман ағымына ілесе іс-қимыл жасау үшін аталмыш газетке қай-қайсымыз да үйірсек болуымыз керек. Түрлі мамандық иелері елмен етене газеттен өзіне қажеттісін, пайдалысын таба алады. Елбасы Н.Назарбаевтың тағылымы мол «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабымен алдымен «Егемен Қазақстанның» оқырмандары танысты. «Егеменді» жансерік ету арқылы Тәуелсіз мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінен хабардар болып, өзіміз де еліміздің сан қырлы қарекетіне септесін болуға ұмтыламыз. Айталық, мұғалімдер, тәрбиешілер қауымы үшін «Білім», «Тәлім» беттеріне атсалысып, тәжірибесімен бөлісуге жол ашылды. Еліміздің бас газетіне мақала жазу – үлкен мерей. Ал ел мерейін, қуатын үстем ететін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламаларын орындаудың, латын графикасына көшу сынды аса маңызды тарихи қадамның маңызымен, оның іске асуының жай-жапсарымен газет беттерінен қанығып, өзіндік үн қосуға, ел болып қолдау білдіруге мүмкіндік аламыз. Ел сөзін сөйлейтін басылымның әр шаңырақтан табылғанын қалаймыз.

 Пиалаш СҮЙІНКИНА,

 Қазақстан Республикасы

білім беру ісінің құрметті қызметкері

ҚОСТАНАЙ

 

...ұсыныс жасайды

Алыпсатарлыққа тосқауыл керек

Жәрмеңкелердің басты мақсаты – қалада тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдан өсірілген экологиялық тұрғыда таза әрі арзан ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету. Және осы сала кәсіпкерлерінің өсіріп дайындаған өнімдерін көтерме баға бойынша көтере сатып алу, сөйтіп оларды әурелемей-ақ дайын қаражатпен қамтамасыз ету. Ал біз не істеп отырмыз? Біз тауар өндірушілерді емес, олардан өнімдерін арзан бағаға сатып алып, Алматыға немесе Астанаға тасымалдап жеткізетін алыпсатарларды жарылқап отырмыз! Нағыз ауылдан аралап жүріп алсақ, мүмкін одан да төмен болар ма еді, кім білсін?

 Одан да елдің бәрін әуре қылмай-ақ, жергілікті фермерлердің өнімін Әлеуметтік қамсыздандыру қорлары арқылы лайықты бағаға сатып алып келіп, нағыз жәрмеңке сауда-саттығын неге ұйымдастырмасқа?! Халық үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы шын мәнінде төмен болмайтын ба еді...

 Ол үшін осы Әлеуметтік қамсыздандыру қорлары ауылдан демей-ақ қояйық, әр ауданнан жаңа типтегі мал сою алаңдарын, ет, сүт, көкөніс өнімдерін қабылдау пункттерін ашса екен. Шағын сүт, шұжық, бұқтырылған ет шығаратын зауыттар салса жетіп жатыр. Шаруалар өз өнімдерін қуана-қуана сол жерге өткізер еді. Әркім өз ісімен айналысып, алыпсатарлыққа тосқауыл қойылатын еді ғой. Осыны ойлап жүрген кім бар?

Манарбек ІЗБАСАР,

кәсіпкер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

АЛМАТЫ

 

...іздеу салады

Бармысыңдар балаларым?..

Жоғалған азаматтарға көмек көрсететінін газеттен оқып, көмек болар деген ниетпен хат жолдап отырмын. Менің екі балам із-түзсіз жоғалып кетті. Үлкен ұлым – Нұрлан Жайлыбекұлы Гусманов 1965 жылғы 7 шілдеде, кіші ұлым – Нұржан Жайлыбекұлы Гусманов 1968 жылғы 24 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданында дүниеге келген. 1992 жылы кіші балам Нұржан әскерден келіп қалаға жұмысқа, одан Алматы қаласына оқуға барамын деп кеткен болатын. Оның артынан ағасы Нұрлан да Алматыға жұмыс іздеп аттанды. Содан Алматыда екеуі бірігіп шағын дүкен ашыпты деп естідік. Ал дүкен қай ауданда, аты қандай екенін білмедік.

Әкесі оларға барып қуанып келді, бұл 1996 жыл болатын. Содан әкесі­не балалары келесі 1997 жылы үйге барамыз деп шығарып салған. Бала­ларын көріп, көңілі толып келген әкесі оларды күтумен дүниеден озды.

Мен қаладан алыс ауылда тұрғандықтан оларды іздейтін жағдайым болмады. Өйткені сол жылдары жағдай өте қиын болатын. Қалған бір ұл мен үш қыз кішкентай болды. Балаларымды тастап ешқайда шыға алмадым. Таныстардан сұрастырғанда ешкім білмеді. «Жди меня» және «Бармысың бауырым» бағдарламаларына 3-4 рет іздеу салдым, одан еш хабар болмады. Солай жылдар жылжып өтіп, күтумен болдым.

Мен қазір 72 жастамын, көзім тірі кезінде бір хабар болса деймін... Балаларымды білетін адамдар болса да хабар күтемін. Мекенжайым: Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы, 8 март көшесі, 32/2 үй. Телефон: 8 771 905 44 90

Қазақгүл ГУСМАНОВА

 

...үлгі тұтады

Бизнеске алғашқы қадам

Шетпедегі Жастар орталығында «Безбен» қоғамдық қоры «Өңірдегі жастар кәсіпкерлігін қолдауға және қаржылық сауаттылығын дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» атты семинар ұйымдастырған болатын. Басқосуда жастардың бизнеске келуі, ондағы әдіс-тәсілдерді үйрету, бизнестегі менеджер, экономикалық тәуекелшілік, бизнестегі ерік пен жігер, жоспар мен жобалар жазу, оны қорғау мен үйлестіру бағыттары бойынша аудан жастарына кеңінен мәліметтер берілді.

 Семинарда қор басшысы Дина Баданова сөз алып: «Ауыл жас­тарын бизнеске жұмылдыру басты мақсат. Өйткені Елбасымыздың Қазақ елін дамыған 30 елдің қатарына қосылу жоспары мен бағыты біздің басты ұстаным болып отыр. Дамыған елдерде экономиканың басты көзі бизнес пен сауда-саттық, халыққа қызмет көрсету орталықтары екені даусыз. Бұл салаларда пайданың мол екендігі замана талабынан аңғарылып отыр» – деді.

 Жастардың тың идеялары мен бастамалары, жоба жоспарлары ортаға салынып, талқыланған семинар қызықты да тартысты өткізілді.

 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы