«Жамбыл жол бөлімшесінде Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан ардагерлердің саны 14 адамды құрайды. Сұрапыл соғыста от кешкен көзі тірі жауынгерлердің бірі – қарт теміржолшы Темирян Шаңғараев ғасырлық мерейтойын атамақ. Күн санап қатары сиреген осындай қазыналарымызды құрметтеу – ұрпаққа парыз», дейді қарт сарбазды құттықтай барған «Құрметті теміржолшы», Жамбыл жол бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағымбек Ақшалов.
Жүз жасқа толған ақсақал аяғын нық басып, қонақтарын қошеметпен қарсы алды. 1917 жылы Башқұртстанда туып, 19 жасында әскер қатарына алынған сарбаз Жеңіс туын көтеруге үлес қосқанын мақтан етеді. Соғыстан соң елге аман-есен оралып, Жамбыл вагон пайдалану депосында зейнетке шыққанға дейін табанды еңбек етеді.
«Әкеміз тоғыз перзент сүйіп, барлығымызды аяқтандыру үшін аянбай тер төкті. Өзі өте еңбекқор, тіпті денсаулығы сыр берсе де дәрі-дәрмекке жүгінбейді. Осы жасына дейін ақ халаттылардың көмегіне зәру болған емес. Алайда қазіргі кезде жүріп-тұруы қиындаған соң менің ұлым жағдайын жасап отыр», деді қызы Дания.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»