Негізінен Ақмола облысының бокс тарихы өз бастауын 1963 жылдан алады. Спорттың бұл түрі дамуының басы-қасында белгілі жаттықтырушылар Амангелді Балтабаев, Оразали Ақанов, Сағынтай Жаманғұзов және Қуанышбек Әжіғұлов тұрды. Қазір арамызда өздері жоқ болғанымен, олардың өскелең ұрпақ бойында зор денсаулық пен мықты рух сіңіруге арнаған істері өз жалғасын табуда. Ол жөнінде Ақмола облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина былай дейді: «Менің пайымымша, Ақмола облысы боксының дамуы жолында өте көп тер төккен адамдарды еске алу және тәжірибе алмасу – жастар үшін өте маңызды. Турнир жылдан жылға дамып келеді. Біз үшін бокстың әр түрлі бокс мектептері бір арнада тоғысып, балалар өздерінің кәсіби деңгейлерін көтеретін болады».
Бұл ретте «Қажымұқан» спорт кешенінің рингінде еліміздің әр өңірінен келген спортшылардың қатарында республикалық және облыстық турнирлердің жеңімпаздары да бар. Соның ішінде ақмолалық боксшылар да жерге қаратпай, өздерінің спорттық дайындықтарын барлық жағынан көрсете білді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы