Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев композиторды шығармашылық кешімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
«Ілия Жақанұлының 200-ге жуық әндерінің көпшілігі халық әуендеріне жақын ұлттық дәстүрде жазылғандықтан тыңдаушының жүрегіне бірден жетеді. Әрине, композитордың шоқтығы биік әні – «Еділ мен Жайық» екені белгілі. Бұл ән туралы жерлесіміз, бұлбұл әнші Роза Бағланова «Еділ-Жайық – әннің төресі» десе, Шота Уәлиханов «Ілия Жақанов Еділ мен Жайықты қатар толқытып, қазақтың еңсесін көтерді» деді. Ал, «Толағай» әнін Елбасымыз сүйіп тыңдап қана қоймай, кездесу сәттерінде өзі де орындаған кездері бар», - деді облыс әкімі.
Концертте Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Әселім-әнім», «Толағай» және өзге де әндері шырқалды.
Аймақ басшысы кеште І.Жақановпен кездесу өткізіп, Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстады.