Аймақтар • 25 Қараша, 2017

Қостанайда жастар «Адал бол!» патриоттық акциясын өткізді

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Флэшмоб түрінде өткен  патриоттық акция жастарды  сыбайлас жемқорлыққа қарсы болуға, қоғамды кеселден тазартуға шақыруды  мақсат етті.

Қостанайда жастар «Адал бол!» патриоттық акциясын өткізді

Оны Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен Жастар ісі жөніндегі облыстық басқарма ұйымдастырды. Оған облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының, колледждер студенттері қатысты. А.Байтұрсынов атындағы университет алдындағы алаңда жастар «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыруды  меңзеп, 100 санын жасап қатарға тұрды. 100 санын айшықтау үшін студенттерді  ҚР ІІМ академиясының форма киген  курсанттары қолына шар ұстап, қоршап тұрды. Осы сәтті түсіру үшін квадракоптер ұшырылғанда онымен бірге жастар  100 шарды да аспанға жіберді.

«Біз сыбайлас жемқорлықты, коррупциялық құқық  бұзушылықты барынша азайтуды мақсат етіп, оған көптің, оның ішінде жастардың  көңілін аудару үшін осындай шараларды өткізіп  отырмыз. Біз бұл акция  сыбайлас жемқорлық құбылысын азайтады немесе түбірінен жойып жібереді демейміз, біздің өткізіп жүрген бұл шараларымыз мемлекеттік аппараттың беделін, жағымды атын көрсетеді» деді  Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Ерлан Салықбаев.

Департамент қызметкерлері мұндай акцияға студенттермен қатар  мектеп оқушыларын тартып отыр. Өйткені   сыбайлас жемқорлыққа төзбеуге, ол ардың ісі екеніне жас кезден тәрбиелеу керек деп біледі.

 Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай