Кеште алдымен облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың құттықтау хатын оқып беріп, жазушыға шапан жауып, сый-сияпат жасады. Мұнан кейін кешті жүргізу тізгінін облыстық Қостанай телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов алды. Кеш әдеттегі той иесін мақтау-мадақтау дәстүрінен өзгерек, жазушымен сұхбат түрінде өтті. Жүргізуші жазушы шығармаларындағы кейіпкерлер тарихы мен тағдыры, шығармаларының туу тарихы, айтайын деген мақсаты туралы сұрақтар қойып, Төлен Әбдіктің өзін әңгімеге тартып отырды. Кешке қатысушылар жазушының ойлы да мағыналы қазақы әңгімесіне сусындады.
Кеште Төлен ағамен бірге келген белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұхамбетқалиев, Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкин, жазушының ауылдас ағайын-ағасы Кәкімжан Кәрбозов жазушыны мерейжасымен құттықтап, оның шығармашылығына табыс тіледі. Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов жерлес жазушыға «Жанкелдин ауданының құрметті азаматы» лентасын тапсырды.
«Туған жер, туған жердің топырағы» деген ұғымдар өте киелі. Төлен 50 жасқа толған мерейтойын өзінің туған ауылы Көлқамыста өткізді. Сонда үш шалдың ортасындағы жалғыз ұл болып өскен Төленнің өмір жасын ұзақ ет деп, туған жердің топырағына аунатып алып едік. Сол тілегіміз қабыл болып, Төленжан 75 жасқа да толып отыр. Алда да өмір жасын ұзақ етсін. Біз бала кезімізде бірге өстік. Ағайынбыз. Үш отасының ортасындағы жалғыз ұлдың қалай өскені көз алдымызда, оның шығармаларының барлығын шағып оқымаған бала-шаға, үлкен жоқ ауылда. Бүкіл Қазақстанға ғана емес, одан да сырт жерлерге белгілі қаламгер болған Төлен біздің мақтанышымыз, бүкіл ауыл оның тілегін тілейді» деп тебірене сөйледі ағайын ағасы Кәкімжан Кәрбозов ақсақал.
Жерлестерімен қауышу кешін жазушының өзі қорытындылады. Жерлестеріне рахмет айтты. Кеш әдеттегідей ән мен күймен өренектеліп отырды.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Қостанай