Міне, осы қалада соңғы кездері ТМД елдері басшыларының саммиті, «Валдай» пікірсайыс клубының отырысы сияқты маңызды саяси шаралар өткен еді. «Астана процесінің» соңғы, жетінші раундында Сирия халықтарының ұлттық конгресі – жалпысириялық форумын өткізуге де Ресей өкілі осы Сочи қаласын ұсынған. Ал жақында Сирия дағдарысын реттеуге арналған Иран, Түркия, Ресей елдері президенттерінің қатысуымен саммит те осы қалада өтті.
Аталған саммиттен екі күн бұрын ғана Сирияның президенті Башар Асад та Ресейге жасаған жұмыс сапарын Сочиде өткізіп, Владимир Путинмен осында кездескен. Ресей президентінің «Кремлин ру» сайтында жарияланған ресми ақпараттарға қарағанда, В.Путин Сирия дағдарысын аяқтау фазасына шығуға бет алған сияқты.
В.Путин Б.Асадпен болған кездесудегі сөзінде «Астана процесіне» жоғары баға бере келіп, осы келіссөздердің нәтижесінде деэскалация аймақтарын құруға, оппозициямен алғаш рет ашық үнқатысу орнатуға қол жеткізілгендігін қадап айтты. Сонымен бірге ол Эр-Риядта екі күннен кейін оппозициялық топпен өзінің өкілі Лаврентьевтің кездесетінін де құлаққағыс етті. Яғни, алда екі жақтың да ыңғайын табу тұрғанына емеурін білдірді. Ал Башар Асад өзінің сөзінде Ресейді Сирияның тұтастығын сақтап қалған ел ретінде жоғары бағалайтынын жеткізді. Сөзінің қорытындысында В.Путин: «Терроризм проблемасы ғаламдық сипатқа ие. Оны толық жеңуге әлі көп уақыт керек. Ал Сирия аумағындағы террористерге қарсы біздің бірлескен күрестеріміз туралы айтар болсақ, соғыс операциялары іс жүзінде аяқталды», деді. Одан әрі сайтта В.Путиннің Б.Асадты Ресейдің Қорғаныс министрлігі және Бас штабының басшыларымен кездестіріп, «Сирияны құтқаруға еңбек сіңірген адамдар осылар» деп таныстырғаны айтылады.
Ресей мен Сирия басшыларының мәлімдемесіне қарағанда, соғыс толықтай аяқталмаса да тоқырауға бет алғандай. Бірақ мұнымен оппозиция келісе ме, террористік деп танылған қарулы жасақтардың топтары мақұлдай ма, ол жағы әлі де күмәнді сияқты.
Башар Асадпен келіссөздер аяқталған соң Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен. АҚШ президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгіме бір сағаттан артық уақытқа созылған. Жеті жылға ұласып, 400 мыңдай адамның өмірін жалмаған текетірестің жеңіл аяқталмайтындығы сөзсіз, бұл соғыстан қатысушы және араласушы жақтардың бәрі де өздерінің мүдделерінің ұтып шыққанын қалайды, әрине. Сирия өкіметін Ресей мен Иран қолдаса, оппозицияның бір бөлігін Түркия сүйейді. Ал Түркия НАТО-ның мүшесі болғандықтан оны АҚШ қолдайды. Сонымен бірге АҚШ «Сирияның демократиялық күштері» деп аталатын араб-күрд отрядына жәрдем береді. Сонымен шым-шытырыққа айналған түйіннің шешімі қандай болмақ?
Қаншама түйіндер өздеріне келіп тірелетін екі алып мемлекет те бұл мәселені бірден шеше алмасы белгілі. Сондықтан АҚШ президентінің баспасөз қызметі жақауратып, екі көшбасшының мәселені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарының шеңберінде шешілетіндігіне келіскенін мәлімдеді. Бірақ АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Ресеймен арадағы қарым-қатынас әлі де күрделі жағдайда қала беретіндігін жариялады. Өйткені «бейбіт адамдардың өлімі мен адам құқықтарының аяққа басылуы» әлі де жалғасуда делінген олардың мәлімдемесінде. Сонымен бірге АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті аймақтағы дағдарысты реттеу тек кикілжіңге қатысушы барлық тараптардың келісімімен ғана шешіледі деп түйген. Осы ведомствоның өкілі Хизер Нойерт өткізген брифингте: «Біз фотографиядан В.Путиннің Б.Асадты құшақтағанын көрдік, бұл бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданған адамды қолдағандықтың дәлелі, сондықтан ол да Сирияға көмектескені үшін белгілі мөлшерде жауапкершілік тартады», деді дипломат.
Осыдан кейін Сочиде Владимир Путин өзінің ирандық және түркиялық әріптестері Хасан Рухани және Режеп Ердоғанмен кездесіп, Сирия дағдарысының шешілуін одан әрі талқылады. Кездесу барысында В.Путин Сирия дағдарысын реттеудегі «Астана процесіне» жоғары баға беріп, осындай үнқатысу алаңына мүмкіндік тудырғаны үшін Қазақстан басшылығына алғысын білдірді. «Астана процесі» бір жылға жетпейтін уақыт ішінде біздің келісімдеріміздің іске асуына жағдай туғызды. Бір үстелдің басына алғаш рет өкімет пен қарулы оппозицияның өкілдерін отырғызуға қол жеткізілді. Бұл іске ықпал еткен Түркия мен Иран президенттеріне де ризашылығымды білдіремін. Сіздердің оң позицияларыңыз болмаса «Астана процесін» өткізу қиын еді деді ол өзінің сөзінде. Сонымен бірге ол «Астана процесіндегі» келісімдермен Сирияның маңызды аймақтарында төрт деэскалация аумағының құрылғанын, атысты тоқтату режімі сақталатынын қанағатпен атап өтіп, «Біз енді дағдарысты реттеудің нақты саяси процесіне өтудің мүмкіндіктерін ашатын жаңа кезеңге жеттік деп сеніммен айта аламыз», деді.
Х.Рухани мен Р.Ердоған да Астана форматын ұйымдастырғаны үшін Қазақстан басшылығына және Ресей президентіне алғыстарын айтты. Р.Ердоған өзінің сөзінде «Астана процесіне» кеңірек тоқталып, оның барлық Таяу Шығыс аймағына пайдалы болғанын атап өтті. «Бүкіл әлем Сирия мәселесінде Түркия, Ресей және Иран елдері арасында болған жұмыстардың куәгері болды. Астанада болған кездесулер барлық аймаққа пайдалы екенін көрсетті. Қол жеткізілген нәтижелер де айтарлықтай, бірақ біз оған толық қанағаттанбаймыз», деді ол.
Сочидегі келіссөздер аяқталған соң президенттер үшжақты саммиттің қорытындысы туралы бірлескен мәлімдеме жасады. «Қол жеткізілген келісімдер жаңа кикілжіңдердің туу, этносаралық және конфессияаралық тайталастардың шиеленісу тәуекелдерін төмендетеді», деді В.Путин. Сонымен бірге ол Ресей, Иран және Түркия көшбасшылары терроризмге қарсы бірлескен күресте айтарлықтай табысқа қол жеткізілгені мойындалғанын атап өтіп, осы экстремистік топтарға қарсы күресте өзара белсенділікті арттыра түсетіндігін қуаттады деді.
Қол жеткізген келісімдердің қатарында «Астана процесінің» жетінші раундында айтылған Сирия халқының ұлттық диалогының конгресі өткізілетіні болған. Тараптар осы конгреске Сирияның өкіметі мен барлық оппозициялық күштерді қатысуға шақырды. «Сыртқы істер министрліктері мен арнаулы қызметтерге, қорғаныс ведомстволарына осы маңызды шараға қатысатындардың құрамы мен мерзімін анықтау тапсырылады», деді В.Путин өзінің сөзінде.
Астанада айтылған ұсыныстар осылай шешімін тауып, Сирия дағдарысын реттеуге қызмет етуде. Сөйтіп «Астана процесі» Сирия дағдарысын сейілтуге түскен сәуле болып отыр.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»