Шу қаласына дейін ұзындығы 106 шаршы метр және диаметрі 325 мм жер асты болат газ құбыры «Қордай» автоматтандырылған газ тарату стансасынан жүргізілген. Ауданда 36 елді мекен бар. Оның ішінде Шу қаласы, Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе, Бірлікүстем елді мекендері газдандырылған. Алға, Сауытбек ауылдары газдандырылуда. Сондай-ақ Абай, Мойынқұм, Жиенбет, Еңбек, Ақтөбе, Балуан Шолақ, Бәйдібек, Ақтасты, Бөлтірік, Далақайнар, Шоқпар, Тасөткел су қоймасы, Аспара, Тасөткел, Жайсан, Оразалы батыр, Ақсу елді мекендеріне газдандыру үшін магистралды газ құбырын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Ал Аң шаруашылығы, Жиделі, Еспе, Құлақшын, Алайғыр, Құмөзек ауылдарының тауарлық газға қосылу мүмкіндігі болмай отыр. Себебі халық саны аз және елді мекен магистралды газ құбырынан қашықта орналасқандықтан газ құбырын жүргізу тиімсіз.
2014 жылы Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов және «Париев» ЖШС директорының орынбасары Нұрхожа Дүйсенбековпен өткен ауыл тұрғындарымен кездесу барысында тұрғындар газ құбырын жер астымен тарту технологиясын және 420 мың теңге қаржыны құраған тауарлық газға қосылу құнын бірауыздан қолдаған болатын. Сол уақытта көшеге әлі де газ құбыры жүргізілмегендігіне қарамастан, бар болғаны 8 түтін мердігер ұйыммен келісімшартқа отырғанымен, газ құбыры үй іргесінен өтіп, тұтынушы оған іс жүзінде қосылмағандықтан, ешқайсысы қаражат төлеуді бастамаған еді. Сондықтан бұл азаматтармен жасалған келісімшарт өзгертілді.
«Егемен Қазақстан» газетінде жазылған бағаның 570 мыңға көтерілу себебіне келер болсақ, 2015 жылы құрылыс материалдары құнының екі есеге қымбаттауына, яғни қаржылық өзгерістерге байланысты тауарлық газға қосылу құны 150 мың теңгеге қымбаттап, жалпы сомасы 570 мың теңгені құрады және бұл сомаға пеш кірмейді. Газ құбырын тарту жұмыстары барысында мердігер «Париев» ЖШС тұрғындардың келісімі бойынша Шу қаласындағы Жайсан тұрғын үй алқабынан Төле би ауылына дейінгі 8,5 шақырымды құрайтын полиэтилен газ құбырын 281 мың теңгеге жер астымен жүргізді. Сондай-ақ жалпы саны 4200 түтінді қамтитын ауылдағы жалпы ұзындығы 136 шақырымның 31 шақырымына құбыр тартылды. Газ жүргізуші мердігер бүгінгі күнге өз қаражаты есебінен 1 миллиард 600 мың теңге болатын инвестиция салған.
Төле би ауылындағы газдандыру жұмыстарының өзге ауылдарға қарағанда ерекшелігі қазіргі талапқа байланысты жер асты газ құбыры жүргізілген. Сондықтан мердігер «Париев» ЖШС-нің ауылды газдандыруға кететін шығыны 1 миллиард 670 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржыны 4170 аула санымен шаққандағы төлем бағасы Төле би ауылындағы көшелерге жүргізілген газ құбырларының қаржысы әр үйге 390 мың теңгеден, Шу қаласынан Төле би ауылына дейінгі жоғары қысымды магистралды газ құбырының қаржысы әр үйге 60 мың теңгеден, көшеге жүргізілген газ құбырынан аула бойымен қосылу нүктесіне дейінгі қаржысы 120 мың теңгеден айналады. Сонда барлық төлем бағасының қосындысы 570 мың теңге болады.
Сондай-ақ мақала барысында табиғи газға қосылу құны мен пеш, тағы басқа қажетті заттарды қосқанда жалпы құны 80 мың теңгеге баратыны да айтылған. Жалпы шығынның мұндай сомаға жетуінің бірден-бір себебі, газ пеші құнының қымбаттығы деп білеміз. Мысалы, аудандағы сауда орталықтарында газ пешінің құны 120 мың және 200 мың теңге аралығын қамтиды.
Енді белгіленген бағаны төмендету бойынша мынадай жұмыстар атқарылды. Шу қаласындағы Жайсан тұрғын үй алқабынан Төле би ауылына дейінгі 8,5 шақырымды құрайтын магистралды газ құбырына облыстық мәслихат арқылы 251 миллион 145 мың теңге қаржы магистралды газ құбырын сатып алуға бөлініп, тиісті құжаттар ресімделгеннен кейін 95 мың теңгеге арзандап, нәтижесінде тұрғындарға белгіленген баға 475 мың теңгені құрады. Төле би ауылы тұрғындарының өз еріктері бойынша газға қосылған үй ауласына қажетті құрылғылар орнатуға жұмсалатын 52800 теңге қаражат осы соманың ішінде. Ал басқа ауылдарда газға қосылу бағасының ішінде бұл қаржы қосылмаған. Яғни, бұлар – есептегіш құралы – 12500 теңге, жоба – 15200 теңге, жобамен келісім – 2100 теңге, арка – 20 мың теңге, желдеткіш – 6 мың теңге. Бұл қаражатты қоспағанда 422 200 теңгені құрайды.
Мақала барысында айтылған аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаевтың мәлімдемесі қазіргі уақытта өз күшінде. Яғни, алғашқы төлемақы 100 мың теңгені төлеп, қалған соманы бір жыл ішінде бөліп төлеу қарастырылған. Сонымен қатар әлеуметтік әлсіз топтар үшін өзге де тиімді жеңілдіктер бар.
Төле би ауылы бойынша 59 көшенің 23 көшесіне газ құбыры жүргізіліп, бүгінгі таңда 23 көше бойынша 1300 абоненттің көгілдір отынға қосылу мүмкіндігі туды. Оның ішінде 280 тұрғын газға қосылып, келісімшарт жасасқан 300 абонент газға қосуға қатысты құрылыс жұмыстарын жүзеге асыратын кәсіпорын жұмысшыларының құбырға жалғап беруін күтуде. Газға бір абоненттің қосылу бағасы – 475 мың теңге. Жалпы, бұл жұмыстардың орындалуы бақылауға алынып, назардан тыс қалдырылмайтын болады.
Зият ТҰРСЫНҰЛЫ,
аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы,
жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
бөлімінің басшысы
Жамбыл облысы,
Шу ауданы