02 Ақпан, 2010

ҚАРЫМДЫЛЫҚ

1441 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
“Ердің атын елі шығарады, елдің атын ері шығарады” деген аталы сөзге жүгініп, әрбір адамға өзінің лайықты бағасын беру кім-кімнің де арына сын болса керек. Әкім бол – мейлі қара бол бәрібір. Тіпті, зия­лылықтың өзі лауазымда, қызметте емес, іс-әрекетте, адами қасиет­тердің астарында жатқан жоқ па. Оны тек танып, екшей білу ләзім. Қайраткерлік, тұлғалық та әркімнің атқарған ісі ар­қы­лы ай­қындалады емес пе? Иә, мұны айтып отыруы­мыздың да өзін­дік себебі бар. Өйт­кені, бүгін­гі әңгімеміз бойына осы зиялылық, қайраткерлік қасиеттер дарыған, Астана немесе Алматыда емес, әлем көз тіккен әйгілі Арал­да қарапайым халықпен бірге күн кешіп, осы өңірді қайта түле­туге бар қажыр-қайратын жұмсап жүрген аудан әкімі Нәжмәдин Мұсабаев туралы болмақ. Әрине, сөзіміз тұщымды болуы үшін нақты дәйектермен баяндаған жөн. Нәкеңнің өмір жолын құрғақ сөзге көлкіту қиянат болар, сірә. Қой­науы қазынаға толы Қазалы ауданы­ның кілең ақжарма көңіл шаруа адам­дары тұратын Ақсуат ауылында мынау жарық дүниеге іңгәлап келгенде-ақ, оны ауыл ағасы, әкесі Түрікбен қолына алып, аузына түкірген екен. Айналайын кең пейіл қазағымның ырымы ғой. Міне, әке ықыласы қабыл болды ма, орта мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы Қазақ хи­мия-техно­логия институтына бір­ден түсіп, инженер-құрылысшы маман­дығы бойынша бітіріп шық­ты. Зерек студенттің алғырлы­ғын аңғарған институт басшылығы оны ғылым жолына қарай тартты. 1971-1972 жылдары институтта ғылыми қыз­мет­кер болып еңбек жолын бас­та­ды (кейін, 1992 жылы Алма­ты­дағы Қазақ менеджмент, эконо­мика және болжау (КИМЭП) инс­титутын бітірді). Алайда, өзін түн ұйқысын төрт бөліп, тал бесікте тер­беткен, әлпештеп, аялап өсірген сүйікті анасы қайтыс болған соң, амалсыз туған жеріне оралуға тура келді. 1973 жылы Қазалы жылжымалы механикаландырылған колоннада құрылыс шебері, аға инженер бо­лып еңбек етіп, аудандағы көп­теген құрылыс нысандарына өз қолтаң­басын қалдырды. Білімі мен білігі мол жігерлі жас көп ұзамай қызмет баспалдағымен көтеріле берді. Әр қызметке келген сайын жан-тәні­мен беріле жұмыс істеуге тырысты. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат әрдайым тың істердің ұйытқысы да бола білді. Әсіресе, ауыл-ауылды аралаған кезде тұрғындардың өтініш-тілектеріне ден қойып, оның орындалуын қатты қадаға­лай­тын. Содан да болар, көпшілік құрметіне бөлене бастады, ісі де оңға басты. Аудандық партия коми­теті ауыл шаруашылығы, ұйым­дастыру бөлімдерінің нұсқау­шы­сы, бөлім меңгерушісі, аудан­дық партия комитетінің екінші хатшысы, халық депутаттары Қаза­лы аудандық кеңесі атқару коми­тетінің төрағасы болып өмір ағысы­мен алға жылжи берді. Ал, 1991-1995 жылдары халық депуттары Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары қыз­мет­терін атқарды. Бұл – оның 45 жасқа дейінгі еңбек жолы. Енді бір сәт ой тоқтатайықшы. Жас қыран­ның ауаны тіліп қияға қанат қағуы көз алды­ңызға елестемей ме? Қыран­­ның қанаты талмай көкке самғауын оңай деп кім айта алады. Ен­деше, өмірде де солай, биікке шығу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін тағдыр тартуы. Бұл – қаншама ұйқысыз түндер мен күлкісіз өткен күндердің, тынымсыз еңбектің, ізденістің нәтижесі. Осы жерде Нәкеңнің өзі лауазым қумай, әлгі қызметтердің оны қуып келгенін баса айтуымыз керек. Оған, біріншіден, басшы­лық­тың сенімі, екіншіден, халық­тың көңілі септігін тигізді. Қай жерде де алғысқа бөленіп жүретін өреннің “Алғыспен ер кө­герер, жауынмен жер көгерер” демекші, адал еңбегі арқасында ғана көсегесі көгеріп, елге үлгі боларлық бейнесі осылай айшықтала түсті. Жыл өткен сайын тасы өрге домалаған жігітке қызығушылар да, қызғанушылар да табылмай қалған жоқ. Қазалы ауданының әкімі кезінде дау-дамайға ұшырағаны да бар. Кәдімгі пендешіліктің салдары ғой, баяғы. Кеңес Одағы тарап, нарықтық қатынасқа көшкен жылдары республикамыздағы басқа облыстар тәжірибесін Қызылорда облысына да енгізу жайлы талап қойылды. Одақ кезінде күріштің 20 пайызын өндіретін, Қазақстанда бірден-бір күріш егетін Қызылорда облысында да инженерлік жүйеге келтіріліп, тегістелген мыңдаған гектар жер, гидротехникалық құрылыстар болды. Бұлар бірінен-бірін ажыратуға келмейтін тұтас бір жүйе болатын. Мұны түсінбеген басшылық нарық талаптарына сәйкес осылардың бәрін жекешелен­діріп, егіншілерге жер, мүлік үлестерін беру керек, егіншілікпен олардың өздері айналысатын болады деп шешті. Міне, осыған қарсы пікір айтқан адамдардың бірі еді. Ұсақ шаруашылыққа бөлгенше, қайта шаруашылықтардан ірілендірілген ұжым құрап, егіс танаптарын сақтап қалу керек деген ұстанымынан қайт­па­ды. Сол ойының дұрыс екен­дігін өмірдің өзі көрсетті. Үш жылдан кейін Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп, ауыспалы егіс танаптары бөлінуге жатпайды деген жаңа бап кіргізілді. Сол уақытта кеуде керіп, көңілі аспанда жүрген талай мықтылар бұғып қалған еді. Әруақты сыйлаған азамат, иісі қазаққа мәшһүр тарихи тұлға Әйтеке би есімін аудан орталығына алып беріп, батыр бабамыз Жанқожа батырдың есімін жаңғыртты. 1997 жылы Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары қыз­метіне келді. Тынымсыз жан мұнда да талай істерге ұйытқы болды. Қым-қуыт қала тірлігіне белсене араласып, қаланың көр­кеюіне, эко­номикалық көрсеткі­шінің өсуіне, мәдени-көпшілік шаралардың жүзеге асуына өзіндік үлесін қосты. Бір қызығы, 2000 жылы негізі­­нен ауыл шаруашылығымен айна­лысатын Жаңақорған ауданы­на әкім болып барғанында өзінің жоғарыда айтқан бағыт-тәсілі бойынша жұмыс істеді. Алғашында танапты жекеге бөліп алған майда шаруашылық­тармен жұмыс істеу қиынға соқты. Бірте-бірте олардың басын қосып, ірілендірілген шаруа қожалықтарына айналдырып, мемлекеттен ірі көлемде несие, лизингпен жаңа техника алуға қол жеткізілді. Келесі жылы-ақ, егін шаруашылығында аудан облыс бойынша үшінші орынға шықты. Ал, 2003-2004 жылдары күріш егуде екінші орынды иеленді. Басқа өндіріс орындарының қол жеткіз­ген табыстары өз алдына. Нәжмәдин Мұсабаевтың құла­шын кеңге сермеген кезеңі – 2004 жылы Арал ауданына әкім болып келген кезі. Содан бері 6 жылға жуық уақыт өтіпті. Бүгінгі күннің көзімен қарасақ, аудандағы көп­те­ген игі істерді, оң өзгерістерді бай­қар едік. Ауданда қай саланы алып қарасаң да өсу бар. Ауыл шаруа­шы­лығында болсын, өндіріс орын­дарында болсын, бюджетке кіріс­тер­де де көрсеткіштер жоғары. Соған байланысты ауданның эко­но­микалық-әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Өткен бес жарым жыл ішінде 13 орта мектеп, 24 фельдшерлік-акушерлік пункт жаңадан салынды. Өткен жылы ғана қаладан тағы да 1200 орындық мектеп-гимназия, 140 орындық балабақша, балық зауыты, вагон құрастыру зауыты пайдалануға берілді. Ұлы теңіздегі Көкарал бөгеті бітті. Енді екінші кезеңі басталмақ. Ақлақ су тоспасының құрылысы аяқталуға таяу қалды. Келешекте бұл жерден ГЭС салынбақшы. Алдағы жылдары Арал ауданы бойынша 23 инвестициялық жоба­ның 16-сы жүзеге аспақ. Олардың ішінде “Қамбаш балық” ЖШС-нің балық өнімдерін өңдеу цехы, мал сою пункті, сыйымдылығы 300 тонналық көкөніс сақтау қоймасы, “Ас Тұз-М” ЖШС-нің тұз шығару зауыты, “Фирма Дана” ЖШС-нің қиыршық құм байыту зауыты, пено­полистрол бұйымдарын шыға­ратын зауыт, “Арал құрылысы” ЖШС-нің құрылыс бұйымдарын шығаратын зауыты, Қамбаш көлі жағасындағы киіз үй отелі, жылы­жай, Сексеуіл кентіндегі кірпіш зауыты, тағы да басқа нысандар салынбақшы. Бұлардың қайсыбірі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Осылардың бәрі пайдалануға берілгенде 5 мың адам жұмыспен қамтылатын болады. Аудан орталығы – Арал қаласы күн санап ажарлана түсуде. Бүгінде қала орталығының көркем көріні­сіне көз сүйсінеді. Сорлар жабы­лып, оның үстіне түрлі нысандар салын­ды. Жазды күндері ол жер­лерде алқызыл гүлдердің шоқтай жайнап тұрғанын көресіз де, таңқаласыз. Ұлыларды ұлықтаған әкімнің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғы­сында ерлікпен қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен 6 мың боздақ­тың есімі мәрмәр тасқа жа­зыл­ған “Тағзым алаңы”, 16 Еңбек Ері мен 2 Кеңес Одағының Баты­рына ар­налған аллея, Ана ескерт­кіш-алаңы ашылса, Жетес биге, Жан­қожа батырдың серігі Бекмырза ханға, қазақтың белгілі ақыны Зейнолла Шүкіровке ескерткіш тұрғызылып, 2008 жылы Әйтеке би бастаған 11 биге, Сартай бастаған 11 батырға, Нұртуған бастаған 11 ақын-жырауға тағзым ретінде есімдері ойылып жазылған “Тәуелсіздік алаңы” ашылды. Ал, өткен жылы ғана Арал ауданының 80 жылдығына орай темір жол вокзалы алдынан балықшыларға арналып “Ақ кеме” ескерткіш-алаңы, 1200 орындық мектеп-гимназияның алдынан Әйтеке би бюсті орнатылса, салы­нып жатқан спорттық-сауықтыру кешеніне Жалаңтөс баһадүр есімі беріліп, оның алдындағы алаңға баһадүрдің ат үстіндегі ескерткіші қойылды. Сонымен бірге, “Тәуел­сіздік алаңына” жалғас­тырып “Хан шатыр” кеше­ні салынды. Онда қазақтың 20 ханының есімдері мәрмәр тасқа қашалып, Қазақстан­ның тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың аты-жөні ортасынан ойылып жазылған. Енді биылғы жыл аудан әкімінің өкімімен “Ақтан батыр жылы” деп жарияланды. Осының бәрінің жас ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген ізгі ниеттен туған шаруалар екені анық. Ал, жастардың өзіне арналып бірнеше спорт алаңдары салынып берілді. Арал ауданы келе­шегінің кемел екеніне сенген халық қазір басқа жаққа көшуді тоқтатты. “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар” демекші, керісінше, көшіп келушілер көбейді. 1999 жылғы санақ бойынша ауданда 68 мың халық болса, 2009 жылы 73 мыңға жуықтады. Әлбетте, бұл жергілікті тұрғын­дардың әл-ауқаты­ның жақ­сара түскенін көрсетеді. Орайы келгенде айта кетейік, осындай қыруар жұмыс атқарып жүрген Нәжмәдин Мұсабаев 2006 жылы республикада тәжірибе ретінде өткізілген аудан әкімдерін сайлауда Арал ауданы әкімдігіне кандидат болып қайтадан түскен еді. Үш үміткердің ішінен таңдал­ғаны Н. Мұсабаев болыпты. Оның халық алдындағы абыройы мен беделінің қандай дәрежеде екен­дігін осының өзі айғақтаса керек. Ол сол сенімді ақтап та жүр. Нәкең о бастан Арал халқымен етене араласып келеді, осы өңірдің төл перзенті іспетті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде 1993 жылы Арал проблемасына бай­ла­нысты Қызылордада өткен халық­аралық конференцияны ұйымдас­тыруға басшылық жасады. Осыдан 10 жыл бұрын қазір халық игілігін көріп отырған экологиялық коэф­фициентті енгізуде соның басы-қасында болған азаматтардың бірі. – Осы жылдарда Аралдың болашағы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, Бүкіләлемдік банктің төр­ағасы Роберт Зеллик ауданы­мызда болып, халықпен кездесіп, өмірлік маңызы бар Кіші Аралды сақтап қалудың мәселелерін шешудегі қам­қорлықтары баршаға аян. Құдай қаласа, Елбасы биыл да күзге салым келеді деп күтілуде. Сол кезде кейбір түйінді мәселелер шешіледі деп үміттеніп отырмыз. Жалпы, Аралдың болашағы зор. Айтылған сөздің бәрі біртіндеп ақиқатқа айналып келе жатыр. Сондықтан мұндағы қызмет істеген кезімді өмірімнің ең айшық­ты жылдары деп есептеймін, – деді бізбен әңгімесінде аудан әкімі. Әңгіме барысында байқағаны­мыз, Нәкең сөзге шешен, ағып тұр. Эко­но­мика, шаруашылық, менедж­мент жайын былай қойғанда, әдебиет, тарих­қа келгенде көзі жайнап, арқалана түседі... ...Жұмыстан шаршап келгенінде немерелерінің тәтті қылықтары бо­йын сергітіп, жүрегіне қуаныш ұяла­тады. Сондайда “О, құдай, осы бер­геніңе тәубе”, деп шүкіршілік етеді Нәкең. ...Әне, таң бозарып аты­сы­мен, ол тағы да жолға шықты. Айна­ла аппақ қар... Бағыты – өрісі төрт түлік малға толы малшы ауыл­дары. Мақсаты –ауыл тұрғындары алдын­да өзінің бір жылдық есебін беру. Біз де ел мүддесі үшін зыр жүгіріп, көптің құрметіне бөленіп жүрген іскер басшыға сәттілік тіледік. Шымкентбай ЖЫЛМАҒАНБЕТОВ, журналист. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы, Арал қаласы.