Аймақтар • 27 Қараша, 2017

Жаңаөзендегі жол апатынан қаза болғандар мен жараланғандарға 20 миллион теңге бөлінеді

376 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жол апатынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына 20 миллион теңгені бөлу керектігін тапсырды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі egemen.kz  тілшісіне. 

Жаңаөзендегі жол апатынан қаза болғандар мен жараланғандарға 20 миллион теңге бөлінеді

Атап айтсақ, апатта қаза болғандардың отбасыларына 1 млн.теңге, ауыр халде жатқан 9 адамға 500 мың теңге беріледі. Тағы жапа шеккен 18 адамға 300 мың теңге бөлінбек.

Сонымен бірге, бүгін аймақ басшысының төрағалығымен өткен аппараттық жиында облыстағы барлық мемлекеттік органдардың 1 күндік жалақысын жол апатында зардап шеккендердің отбасыларына аудару туралы шешім қабылданды.

Жаңаөзен қаласындағы әкімдік жанынан 15 адамнан тұратын комиссия құрылды.  Комиссия мүшелері жол апатынан көз жұмған және жараланған отбасыларға көмек көрсетумен айналыспақ. Сондай-ақ, материалдық көмек көрсету үшін қайырымдылық қоры құрылды. Комиссия мен қайырымдылық қорының жұмыс барысын облыс әкімі Ералы Тоғжанов тікелей қадағалайтын болады.

Естеріңізге сала кетейік, 25 қараша күні Жаңаөзен маңындағы Теңге елді-мекенінде тепловоз бен «Газель» көлігі соқтығысты. Апат салдарынан 36 адам зардап шекті. 9 адам қайтыс болып, 27 адам жарақат алған болатын.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы