Жиынға Қазақстан мен шет елдердің Ұлттық ғылым академиялары, ғылыми зерттеу институттары мен дипломатиялық миссия басшылары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен түркітанушы ғалымдар қатысты.
Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі алқалы жиынның Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырғанын жеткізіп, аталған бағдарламадағы ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, тарихқа бетбұрыс сынды тақырыптарды түркі әлемі үлкен қызығушылықпен қабыл алғанын атап өтті.
«2015 жылы Астанада өткен Түркі кеңесінің V саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түгел түркінің рухани мұрасын жинап, насихаттайтын ортақ жоба бастауды тапсырған болатын. «Аталар мирасы» порталы – сол бастама негізінде іске асырылған іргелі жоба. Осыдан соң Түркі елдерінің Ұлттық ғылым академиялары және әдеби институттарының басшыларымен жиналып, жобаны қалай жүзеге асыруға болатындығы турасында ақылдасқан болатынбыз. Түркітілдес халықтардың мұрасы негізінде 100 томдық кітап шығару жөнінде де ұсыныс қаралды. Алайда дәл қазіргі уақытта кітап шығару ісі, аударма жұмыстары қымбатқа түсетіні белгілі. Осы орайда Түркия тарапынан мультимедиалық қор ретінде жасау бойынша ұсыныс түсті. Сол күннен бастап Халықаралық түркі академиясы арнайы портал жасақтау жұмыстарына кірісіп кетті», деді ұйым басшысы Д.Қыдырәлі. Д.Қыдырәлінің айтуынша, порталдағы ақпараттар мектеп оқушысынан бастап университет студенттеріне, жалпы түркі әлеміне қатысты мәлімет алғысы келген кез-келген ізденушіге жеңілдік туғызады әрі түбі бір түркі жұртына ортақ мәдени мұра уикипедиясы болмақ.
Халықаралық түркі академиясының қызметкері, белгілі түркітанушы Нәпіл Базылхан мультимедиалық қордың жұмыс істеу тәртібіне қысқаша шолу жасап, таныстырып өтті. Оның айтуынша, порталда түркітілдес халықтардың, ұлыстар мен этникалық топтардың ежелгі заманнан бүгінге дейінгі рухани мұралары топтастырылған. Ғылыми еңбектердің түпнұсқалық транскрипциясы, аудармасы, фотосуреттері, факсимилесі қатар ұсынылып отыр.
«Түркі әлемінің бай мұрасының қоры ретінде жасалған портал қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілінде мәлімет таратады. Мысалы, Моңғолияның Алтайында жартастағы петроглиф саны 100 мыңнан асса, Қазақстандағы таңбалар саны 2 мың шамасында. Осы сияқты арнайы түсініктемесімен жүктелген түркі әлеміне ортақ мұраларды аталған порталдан оңай көруге болады», дейді Н.Бәзілхан.
Порталдағы деректер тақырыбына қарай түркі халықтарының жазу тарихы, ежелгі жазба мұралары, еөне түрік бітік жазулары, халық қазынасы, ортақ жазба әдебиет нұсқалары, ұлттық әдебиет үлгілері, археологиялық ескерткіштер, этнографиялық жәдігерлер және газет-журналдар атты тоғыз бөлімге жинақталған. Алдағы уақытта академия порталды ғылыми-танымдық ақпараттармен ұдайы толықтырып отырады.
Ая ӨМІРТАЙ,
Cуретті түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»