28 Қараша, 2017

Еңбек нарығын өзгерістер күтеді

910 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі күні әлем елдерінің қай-қайсысы болсын білім саласының бо­лашағына өте бір алаң көңілмен қарап отыр. Өйткені соңғы жылдары бүкіл әлемде, әсіресе жаңа технологиялармен қаруланған Батыстағы елдерде білім саласына қойылатын талаптар күрт өзгерген. 

Еңбек нарығын өзгерістер күтеді

Бұл талаптарды қойып отырған сол елдердің үкіметтері де емес, білім саласының білікті мамандары да емес, жылдан-жылға жылдам өзгеріске түсіп келе жатқан өмірдің өзі болып шықты.

Мәселен соңғы 10-15 жылдың ішінде Батыс елдерінің еңбек нарығында өндірістік жұмыстардың үлкен бөлігін машиналар мен автоматтар, роботтар атқаруға кірісті. Бұл технологиялық жа­­ңалықтар енді өнеркәсіптік өндіріс орын­дарын былай қойып, бұрын тек қана адамдардың еншісінде болып келген көптеген қызмет көрсету салаларына екпіндей еніп, үйдегі тұрмысқа дейін араласа бастады. Оның жарқын мысалы – үйдегі тұрмыстық техникалар.

Сарапшылардың пікірінше, еңбек нарығындағы осынау тосын өзгеріс-терге байланысты алдағы уақыттары мүлдем жаңа мамандық пен кәсіп түр­лері өмірге келуі мүмкін. Бірақ олар­­дың қалай аталатындығын, сол кез­дері адамдардың қандай қызметпен шұғылданатындығын әзірге білікті мамандардың өздері де анық біле бер­мейді. Тек мұндағы бір анықталған мә­селе – еңбек нарығындағы тұрақсыз­дық­тың жиі орын алатындығы. Осыған орай көптеген сарапшылар алдағы өмірімізде адамдар бір ғана дипломмен алысқа бара алмайтындығын айтып отыр. Өйткені ендігі кезекте жұмыс ауыстыру жағдайы жиі кездеседі. Тіпті бұл үдеріс қазірдің өзінде басталып кетті деп айтуға болады.

Мәселен соңғы зерттеулер бойын­ша АҚШ-та бір адам өз өмірінде орта есеппен 7-8 рет, Еуропаның дамыған елдерінде 4-5 рет, Жапонияда 3 рет жұмыс орнын өзгертетін көрінеді. Фин­ля­н­дияда өндірісте еңбек ететіндердің үштен бірі мамандығын ауыстырып үлгірген немесе басқа жұмысқа ауысқан.

Ал біздің елдегі жағдай қалай? Бұл жөнінде нақты бір деректерді кездестіре алмасақ та, еңбек нарығындағы өзгеріс­терден Қазақстан да құр алақан емес деп, кесіп айтуға болады. Айналаңызға қараңыз. Кезіндегі кеңшарлардың бас­ты тірегі болған зоотехниктер мен мал дәрігерлері, агрономдар, инженерлер, жүргізушілер мен механизаторлар қалаға көшіп келіп, такси айдап жүр немесе басқа бір кәсіппен шұғылдануда. Олардың арасында өз бизнесін ашып, өз қолы өз аузына жетіп, шалқып өмір сүріп жатқандары да аз емес.

Сөйтіп өмір бойы бір ғана кәсіппен шұғылданушылар қатары бізде де сирей түскен. Қазір жақсы жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген жастардың өмірбаянына үңілсеңіз, олардың қолында 2-3 дипломның жүргендігін байқайсыз. Бұл өзгеріс үстіндегі еңбек нарығының адамдарға қойып отырған негізгі талабы – өмір бойы іздену, өзін өзі жетілдіру, бәсекелестікке төтеп бере отырып өмір сүру дағдысы бізге де жеткендігін көрсетеді.

Осындай еңбек нарығындағы өз­геріс­терге бізде де дайындық жұмыс­та­ры жүргізілу үстінде.

Биылғы жылдан бастап елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-тех­никалық білім» жобасы енгізіледі. 2021 жылға дейінгі уақытты қамтитын бұл жоба бойынша 350 мыңға жуық адам тегін кәсіптік білім алып шығуға тиіс. Оларға білім беру мақсатында 807 колледж жұмыс істесе, оның 462-­сі – мемлекеттік. Сондай-ақ бұл кә­сіп­­тік білім беру ошақтарының 20 па­йызы ауылдық жерде орналасқан. 43 112 инженер-педагог қызметкер жұ­мыс іс­тейді. Кадрлар даярлау 183 ма­мандық және 465 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық-инновациялық дамудың басым жобаларын іске асыру үшін 10 базалық колледж айқындалған. Мұның сыртында жаңа кәсіптерді игер­гісі келетін адамдар қысқа мерзімді курс­тарға да тартылады. Кәсіптік білім беру арқылы бір адамның бірнеше мамандықты игеруіне жол ашылады.

Оқу мерзімі 1 айдан бастап 3 жыл мерзімге дейінгі уақытты қамтиды. Жо­ба жүзеге асқан жағдайда қазіргі ең­бек нарығында мамандықсыз жұмыс істеп жатқандар саны 20 пайызға дейін азайып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға дейін төмендейді.

Әрине, бұлардың барлығы әлі болатын өзгерістердің басы ғана. Аяғы қай­да апарып соғатындығын уақыт ай­қындайды. Мәселен қазіргі қаптаған жо­ғары оқу орындарының көбі күні ер­тең жойылып кетуі немесе өздерінің мәр­тебелері мен білім беру бағыттарын өз­гертуі де ғажап емес.

Бәрін де еңбек нарығының сұранысы айқындайтын сәт келе жатыр.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»